Жергілікті әкімдіктер үй салатын жер телімдерін беру керек - зейнеткер

Мемлеке басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы жолдауында бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Соның ішінде баспанамен қамту мәселесіне де тоқталды. Халықтың толғандырып отырған бұл күрделі мәселеге қатысты Түркістан облысының тұрғыны, зейнеткер Амангелді Ісман "Қазақ үні" редакциясына хабарласып көкейдегі ойларымен бөлісті.

Біз оқырманның пікірін еш өзгеріссіз оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.

***

Зейнеткер жасымда көзім газет-журнал оқуға жарамай қалды. Елдегі жаңалықтарды радио арқылы біліп отыратын болдым. Байқауым бойынша, қазіргі таңда халықтың ішіндегі көкейкесті проблемалардың бірі - баспана.

Статистика ақпаратына сәйкес республика бойынша 64 мыңға жуық отбасы, әр-қайсысы 2-4 бала шағасы бар, әкімшілік тарапынан бөлінетін үй жай алу кезегінде тіркелген. Басына баспана сала алмай жүрген жастар жағдайы мені қатты қынжылтады.

Біз бала-шағамызды алып, Өзбекстаннан Қазығұрт ауданына көшіп келген оралман едік. Өкіметтен ешқандай жәрдем алмай өз күшімізбен баспана көтерген жайымыз бар. Біраз қоныс көршілерім де оралман, көбінің басында баспана бар. Ауылдың аты - Айнатас.

Айтайын дегенім, баспанасы жоқ жастар әкімшіліктен бөлінген жерге өз күшімен баспана салса болады ғой. Ол үшін үйдің іргетасын салып, кірпіш қалап қабырғаларын тұрғызып, тосындарын мықтап үй басын жабу әрекетін жаса. Білмегенді сұрап, "бірің қазақ, бірің дос" болып бірлесіп атқаратын да, қолдан келетін шаруа ғой... Құдайға шүкір елімізде құрылыс материал табылады. Цемент, тақтай, құрал-саймандар... пайдаланып кішігірім болса да үй тұрғызуға болады.

Баспанам жоқ деген жас жігіттерге ренішім бітпейді. Тәубе, өзім төрт ұлға әке атанып тәрбиелеп өсірдім, барлығына бас-көз болып баспана салдыртып алдым. Баспанасы жоқ отбасының жағдайын елестете алмаймын, менімше бұл өте ауыр жағдай. Сондықтан айтарым, жергілікті әкімшіліктерге барып үй жайға қажет жер мәселені көтерген ер жігіттерге әкімдер созбаламай шешімін тапса екен. Одан бөлек, үй салуға арналған бұйымдар мен материал жасайтын іскер адамдарға барынша қолдау жасалса екен. Үй салатын жігіттер солардың өнімдерін жаратып үй сала береді ғой.

Ал, ер-жігіттері жоқ немесе олардың денсаулығына байланысты шама шарқы аз мұқтаж отбасыларға бір жағынан әкімдік, бір жағынан саяси партиялар секілді қоғамдық бірлестіктер асарлап мәселенің шешімін тапса болады. Тоқетерін айтар болсам, баспанасы жоқ жігіттер, жер алып, үй салыңдар. Іске сәт!

Аманкелді Ісман,

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Айнатас ауылы