АЛҒЫС пен АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

961
0
Бөлісу:

Қазақта «Өмір-өзен!» – деген тамаша теңеу бар. Өлеңдей ұйқасып, әдемі айтылғанмен оның мағынасы сол өзеннің тұңғиғындай тереңде жатса керек. Сырттай қарағанда айнадай жарқырап, өз арнасын толтырып тұрғандай көрінгенмен, тоқтаусыз алға жылыстап аға береді. Сол өзен арнасымен адамзат атаулыға бұйырған өмір көші де өз сапарын тоқтаусыз жалғастыра беретінге ұқсап кететіні бар. Уақыт шіркін де жылдар жүгін арқалап, сол ұлы көшке ілесіп қайырылмай кете береді…

Кеше ғана тай-құлындай тебісіп, бір асықты артық ұтып алсақ бөркімізді аспанға ататын балалық шақтың қызығы артта қалып, сұрапыл соғыстан кейінгі қиындығы мол жылдардың жарасы да жазылып, уақыт өз дегенін мойындатты. Бір жапырақ нанды бөліп жеп, бірге өткізген жылдар да жырақта қалғанын енді ғана аңғарғандаймыз. Бала кезден бірге өсіп, жұбымыз жазылмаған жан досым Ақан Ақатұлы Оспанов бүгінде жетпіс жасқа толып отыр. Бүкіл саналы өмірін халқына қызмет етуге арнаған, туған елі үшін адал еңбек еткен досымызды біз мақтан тұтып, кейінгі жастарға үлгі етуге толық қақымыз бар деп нық сеніммен айта аламыз.
Ақан Ақатұлы 1949 жылы 11 қыркүйекте Алматы облысы Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылына қарасты Ақшоқы деген жайлауда дүниеге келді. Әкесі Ақат пен шешесі Зейнелхан сол кездегі орталығы «Қоңырөлең» ауылы аймағында орналасқан «Октябрь» деп аталған қой шаруашылығында шопан болып ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен. Ауыр жұмыс, қиын кезең болғанмен ата-аналары 6 ұл мен 3 қызды дүниеге әкеліп, оларды аман есен өсіріп, оқытып жеткізді. Бүгінгі күні барлығының жеке отбасылары, бала-шағалары бар, олардан немере шөбере сүйіп отыр. Ақанның әкесі Ақат 1991 жылы қайтыс болды. Ардақты анасы Зейнелхан бүгінгі күні 92 жасқа келіп, осы Ақанның қолында бақуатты өмір сүруде.
1957 жылы Қоңырөлең орта мектебінің табалдырығын алғаш аттаған 44 ұл-қыздар 1967 жылы білім ордасынан түлеп ұштық. Ақанның өмірлік белсенділігі мен ұйымдастыру, көшбасшылық қабілеті бала кезінен байқалған-ды. Мектепте өтетін түрлі көпшілік шараларды ұйымдастыруда алдына жан салмайтын. 1977 жылы Қоңырөлең мектебінің тарихында бірінші болып 10 жылдық, 2017 жылы мектепті бітірген түлектердің 50 жылдығы кең көлемде есте қалатындай атап өтуге мұрындық болды. Бірге оқыған түлектердің ішінде елге елеулі қызмет еткен азаматтар аз болған жоқ. Солардың қатарында ғылым докторы, академик Жазылбеков Нұрғалым, ауданда басшы қызметтерде болған Бейсеғұлов Нұрқапыз, білікті дәрігер – Ерасылова Айманкүл, ұзақ жылдар жастарға саналы тәрбие, сапалы білім берген ұстаздар – Тулақбаева Бақытқан, Шоқпарова Розаны атауға болады.
Ақан Оспанов 1968 жылы әскер қатарына шақырылып, 1970 жылға дейін Мурманск облысында Солтүстік әскери флотта Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Әскерден соң еліміздегі ең байырғы жоғары оқу орындарының бірі – Алматыдағы ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, 1975 жылы оны ойдағыдай бітіріп, ғалым агроном-экономист деген ма­мандық алып шықты. Институт қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 5 жыл оқу тобының старостасы болды. Студенттік шақ ешқашан ұмытылмайды, Ақан институтта бірге оқыған достарының көбімен осы күнге дейін қарым-қатынас жасап тұрады. Институтта бірге оқыған достары А.Адамов көп жылдар аудан әкімі, М.Батырбаев, О.Бекенов, К.Әлімбаев, А.Жұматов, А.Өтеев, Б.Бекайдаров облыстағы түрлі ірі мекемелерді басқарды.
Ақан Ақатұлы 1975 жылы институтты бітірген соң сол кездегі аудандық ауылшаруашылығы басқармасының шақыруымен жалақы және еңбек жөніндегі экономист лауазымынан бастап, кейін аудандық басқару органдарында әр түрлі жауапты қызметте 36 жыл, яғни, 2013 жылдың наурыз айына дейін зейнеткерлікке шыққанша тұрақты қызмет атқарды. Кеңес заманында ауылшаруашылығы бөлімін басқарып, сол кездегі аты елге танымал Н.Головацкий, И.Қожахметов, И.Белалов, А.Сауранбаев, аудан басшылары С.Беспаев, Ә.Ыбраймолдаев, А.Тұрғанбеков сияқты тұлғалармен қызметтес болып, туып өскен ауданының ауылшаруашылығы саласын дамытуға өзінің қомақты үлесін қосты.
Сөзіміз нақты болу үшін мына бір нәтижелерді айта кеткеніміз артық болмас.Аудан өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында мемлекетке 35 мың тоннадан астам ет, оның ішінде 20 мың тоннадан астам үйрек етін өндірсе, жүгерінің таза дәнінің көлемі 220-230 мың тоннаға дейін жеткізген болатын. Қой бордақылау алаңдарында 10 мыңнан бастап 30 мыңға дейін тоқтылар бордақыға қойылса, мың бастан үш мың басқа дейін ірі қара әр шаруашылықта бордақыланатын. Сол сияқты ауыл шаруашылығының өзге де салалары бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болды. Бұл қажырлы еңбекті қажет ететін өте жоғары көрсеткіш, оған техника мен технология дамыған, бүгінгі айтулы жаһандану заманында да қол жеткізе алмай отырғанымызды ашық айтуымыз керек. Осының бәрі аудан тұрғындары мен Ақан сияқты білікті мамандардың еңбегінің арқасында болған ірі жетістіктер екенін мақтанышпен айтуға болады.
Тағы бір айта кететін жағдай, Оспанов Ақан 1984 жылдан ұйымдастыру және кадр бөлімін басқарып, ауданның қазіргі заманға сай кадр мәселесін қалыптастыруға өз үлесін қосты. Бүгінгі күні ауданда үлкен қызметте жүрген бірқатар лауазымды, абыройлы азаматтар сол кезде қызметтерін бастап, Ақаннан тәлім-тәрбие алған-ды. Олардың ішінде бұрынғы Мәжіліс депутаттары, аудан әкімі Ермек Келемсейіт, Ш.Хахазов, аудандағы ең үлкен мекеменің бірін басқарып отырған Т. Керімқұлов, АВТ-ның басшысы Б. Құсайынов, Сол сияқты ірі шаруашылықтарға жетекшілік етіп жүрген Амантай Раев, Алман Оспанов, марқұм Кузатбеков Бақытбек Құзатбеков, аудандық Әділет басқармасының басшысы М.Сағымбеков, қазіргі ауыл әкімдері Тайыржан Асматулаев, Мұрат Сейсенбеков, Бақыт Нұрелов, Ермек Нұрахметов сияқты көптеген білікті мамандар Ақанның тәрбиесін көріп, одан үлгі алды.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдар біздің тарихымызда ең ауыр кезең болғаны белгілі. Бұрынғы одақ бойынша қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, халықтың тұрмыстық жағдайы тым төмендеп кетті. Сол кезде Ақан Ақатұлы аудан әкімі Ә. Ыбраймолдаевпен бірге әр түрлі бөлім басшысы қызметтерін атқарып, 1992-1994 жылдары «Көмек» бюросын құрып, жекешелендіру мәселелерімен айналысып, ауданда алғашқы кәсіпкерлердің пайда болуына, оларға тиісті құжаттар жасап, тіркеуден өткізіп, ауданда сол жаңадан құрыла бастаған шағын және орта кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының болашағына жол ашып, олардың дамуына тікелей ықпал етті. 1997 жылы аудан әкімі Ә.Ыбраймолдаевтың ұсынысы бойынша аудан әкімінің экономика жөніндегі орынбасары болып, ол қызметте 2001 жылға дейін табысты атқарды.
Ауданда 1997-1998 жылдары алып сату бизнесі бәсеңдей бастады. Сол кезде халық қолында бар капиталын бизнес нүктелерін ашуға жұмсай бастады. Сол кезде Жаркент қаласы мен басқа елді мекендерде жаппай мейрамханалар, кафелер, қонақ үйлер, жағар-жанармай станциялары, ТЖО тағы басқа жеке кәсіп нысандары салына бастады. Ауданда үлкен крахмал-сірне зауыты, қап шығаратын, асфальт-бетон шығаратын карьерлер, басқа да кәсіпорындар бой көтерді. Осы тұста ауданда Қорғас халықаралық сауда ынтымақтастық ұжымы құрылып, Қытайға газ тартылып, теміржол салынып, Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы салынып, ауданның экономикасының өсуіне ықпал еті. Бұл іс әрине Қазақстан Республикасының Үкіметінің басшы­лығымен жоспарланса да, нақты іске асыруға аудан тұрғындары, аудан басшылары, онда отырған әр түрлі саладағы жауапты қызметкерлер мен мамандар атсалысты. Сол қайнаған шаруалардың белортасында өз үлесін қосып, ауданның экономикасы мен бюджетіне жауапты Оспанов Ақан да жүрді. Тәуелсіздік жылдары ауданда жаңадан тек 2013 жылға дейін 5 жаңа мектеп салынып, көптеген қоғамдық ғимараттардың жылу жүйесі жөндеуден өтіп, күрделі құрылыстар жүргізілді. Қаншама жолдарға асфальт төселіп, ауылдардың су жүйелері салынды. Бұның бәрі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жан жақты негізделіп дәлелденген іс жоспарлары арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осы іске Ақан Ақатұлы жауапты болып жүрді.
2013 жылдың наурыз айында Оспанов Ақан зейнеткерлікке шықты. Бірақ, зейнетке шықтым деп қарап қалған жоқ. Оның білімі мен тәжірибесін жоғары бағлаған аудан әкімдігі мен Қоғамдық кеңес мүшелері аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы етіп сайлады. Сөйтіп Ақан Ақатұлы халқына қызмет етуді осы күнге дейін жалғастырып келеді. Қолға алған істі жауапкершілікпен атқаратын Ақан биыл 2019 жылы екінші сайлауда осы қызметке қайтадан сайланды. Бүгінгі күні аудандық кеңестің 17 мүшесі бар. Қоғамдық кеңестің отырыстарында ауданда қордаланып қалған мәселелер көтеріліп, олардың шешімі табылып жатады. Тұрғындар қамын қарастыруды бірінші кезекке қойған бұл қоғамдық ұйымның беделі жоғары, әр түрлі мәселелер мен аудан әкімінің, оның орынбасарларының, қала және ауыл әкімдерінің, бөлім, мекеме басшыларының есебі тыңдалып, құқықтық мәселелермен бюджет жоспарларының бекуіне өз оң ұсыныстарын беріп отырады. Қоғамдық кеңес билік пен халықтың арасындағы көпір, дәнекерші десе де болады. Тұрғындар өз талап-тілектерін осы қоғамдық ұйым арқылы әкімдікке жеткізіп, шешімін тауып тұрады.
Ақан Ақатұлы 1973 жылы Саудабаева Зәмзәмен отбасын құрып, үш қыз бір ұл көрді. Балаларының төртеуі де жоғарғы білім алған. Үлкен қызы Гүлжанат банк саласында көп жыл еңбек етіп, қазір мекемеде бас есепші. Екінші қызы Қарлығаш Халық шаруашылығы институтын бітірген, кәсіпкер. Кенже қызы Қаламқас Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін қытай тілі мамандығын бітіріп, кейін Қытайдың Далян қаласында 5 жыл оқып, сауда саласы бойынша магистратураны тәмәмдап, қазір мамандығымен Алматыдағы ірі компанияда қызмет етеді. Ұлы Қанат әскери шекара институтын бітіріп, сол салада біраз жыл қызмет етті. Қазір азаматық саладағы жұмысқа ауысты. Ақан мен Зәмзәгүл 4 ұрпағынан бүгінгі күнде 10 немере сүйіп отыр. Тұңғыш немересі Айгүл Асфендияров атындағы медицина академиясында оқиды.
Ақан Ақатұлының көп жылғы жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ең бастысы – өзі туып өскен аудан тұрғындарының алғысына бөленді. Бұл ол үшін ең жоғарғы награда! Үкімет тарапынан 1982 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2010 жылы «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталып, 2012 жылы «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Өткен күнге өкпе жоқ, бүгінде отбасымен араласып, сыйласып, қиындықта қол ұшын беретін, қуанышын бірге бөлісетін көп достары, туған жерін түлетуді ортақ мүдде еткен аудан халқы бар. Бұл да көңілге үлкен медет.
Міне, еңселі 70 жасқа да келіп қалдық. Асыл жарың Зәмзәгүл екеуің қыздарыңды қияға, ұлыңды ұяға қондырып, тәтті де сүйкімді немерелер тәрбиелеп отырсындар. Сен тек немерелеріңнің атасы ғана емес, ел ағасы, алғыс пен абырой арқалаған ауданымыздың құрметті азаматысың. Панфилов ауданына сенің сіңірген еңбегің мол.Қажырлы қызметіңнің арқасында еліңнің шынайы ықыласына бөлендің. Ақан досымыздың жылдар жүгін ауырсынбай, өз мол тәжірибесі мен біліктілігін пайдаланып еліне әлі де қызмет етіп, өмірлік жары Зәмзәгүл екеуі бала-шаға, немерелерінің қызығын көріп Алланың берген жасын жасап, ортамызда аман-есен жүре берулеріңе шын жүректен тілектестігімізді білдіреміз.

Әсет МЫРЗА

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

16 − тоғыз =