Сәбит ДОСАНОВ: АЛТЫННАН ҚЫМБАТ АСЫЛ СӨЗ

1656

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы халық пен билік арасына алтын көпірт орнатып, қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсті. Сондай-ақ, бұған дейін де Қасым-Жомарт Кемелұлына ел болашағын сеніп тапсырған халық ел өмірінің одан әрі гүлдене түсеріне нық сенді.

Осы Жолдауды тыңдап отырып, маған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты өлеңі ойыма орала кетті. Шындығында да, бұл Жолдаудың мәні-маңызы ерекше. Өйткені, ел билігінің тізгінін қолғам алған Президенттің Қазақстан халқына деген ең бірінші Жолдауы. Біз тілге тиек етіп отырған осы Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты 4-ші тарауының «Әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту» атты бесінші бөлімі көңіліме ерекше бір жылылық ұялатты.

2017 жылдан бері Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 17 есе көбейіп, аз қамтылған отбасыларға жылдан жылға айрықша қолдау көрсетіліп келе жатқаны айрықша көңіл қуантады.

Жаңа Жолдауда атап көрсетілгендей, халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау қарқынды түрде жүзеге аса бермек. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізілмек. Бұл тұрғыда мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу секілді көмек түрлері көрсетілмек.

Жоғарыда атап өткен әлеуметтік қолдауды көрген әрбір отбасының шаңырақтарында шаттық орнап, марқайып қалатыны сөзсіз. «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, еліміздегі әрбір отбасының қуанышы – менің де қуанышым деп білемін. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдау дегеніміз – жарқын болашаққа бастаған қадамымыз деп білемін. Өйткені, бала біздің бауыр етіміз ғана емес, зор болашағымыз. Келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болсын десек, балаларға қолдау көрсетуді жүйелі түрде жалғастыра беруіміз керек.

Сондай-ақ, Жолдау барысында Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне баса назар аударған Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» – деп атап көрсетті. Осы тұста мен барша зиялы қауым өкілдерін осынау зор міндетті бірге орындауға шақырамын. Әрбіріміз алтыннан қымбат асыл сөзден тұратын Жолдауды ел арасында кеңірек түсіндіре отырып, жүйелі түрде жүзеге асыруға мұрындық болайық.

Сәбит Досанов,

Қазақ үні