Қайран жеңгем

(Марқұм Оразгүл Сыздықбайқызы Полатоваға бағышталды)   Қайран жеңгем, жеңешем, ақ жеңешем, бағамызды қашан да асырушы ең, жаман болсақ - ол жағын жасырушы ең, жұрт алдында сөз айтсаң – ашылушы ең, тек жақсылық жасауға асығушы ең. Дүйім халық қолынан ас-су ішкен, ақ дидарлы, ақжарқын, ақ жеңешем.   Қайран жеңгем, кеттің-ау қас-қағымда, қас-қағымда бәрін де тастадың да. Ай - жұлдызы жарасқан аспанында, Күндей едің, шуағын шашқан мына. Сүт кенжеңді қостың да қосағына, кете бардың, айналып ақ сағымға, албыраған шілденің ақшамында.   Асыл жеңгем, мекенің мәңгіленді, алып кеттің өзіңмен жан-дүниеңді. Енді айтпайсың әдемі әңгімеңді, сызылтып та салмайсың әнді енді. Өнегең де, сөзің де мәнді еді, әзілің де, күлкің де сәнді еді, алып кеттің өзіңмен бәрін енді.   Қайран жеңгем, сыйлайтын елдің бәрі, кеттің де үнсіз, болдық қой әрі-сәрі. Қайда жүрсең - ортаның едің сәні, «Өлім – ғайып» - деген бұл өмір заңы, кеткен адам қайтпайды ендігәрі, баяғыдай болмайды енді бәрі, баяғыдай болмайды енді бәрі... (Қамар келіні Оразгүл жеңешем 2019 жылдың 31 шілдесінде, кешкі сағат 19-30 шамасында бақи дүниеге аттанды. Алла алдынан жарылқасын) Т. Қамарұлы