Белгілі заңгер Жолдауда айтылған жемқорлықпен күрестегі келеңсіздіктерге пікір білдірді

Ислам Әбішевке Өмірзақ Шөкеев, Бердібек Сапарбаев, Асылжан Мамытбековтердің үстерінен арызданса, бостандыққа жіберілетіні айтылған...

    Белгілі заңгер Абзал Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауына қатысты өз пікірлерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Президент өз Жолдауында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет екені айтқан болатын.
- Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ, - деген болатын Президент өз Жолдауында.
Осыған орай заңгер Абзал Құспан Президенттің тура айтқан өткір сынын қос қолдап қолдайтынын, өйткені осы мәселенің адвокаттар тарапынан көтеріліп келе жатқанына көп уақыт болғанын атап өтті.
- Ұлттық бюро қызметкерлері көрсеткіш қуып, арандатушылыққа барып жатуы туралы аз айтылып жатқан жоқ. Соңғы кездері "шенеуніктің бәрі - жемқор" деген халықтың арасында көзқарас қалыптасты. Әрине, жемқорлықпен күресу керек. Біз бәріміз жемқорлықтың азаюын қалаймыз, - деді заңгер А. Құспан.
Сонымен қатар, ол Президент айтқан арандатушылық мәселесіне мысал ретінде өзінің қорғауындағы Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішевтің жағдайына тоқталып өтті.
- Мамыр айынан бері бұл мәселені көтеріп келе жатырмыз. "Ислам Әбішев пара алуға оқталды" деген айып тағылып отыр. "Қаз Байлық" ЖШС-нің шаруасын шешіп беру үшін ақша бермек болыпты-мыс. "Қаз Байлық" болса "Ешкімге ешқандай ақша бермедік және ондай ойымыз да жоқ" деп отыр. Олар өздерінің сыртынан "Әбішев ақша сұрады" деп, жала жабылып отырғанын білмейді де екен. Бәрін былықтырып жүрген Шәймерденов деген қаржы полициясының бұрыңғы қызметкері. Ол "Қаз Байлыққа" тікелей де шықпайды. Ол сол серіктестікке қатысы бар бір адамды табады. Сөйтіп, бірнеше адамға айтылады. "Қаз Байлық" ақша бермейтін болғасын, ол қаржы полициясына барып арыз жазады. Ақыры, Ислам Әбішев ол параны алмаған соң, "Пара алуға ұмтылды" деп іс қозғайды. Міне, осыдан кейін мен Шәймерденовті "кәсіби правокатор" деп атаймын, - деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Абзал Құспан Ұлттық бюро қызметкерлері Ислам Әбішевке таяқтың ұшын Өмірзақ Шөкеев, Бердібек Сапарбаев, Асылжан Мамытбеков секілді белгілі лауазымды тұлғаларға бұрып, үстерінен арызданса, бостандыққа жіберетінін жеткізгенін де тілге тиек етті.
Заңгердің айтуыншы, осындай арандатушылық әрекеттерге тыйым салыну керек.
Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан жемқорлықпен күрес  зәселесіндегі осы бір өзекті жайт заңгерлер тарапынан да үлкен қолдауға ие екенін жеткізді Абзал Құспан.
qazaquni.kz