Смағұл ЕЛУБАЕВ: Орыс тіліне ресми тіл басымдығын беретін баптардан құтылу керек

Биылғы Жолдау әсіресе, мәдениет майданының өкілдері үшін ерекше болғанын атап айтайық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі туралы мәлімдеме жасай отырып, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ететін мезгілдің жеткендігін тілге тиек етті. Меніңше, бұл – Қазақстанның саяси өмірі үшін үлкен жаңалық. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы үшін Жолдауда нақты атап көрсетілмеген астарлы дүниелер жатыр. Ол үшін Атазаңымыздағы мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіріп, орыс тіліне ресми тілі ретінде басымдық беріп отырған баптардан құтылуымыз керек. Тіл туралы мәлімдемені жүзеге асыру үшін құқықтық реформалар қажет екені де анық. Президентіміз Қ.Тоқаев берген уәдесін орындайтынын баса айтты. Демек, елде көптеген оң өзгерістер алып, дамудың жаңа сатысына шығамыз деген үміт бар.

Сондай-ақ жаңа Жолдау халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттталғандығымен де ерекшеленді. Халықтың күткені де осы еді.

Қазір халық үшін әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұр. Айталық, бізде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар өте көп. Шынын айтқанда, біздің халықтың басым бөлігі кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Бәріміз де сол кедейлер қатарындамыз. Сонымен қатар, мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың хал-ахуалына көптеп көңіл бөлу керектігін де атап айтты. Осындай көпшіліктің көкейіндегі мәселелер шешімін тауып жатса, халыққа керегі де осы емес пе?

Сондай-ақ, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы да өте орынды айтылды. Бұл өз кезегінде осы салада маңдай терін төгіп, еңбек етіп келе жатқан жандардың көңіліне қуаныш ұялатты.

Смағұл Елубай, Қазақ үні