Ол кезде күн жарық еді…

934
0
Бөлісу:

 

Жұматай Жақыпбаев туралы жаңа кітаптан

Зайда Елғондинова,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Жұмекеңнің арманы…

Жұмекең бір қызық адам еді. Қазір ойласам, бастан кешкен тамаша сәттер аз болмапты. Орындалмаған жалғыз арманым бар екен. Қызық! Арманым сол Жұматай да, мен де, әттең, ақын болмағанымызда ғой! Бақытты ғұмыр кешетін едік. Өміріміздің көп бөлігін өлең жазып, кітап оқуға жұмсадық.
«Ақын деген тәңірлік жаратылыс», – дейтін Жұмекең. Мен соған сенетінмін. Кейін түсіндім ғой, ақындардың да ақыны бар екенін! Біз көп нәрседен бас тарттық!
Ешкімнің алдына барып ешнәрсе сұрамадық. Барымызды қанағат еттік. Ақын адам бай болмауға тиіс деп ойладық. Бірақ, біз бақытты ғұмыр кештік. Жұмекең, әсіресе, көктемде үй көрмейтін! Қалай көктем шықса болғаны, кішкентай ойын баласы сияқты томпаңдап қыдырып кететін. Мен іштей «иә, көктемгі гастроль басталды», – деп ойлайтынмын. Ол кезде Жұмекеңді қолыңа шам алып іздесеңде таппайтынсың. Мен енді кітап оқуға, өлең жазуға кірісетінмін.
Сондай бір көктемгі «гастрольден» келген Жұмекең ұзақ ұйқыға кетті. Күн-түнімен ұйықтады. Сосын түк болмағандай жайраңдап тамағын ішіп, домбырасын шертіп күнделікті өміріне кірісті. Мен үндемедім. «Қайда бардың, қайдан келдің?» – деп сұрамадым.
Арада күндер өтті. «Зәке, саған әңгіме жазатын күшті тақырып бар» – деді ол бір күні.
Бұл біздің тұрмыс құрған алғашқы жылдарымыз еді. Бір-бірімізді әлі де жете танымаған кезіміз. «Мен ауылға барып қайттым, ескі базға. Жылда көктемде біздің ауылға сығандар келеді. Сонда баяғыдан иесіз тұратын сиыр қора, иесіз қалған үйлер бар. Ауылдан жырақ орналасқан. Жыл сайын соларға барып, ән тыңдап, көктемнің айлы түндерінде далада маздатып от жағып, сол отты айнала билеп, ән салатын сығандармен бірге болып қайтамын! Олар менің туысқандарым тәрізді. Кейде соларға ілесіп кеткім келетін. Онда мені бір қыз күтетін. Сондай сұлу, сондай текті, өзі керемет ән салады. Сол қызбен қоштасып келдім», – деді. «Иә, оны маған неге айтып отырсың?» – дедім. «Сен сол сыған қызы туралы жазшы, Зайдашка!» – деді.
«Пай-пай, не деп жазамын?! Сен де сол өткен ғасырларда сығандар туралы романтикалық сарында жазылған әңгіме-повестердің кейіпкері болсам деп армандап жүргеннен саусың ба?!» – дедім.
Ол үндемей қалды. Сәлден соң есіктің алдына шықты. Өкпелеп қалмасын деп соңынан мен де шықтым. «Зәке, мен елімді, жерімді, халқымды сүйе­мін. Бірақ, әлемнің көк­жиегін кесіп өтіп, таңмен таласа тұратын сығандардың өмірі маған өте ұнайды. Кейде соларға ілесіп әлемді араласам деп армандаймын», – деді ол. «Ее, Жұмеке, сізге еркіндік жетпей жүр ғой, сірә! Жаңағы сыған қызы туралы әңгіменің аяғын қашан айтасыз?» – дедім. «Зәке, кейін айтам, кейін», – деп ол үйге кіріп кетті.
Мен оны енді мазаламадым. Далада ай жап-жарық еді. Жұлдыздар төгіліп кетердей жыпырлап тұр. Менің енді сол ғажайып сыған қызын көргім келді…

Отбасылық әңгіме…

Естелік жазуға отырғанда мен әрқашан жымиып, күлемін. Арада қаншама жылдар өткенде біздің өткен өмірімізге мүлде басқа көзқараспен қараймын. Біз бір кішкентай томпақ балалар сияқты едік. Қызымыз Айкүн анда-санда Майра әкпемнің үйінен келгенде, бізге үлкен кісілерше ақыл айтатын. «Зайдашка, Жұматашка, сіздер көп жұмыс істеп, үлкен үй алыңдар. Мен келген сайын біз Майрашка мамам екеуміз үйлеріңді таппай қаламыз» – дейтін.
Қызымыз кішкентай ғой, біздің пәтерден пәтерге көшіп жүретінімізді қайдан білсін. Серік жездем көлігімен алып келмесе, әкпем мен қызым, әрине, үлкен қаладан адасып кетеді ғой. Айкүн келді деп Жұмекең өзінің ең жақын достарын, құрдастарын шақыратын. Олар таңға әңгіме-дүкен құрып отыратын. Көбінесе, отбасылық әңгімелер айтылатын. Біздің кішкентай Айкүн де папасының домбырасын алып: «Менің атым Әкөлек», – деп әндете жөнелетін.


«Пай-пай! Менің Әкөлегім қандай әнші!», – деп Жұмекең де бір көтеріліп қалатын.
Сосын, Жұмекең кішкентай Айкүнге сәбилерге арналған қоспа сүт пен емізік аламын деп дәріханаға барып, достары кездесіп қалып, той-тойлап кеткенін айтатын. «Талдықорғанда, 5-ші мөлтекауданда Зайдашканың бөлесі Нұрсипа әкпеміздің кең сарайдай 3-бөлмелі үйінде тұратынбыз. Іші толған жиһаз. Жаңа туған сәбиімізге құтты болсын айтып, қаланың таныс қыз-келіншектері келетін. Олардың кім екенін қайдан білсін, біздің Зайдашка ұят болмасын деп келістіріп дастарқан жасайтын. Аяғы жерге тимей жүгіріп, қолы-қолына жұқпай, шыны-аяғын бірде-бір сылдыратпай қонақ күтетін. Сондай бір сәтте Қарлығаш пен Ақбаян деген екі подругасы келе қалды. Екеуі де менің ең жақын достарым Айдархан мен Сейіттің жұбайлары еді. Қыздар шүйіркелесіп кеткен соң, мен көшеге шығып сейілдеп қайтпақ болдым.
– Әкөлектің сүті таусылып қалды, жолдан ала салшы, – деп біздің Зайдашка өтініш білдірді.
Бірден орталықтағы дәрі­ханаға кіріп, қызымның сүтін алып шығып келе жатсам, ақын Әбен Дәуренбеков пен журналист Тоқтасын Сүгірбеков кездесе кетті. Содан «ресторандатып» кеттік. Оң қолыммен қызыма алған сүтімді ұстап, сол қолыммен тамақ жеп отырған маған қарап Әбекең мен Тоқтасын ішек-сілесі қатып күліп жатыр.
– Әп бәлем, Айкүн батыр сені әбден бағындырып тастапты ғой, – деп.
Содан мейрамханадан түн ортасында шықтық. Ол кездері Талдықорған қаласында түнде такси жүрмейтін. Тоқтасын мен Әбекең оң қолымды шошайтып, екі қолтығымнан ұстап, үйге жақындатып тастады.
– Әй, Жұматай, Әкөлектің сүтін төкпей апар. Осы мөлтек ауданда ой-шұқыр көп, – деді де, Әбекең Тоқтасынды жетелеп жөндеріне кетті.
Айнала тас қараңғы. Салынып жатқан жаңа құрылыс. Байқамай бір қазан шұңқырға абырой болғанда аяғыммен дік ете түстім. Енді таңның атуын күткеннен басқа амал жоқ еді. Сөйтіп, жарға жабысып тұрып қалғып кетіппін. Әлдебір дабыр-дұбырдан көзімді ашып алсам, алдым көлкіген су. Құдай сақтап, құрылысшылар шығарып алды.

З. Елғондинова

– Мына траншеядан мені қалай көрдіңдер? – десем, құрылысшы жігіттер күледі.
– Аға, ең алдымен шұқырдан шығып тұрған қолды көріп шошып кеттік. Не де болса біреу байқамай түсіп кеткен ғой деп жақындасақ, бір қолымен жарға жабысып ұйықтап тұрған сізді көрдік, – деді.
Мен мән-жәйді түсіндірдім. Жігіттер де мәз болды. Сөйтіп, мәре-сәре болып, жігіттерді қонаққа ертіп келдім үйге. Келсем Әкөлегім өзіме тартқан көзі мөлдіреп, бетіме қарап езу тартты», – деп Жұмекең мәз болып әңгімесін аяқтайтын. Өзіне тартқан кішкентай Айкүнінің әрбір қылығын достарына жыр ғып айтудан әсте шаршамайтын.
Жұмекеңнің бұл қылығы 12-көшелі Талдықорған қаласына жыр боп кетті. Әбе­кеңнің сұлу жары Қайын­жамал үйлеріне қонаққа барғанда «сол оң қол туралы әңгімелеріңді тағы да айтыңдаршы», – деп қолқа салатын.
Содан, ақын Жұматай Жақыпбаев пен ақын Әбен Дәуренбековтің балалары туралы жыр-дастандары басталатын. Қоңыр домбыраның күмбіріне қосылып Жұмекең Айкүн туралы термелетсе, бір айтары бар Әбекең ара-арасында әу деп қойып Гүлзадасы туралы тақпақтай жөнелетін. Әбекең біздің Қайжа деп келіншегі Қайынжамалды мақтап-мақтап алып:
– Ал, енді сен Зәйдәшті мақта, Жұматай, – дейтін.
– Біздің Зайдашканы көп мақтауға болмайды. Ол мақтанып кетеді. Бала сияқты адам ғой. Зайдашканы мен тек үйде, оңашада «Ақтентегім» деп мақтап қоямын, Әбеке! – дейтін.
– Қуын қарай гөр өзінің, – деп Әбекең қарқ-қарқ күлетін.

Жол…

1989 жыл. Оңғақ күндей өмір өзгере бастады. Тамтығы ғана қалған Кеңес үкіметі ыңыранып әрең-әрең тыныстап жатты. Бір үлкен өзгерістің келе жатқанын жүрегіміз сезетін. Дүкендерде азық-түліктің кезегіне тұрған қаптаған халық. Әсіресе, ет, сары май дегендер қат еді. Ол кездері мен «Қазақстан» телеарнасының «Алатау» филиалында қызмет істейтінмін. Үй алып, мен қызметке тұрып, кітаптарымыз шығып, тұрмысымыз жөнделіп қалған. Жұмекең көңілді. Менің бастықтарым Еңілікхан Сафанович (өзі осылай деп атағанымызды жақсы көретін) және Айтан Нүсіпхан Жұмекеңнің достары еді. Әсіресе, Еңілікханаға «Жұматайдың қалы қалай?! Үйіңе бар, Заида. Міне, саған 140-сом қаламақы (гонорар) қойдым. Қыдырыңдар! Қызметте мінетін көлігіңді мініп кет. Жүкеңе керек болар», –деп мені жұмыстан үйге ерте жіберетін. Сол 1989-жылдың көктемінде біз қызмет істейтін «Қазақстан» телеарнасында үлкен ауыс-түйіс болды. Жүзде­ген адам қысқартуға ілінді. Жұмекең қатты уайымдап қалды.
– Жұмеке, уайымдамаңыз.Алла бұйыртса, бәрі де оңынан шешіледі, дедім.
– Зайдашка, қазір мамыр айы ма?! – деді ол.
– Иә, – дедім мен.
– Кеттік, – деді ол.
– Қайда?! – дедім мен.
– Ауылға. Базға барайық.Мүмкін сығандар келген шығар, – деді ол.
Мен ойланып қалдым.
– Жұмыстан шақырып қалса қайтемін?! – дедім.
– Зәке, уайымдама.Бір апта мен демалайын. Өлең жаза алмай қалдым, – деді.
Сөйтіп, біз жолға шықтық.

Сағыныш…

Қазір іңір қараңғылығы қоюланды. Терезеден сыртқа қарап отырмын. Терезеден түскен көше шамдарының жарығы бөлмені жап-жарық қып тұр. Сыбызғы тыңдап отырмын. Жарық жаққым келмеді. Жүрегімді сағыныш кернеді. Бұдан отыз жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Біз ескі базға күн бата келдік. Ескі баздың күзетшісі апа мен ата Жұматайды таниды екен. Бізді құшақ жая қарсы алды.
– Ат жаратуға келдің бе, балам?! – деді ата.
– Жоқ, ата, қаладан әбден шаршадым. Келініңіздің де қазір қолы бос. Тауға шығып, ет жеп, қымыз ішіп, таза ауада демалуға келдік, – деді Жұмекең.
– Келін қызғаншақ емес пе, қалқам?! Жұматай айналайын, сенің сығандарың жылда келеді осында. Сен келмей кеттің… – деді апа.
– Келініңіз ақын ғой, апа. Мені жақсы түсінеді, – деді Жұмекең.
– Апай, біз Алматыға көшіп кеткелі де біраз уақыт өтті. Қолымыз тимеді, – дедім.
Менің бетіме таңданысын жасыра алмай, аңтарыла қараған ата мен апаның енді ғана жүзі жылынды.
Қуырдақ жеп, қымыз ішіп, таза ауада тыныстаған Жұме­кеңнің ажары кірді. Далада самауыр қойып, шай қайнатып жүрген апа:
– Жұматай балам, сенің сығандарың ана төбенің басында маздатып от жағып жатыр! – деп айғай салды.
Жұмекең менің бетіме жалт қарады. Мен күліп жібердім.
– Еңкейші бері, – дедім.
– Сен бақытты болсаң болды, Жұмеке! Сығандарыңа өзің барып қайт,– дедім.
– Ал, сен ше?! – деді ол екі көзі жасаурап. Мен жымидым.
Ол баяғыдай:
– Рахмет, қарындасым, – деп, ақырын ғана маңдайымнан сүйіп, далаға шығып кетті. Мен оның көзінен бір тамшы жас көрдім. Дастархан жиналған соң, жолдан шаршап келген мен, апаның құс жастығына басым тиісімен қалғып кеттім. Түсімде сол лаулатып от жағып, отты айналып билеп жүрген сығанның сұлу қыздарын көрдім. Көкжиекті бетке алған сыған көшін көрдім. Солардың соңынан кетіп бара жатқан Жұматайды көрдім.
– Жұмеке, тоқта,тоқта! – деп соңынан жүгірген маған ол бұрылып та қараған жоқ.
Түсімде егіліп жылап ояндым. Қарасам, Жұмекеңнің төсегі бос жатыр екен…

Мәңгіліктің көктемі…

Ертеңіне кешке жақын келген Жұмекеңнің көзінен терең мұң көрдім. Қасында мен танымайтын біраз адамдар бар.
– Ал кеттік, Зәке, тау-тасты аралаймыз, – деді ол.
– Қызық екен, қайда барамыз?!– деген менің сауалыма ол ойланып барып жауап берді.
– Мәңгіліктің көктеміне барамыз, Зәке!
Мен енді үндемедім. Соңғы кездері оның өлең жаза алмай қиналып жүргенін байқағанмын. Өлең жазса, жыртып тастап жүретін. Көптеген достары теріс айналып, көшеде көрсе көрмегенсіп өте шығатын. Ол байқамауға тырысатын. Мұның бәрін көрсем де көрмегенсіп, сезсем де сезбегенсіп жүрдім. Қолынан испанның ұлы ақыны Хуан Рамон Хименестің кітабы түспейтін. Көп сөйлемейтін. «Молодые поэты защищались, нападая, а выйдя в большуюлитературу, с благодарностью, но покидали наставника.Постепенно вокруг Хименеса возникала пустота», – деп жазған Хименестің өмірін зерттеушілер.
Дәл сол кезде ақын Жұматай Жақыпбаев та осы күйді бастанкешкен сыңайлы. «Мир Хименеса – это мир, где «сталкивается звезда со слезой», – деп жазады ұлы ақынның өмірбаянында зерттеушілері. Ғажап ұқсастық! Хименестің жасыл мұқабалы таңдамалы жыр кітабының мұқабасы жыртылғанша қолынан тастамаған Жұмекең, кім біледі, испан ақынынан өз тағдырын іздеді ме екен?!
«Человек не выявляет себя в истории, он пробивается сквозьнее», – деп жазады үн­дінің ұлы ақыны Тагор. Қазақтың ғажайып ақыны Жұматай Жақыпбаевты өз шығармашылығы ерте есейтті.
Ол өмір бойы көп оқыды, бірақ, аз жазды. Жаңа жазған жырларын төрдің алдына ша­шып тастап, бірнеше күн шетінен оқып, ұнамағанын жыртып отыратын. Ал испан­ның және бір ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лорканың тағдырынан өзін көретін. Сонау 1970-ші жылдардың ортасында Лоркаға бір топтама жыр арнауы да Жұматайдың сол кезде ешкім түсінбеген болмысымен талантының ашылмауынан деп ойлаймын.
«Могила возвеличивает. Неперечислить всех писателей, кто, очутившись в могиле, вырос в глазах общества», – деп жазды Польшаның ұлы жазушысы, Еуропаның әдебиет зерттеушісі Ян Парандовский. «Алхимия слова» деген Ян Парандовскийдің кітабы да Жұмекеңнің қолынан түспейтін. Және Жұматай тарихи кітаптарды да көп оқитын. Рабиндранат Тагордың «Адам өзін тарихта көрсете алмайды, ол оны жарып шығады», – деп айтуында зор мағына,терең шындық жатыр. Ұлы ақындар да тарихты жарып шығады.
Жұматайдың өмірінде тылсыммен жұмбақ көп болды.Кейде ол өзін өзі түсінбейтін. Сондықтан да, ол өз өміріндегі жан мен тәннің арпалысынан шаршады. Ақылмен сананы, өмірге деген құмарлық пен құштарлық жеңе берді. Жігіт емес пе, іңкәрлік сезімі де оны көп мазалайтын. Мұның барлығын жеме-жемге келгенде, ақынның ғажайып таланты жеңіп кететін. Ол өзі үшін күреспеді. Ол бәрін де түсінді.Тірлігіндегі күресі жеңіліспен аяқталатынын ерте сезінді. Серілік құрып, сергелдең ғұмыр кешуінде үлкен мағына жатты. Ол бәрін ерте айтып, ерте жазып қойды. Енді айтатын ешнәрсе қалмады. Ғашық болғысы келді, бола алмады. Сығандармен кеткісі келді, кете алмады…
Жұматайды өзі өмір сүрген ортасы, қоғамы қанағаттандыра алмады. Соңғы жылдары ол ұйқылы-ояу күн кешті. Ол ақындық тоқырауды бастан кешті. Бұл тақырыпта біз Жұмекеңе кеуміз сирек те болса әңгімелесіп тұратынбыз.
Арада қаншама жылдар өткенде мен осы тақырыпты терең қозғауды жөн көрдім. Әрине, өзім үшін. Өзімді-өзім түсіну үшін. Мен әу бастан күнде бір қылық шығаратын Жұмекеңді зерттей бастадым. Отбасында түсіністік болсын деген мақсатпен. Кейін ол менің кейіпкеріме айналып кетті. Өмір бойы маған «Жұмекеңді қыздардан қызғанбадыңыз ба?!» – деген таптаурын сұрақ қойылды. Адамдар қызық! Олар кейде менің де адам екенімді ұмытып кететін, менің Жұмекең туралы жазған кітабымды оқып алып, Жұматай тірі болса «біріншіден, бұл кітаптың объектісі мықты, екіншіден кітапты жазған адам одан да мықты», – деп мұртынан күлер еді.
Ақындық мұңы мен тылсымы терең жұмбақ тағдыр бізді көктемгі селдей ағызып бара жатты. Кім қайда барады,кім қайда қалады?! – деген сұрақ мені жиі мазалайтын!Біздің қоңыр үйімізде қоңырқай тұрмыс кешкен екі тағдыр, екі ғұмыр «сталкивается звезда со слезой»,– деп ағысқа қарсы жүзіп арпалысып жатты.
Біз көлікке отырып, бұлт жамылған биік тауларды бетке алып жолға шықтық. Біз мәң­гіліктің көктеміне кетіп бара жаттық. Бірақ оны Жұматай да, мен де ол кезде білген жоқпыз.

Француз сорпасы…

Біз онда Талдықорған қала­сында тұратынбыз. Жұме­кең облыстық радиода қызмет істейтін. Орыс редакциясына орналасып, орысша мақала, очерк,тіпті, өлең жазып жүрген кезі еді. Жаспыз. Облыстық «Октябрь Туы» газетінің редакциясында шығармашылық бас қосулар жиі болып тұратын.
Бірде редакциямызға Алматыдан ақынӘбділда Тәжібаев пен жазушы Әзілхан Нұршайықов келді. Керемет кездесу болды. Ақындар жыр оқып мәре-сәре болып қалдық. Кездесудің әсерімен біз Жұмекең екеуміз үйге келіп әдебиет туралы, поэзия туралы әңгімеге кірісіп кеттік. Әңгіме кімнің қанша кітап оқығаны туралы болды.
– Зайдашка, сен қанша кітап оқыдың?! – деді Жұмекең.
– Алты мың кітап оқыдым.
– Мәссаған! Сен оқыған кітабыңды санап жазып жүрдің бе?! – деп ол таң қалды.
– О,не дегенің! Ауылдағы кітапхананың кітабын оқып тауыстым мектеп бітіргенше.
Бірде кітапханашы апай: «Заида қызым,біздің кітапханада Алты мың кітап бар еді.Соның бәрін оқып бітірдің. Енді жаңа кітап келгенше күтесің»,– деді.
– Менен де көп кітап оқыпсың ғой, – деп Жұмекең шынымен таң қалды.
– Зайдашка, менен қандай да бір тілегің болса сұра, – деді ол көңілденіп.
– Өзің білесің, Лев Толстой атамыздың керемет бір «кемшілігі» болған. Бірақ, сол «кемшілік» Лев Николаевичке шығармашылықта қаншама көмектесті. Ақырында сексен екі жастағы жазушының үйінен кетуіне себепші болды. Сүйіп қосылған әйелі Софья Андреевнаның өмірі қызғанышпен өтті. Жазушы әйеліне өзінің күнделігін оқуға берді. Күнделікте Лев Николаевичтің бүкіл көңілі жақын қыздарының аты жазылған екен. Содан қырық сегіз жыл бірге тұрған әйелі Софья Андреевна он үш бала туса да, жарына салқын боп, қызғанышпен өткен ғой.
– Иә, сонымен не айтпақсың, Зәке?! – деді Жұмекең күліп.
– Айтпағым,Жұмаш,сен өзіңнің өткеніңді айтпашы,– дедім.
– Мәссаған, соны айту үшін Толстой атаңның өмір-тарихын айтып, «емтихан» тапсыру керек болды ма?! – деп Жұмекең ішек-сілесі қатып күлді.
– Зайдашка,мен саған француз сорпасын жасап берейін, – деп пияз, қытай сарымсағы, қара бұрыш, аздаған капуста ма, картошка ма қосылған қара суға сорпа әзірледі. Бір ұрттап дәмін көргеннен-ақ удай ащы сорпа өзегімді өртеп кетті. Енді екеуміз мәз болып, күліп-күліп ұйықтауға жаттық.
– Сорпаға не жетпегенін білесің бе?! – деді ол ертесіне ұйқыдан тұрғанымызда.
– Айта көрме…– деп мен далаға атып шықтым.
– Тауық етін қосуға болады екен, мен ұмытып кетіппін, – деп ол тағы да мұртынан күлді.
– Әй, пәле-ай, менен «өш» алғың келген ғой, – деп мен де күліп жібердім. Біздің үйімізді тағы да көңілділік жайлады…

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он алты − 11 =