Алматы әкімдігінің алдына мыңдаған адам жиналды

Алматыда мыңдаған адам әкімдіктің алдына жиналды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Жиналушылар Маңғыстау облысында қытай кәсіпорнының салынуына қарсы екен.

"Бізге ешқандай қытайлық зауыттар керек емес. Біздің жастарымыз бен ер адамдарымызға жұмыс керек",  - дейді жиынға қатысушы алматылық азамат.

"Өз экономикамызды өзіміз көтереміз, бізге қытайлық зауыттар керек емес. Олар біздің экологиямызды құртады", - дейді тағы бір тұрғын.

Жиналған адамдарға Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шығып, халықты сабырға шақырды.

"Бұл зауыттар бойынша жұмыстар көптен бері жүргізіліп келе жатыр. Экологияны бұзатын ескі зауыттарды алып келіп, онда қытайлық азаматтар жұмыс істейді деген қауесеттер тарап жүр. Бірақ біздің өз заңымыз бар, ондайға жол бермейміз. Әңгіме жаңа зауыттар жайлы болып тұр. Кейбір зауыттар жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл толығымен қытайлық кәсіпорындар емес. Ол біріккен зауыттар. Кәсіпорын иесі қазақстандық бизнесмен, ал инвестиция Қытай мемлекетінен алған, кейде зауытта 50 де 50 пайызбен қазақстандық және қытайлық компаниялар басқаратын кездер болады. (...) Бізге инвестиция қажет. Германиялық, ресейлік және тағы да басқа кәсіпкерлермен бірге зауыт құратын кездер болады", - дейді Тұяқбаев.

Бұған дейін Жаңаөзенде бірнеше адам жұмыс берілсін деген талаппен орталық алаңға шыққан. Бұдан бөлек жергілікті халық қытайлық кәсіпорындардың салынуына қарсы шыққан, бұл туралы олар Whatsapp мессенджері арқылы естіген екен.