«Бізді надан деп ойлайсыздар ма?»: Абаев Жаңаөзендегі митинг туралы пікір білдірді

1722
1
Бөлісу:

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жаңаөзенде және басқа қалаларда өткен Қытай зауыттарына қарсы наразылық акциялары туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды sputniknews.kz.

«Ағайындар, елге қызмет етіп отырған азаматтардың бәрі надан деп ойлайсыздар ма? Біз де қазақ деген ұлы ұлттың ұрпағымыз. Ата-бабамыздың сүйегі жатқан жерді шетелге сату деген сөздің өзі ақылға қонбайды. Жер ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қала береді. Айғайлап, өсек тарату патриоттық емес», – деді ақпарат министрі Хабар арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, қоғамда өте ауқымды әрі қасақана арандатушылық жасалып отыр, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат әдейі таратылуда.

«Бұл жағдай, өкінішке орай, қазақстандықтарды оңай алдап, санасына ксенофобия, русофобия, американофобия ұялатуға болатынын көрсетеді», – деді Абаев.

Оның айтуынша, мұндай ақпараттық шабуыл инвестициялық ахуалға ғана емес, Қазақстанның туризм саласына да кері әсерін тигізеді.

«Бүгінгі шулап жатқандар «еліміздің патриоты біз ғанамыз» деп ойламауы тиіс. Әлде олар шенеуніктер ата-бабаларының сүйегі жатқан жерді сатуды ғана көздейді дей ме?» – деді министр.

Абаев еске сала өткендей, Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы жердің шетелдіктерге сатылмайтынын айтқан.

«Бұл мәселе бойынша барлық жорамалды тоқтату керек. Мемлекет басшысы саяси кепілдік берді. Шыны керек, адамдардың Қытаймен бірлескен 55 кәсіпорынға неге қарсы шыққанын түсінбеймін», – дейді Абаев.

Оның айтуынша, бірлескен кәсіпорындардағы 20 мың жұмыс орнының 95%-ін қазақстандықтар иеленетін болады.

«Жалпы айтқанда, қытай инвестициясы шетелдік инвестицияның 5%-ін ғана құрайды. Бүкіл әлем елдері Қытай капиталы үшін күреседі. Қытай инвесторлары Латын Америкасы, Ресей, Африка, Таяу Шығыс және Еуропада жұмыс істейді. Сол себепті Қытай кәсіпорындары біздің елден кетсе, Қытай экономикасына түк болмайды, ал бізге әсер етеді», – деді Абаев.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Төреғали Қазиев 6 Қыркүйек, 2019 16:23 Жауап

    Сатпаймыз сатпаймыз деп балаша сөйлей береді ау жігіттер… Жерді сатуға болмайды деп заң шығарыңыз. жерді сатқан адам атылады деп жаза қойыңыз. Сонда бәрі түсінеді!

Пікір немесе жауап жазу

он + 13 =