ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУЫ ТИІС

3243
8
Бөлісу:

 

Бұның алдында хабарлағанымыздай, бүгін  ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес алғашқы жұмыс күнін бастады. Ұлттық Кеңесті ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы, Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары  Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды.  Президент кеңесшісі,  Ұлттық Кеңес хатшысы Ерлан Қарин ұйымдастыру жұмысы бойынша хабарлама жасады.

Ұлттық Кеңесте Саяси модернизация, Әлеуметтік-мәдени және Экономикалық үш жұмыс тобы құрылды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша оншақты адам сөз сөйлегенін хабарлап кеткенбіз.

Алғашқылардың қатарында сөз бергесін, мен Ұлттық Кеңестен халқымыздың үлкен үміт күтіп отырғанына баса назар аудардым.  «Бүгінгі күні қоғамда күйіп тұрған мәселелер Ұлттық Кеңесте қаралуы керек. Ол маңызы зор мәселенің бәрі тек билікке  ұсыныс болып қана, сөз жүзінде қалмай, өз шешімін тауып, нәтижелі болуы керек. Сонда ғана бүгінде билікке бей-жай қарайтын халықтың Ұлттық Кеңеске үміті арта түседі.

Сонымен бірге Әлеуметтік топ атына кеңірек ауқым беру үшін Әлеуметтік-мәдени немесе Әлеуметтік рухани топ деп атау керек.  Негізі Ұлттық идеологиялық мәселелерді төртінші топ ретінде жеке құрса, тіпті дұрыс болар еді» деген ұсыныс енгіздім.

Бұл ұсынысты менен кейінгі сөйлеген белгілі журналист, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам бастаған кеңес мүшелері қолдап шықты.

Ақтаудан ат арытып келген маңғыстаулық қоғам қайраткері Жәнібек Қожық Ұлттық Кеңестің тілі –мемлекеттік тіл болуы керектігін талап етті. «Парламент пен Үкімет орыс тілінде сөйлейді, енді ұлттық Кеңес те орыс тілінде сөйлесе, біздің олардан айырмамыз қандай?»-деп түйіндеді ол өз сөзін.

Жиынды қорытқан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы Қырымбек  Көшербаев  жиналғандарға Ұлттық Кеңес мүшесі куәлігін тапсырды.

Содан соң Ұлттық Кеңестің жұмысы жасақталған үш топта жалғасты.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰҚЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?!.

Белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының ұсынысымен  Ұлттық  Кеңестің Әлеуметтік-мәдени жұмыс тобының жетекшісі болып бекітілген қоғам қайраткері  Мұрат Әбенов сағат тілімен топ мүшелерінің бәріне сөз беріп шықты. Ең алдымен топтың атын Әлеуметтік-мәдени топ деген ұсынысқа келістік. Екінші мәселе жұмыс барысын  реттеуге байланысты ұсыныстар айтылды. Үшінші, негізгі  мәселе – 6 қыркүйек күні өтетін Ұлттық Кеңестің алғашқы мәжілісіне қандай тақырыптарды шығару керектігін анықтау.

Мен Ұлттық Кеңестің көшпелі мәжілісі болатын болса, Әлеуметтік топ сапарын алдымен ашық күнде аспаннан бомба жауған Арыс қаласынан бастауды ұсындым. Арыстықтардың арызын тыңдап, күз түсіп келе жатқанда ең алдымен баспана мәселелерінің тезірек шешімін табуға ықпал етуіміз керектігін айттым.

Қазақстан  Киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов мәдениет саласын,  Мәжіліс депутаты  Бекболат Тілеухан,  Ұлттық аударма бюросы төрағасы Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Саясат Нұрбек  және Мұрат Әбенов білім берудегі түйткілдерді, Ауыт Мұқибек көші-қон мәселесін сөз етті.  Бекболат Тілеухан сонымен бірге Ұлттық арнадан бастап, телеарналардың бәрінде ән мен жеңілтек шоу хабарлардың қаптап кеткеніне қынжылыс білдірді.

Заңгер Айгүл Орынбек қазір қазақтың құқы қорғалмай, қандай кикілжің болса да, алдымен қазақтар жазықсыз жәбірленетінін айтты. «»Көп ұлтты елміз»-деп ұлтарақ болып кеттік. Өз ұлтымызға деген құрмет әуежайдан басталады. Шет елден келгенде өз азаматтарымызға, басқа дамыған елдер сияқты арнайы қызмет көрсетуді ұсындым.  Түркістан облысы Жетісай ауданында Фирдоуси деген тәжік ағайындардың ауылы бар. Ол мемлекет ішіндегі мемлекет. Мектеп директоры болып, бір қазақ әйелі барып еді, күнде қоқан-лоққы жасайды. Жағын сындырды, мәшинесін қақты. Телефонына күнде «Тез бұл мектептен кетпесең өзіңді немесе қызыңды өлтіреміз» деп жазба жібереді. Бәрінің нақты дәлелі бар. Жәбірленуші мектеп директорына қорғаушы болған маған  «Сен қалай біздің рұқсатымызсыз біздің  ауылға кіресің?» деп, қорқытпақшы  болды.Бұларға заң бар ма, жоқ па? Қазақтың құқын кім қорғайды»-деді ашынып.

Жұмыс тобында  сөйлеген кеңес мүшелерінің басым бөлігі, Қазақ тілінің қазіргі ауыр жағдайына алаңдады. Атап айтқанда, жазушы-журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы  Дәурен Қуат, заңгер Айгүл Орынбек, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы,  маңғыстаулық  Жәнібек Қожық,  саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы  қазір қоғамда күйіп тұрған мәселе – ең алдымен мемлекеттік тіл мәселесін шешіп алу керектігіне баса назар аударды.

Айгүл Орынбек:  «Отыз жыл ақпараттар мен заңдар орыс тілінде таралып келді, өзге ұлттар үшін. Өзге ұлттардың құқығы қорғалып, өз қазағымыздың құқығы тапталып келді. Бұның нүктесін қоятын уақыт келді. Отыз жылдан бері өзге ұлттар қазақ тілін жаттап алатын уақыты болды. Енді біз бүкіл қазақтың, қара халықтың мәселелерін жалпақ тілде айтайын өз тілдерінде жеткізуіміз керек!»-деді

Мәжіліс депутаты, коммунист Жамбыл Ахметбеков  әдеттегі репертуарынан айнымай Тәуелсіздік алғанымызға  28 жыл  болса да, «Тіл туралы заңға тиісу әлі ерте» деген сөз айтты. Бекболат Тілеухан:  «Тіл туралы заңның тек бір ғана 23-ші  бабын өзгертсек , жетіп жатыр, ертең қырғын айқай-шу болады, оның не керегі бар» деген ойын білдірді.

Мен екі депутатқа: «Ұлттық Кеңесті құрған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық Кеңес халықтың үнін билікке жеткізуі керек» деп атап тұрып айтты. Ендеше, халықтың 30 жылдан бері ең бірінші талап етіп отырғаны – Мемлекеттік тіл туралы заң! Ешнәрсеге тиіспей, ескі заңды шұқылап қана қойып отырсақ, онда ел үмітін оятып, Ұлттық Кеңесті не үшін құрдық?!»-деп, қарсылық білдірдім. Заңгер Айгүл Орынбек те: «Біз де енді  депутаттар сияқты тып-тыныш, бәріне  бас шұлғып отыра беруіміз керек пе?» деп салды…

 

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

Иә, Тәуелсіздік алғанына 28 жыл болған мемлекетімізде әліге дейін Мемлекеттік тіл туралы заң жоқ!

2012 жылы «Ақ жол» партиясының жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң  жобасын, яғни Қазақ тілі туралы заң жобасын Қазақ үкіметі өткізбей тастады.

Енді Мемлекеттік тіл туралы мықты заңды халықтың қолдауымен, Ұлттық Кеңестің ұйғарымымен  Парламент қабылдауы тиіс. Өйткені Елбасымыздың өзі «Елді біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл» деп мәлімдегені белгілі. Сөз өте дұрыс айтылды – бір тіл болмай бірікпейді ел! Тек осы әдемі сөз әдеттегідей іс жүзіне аспай келеді.

Ең алдымен мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің қажеттілігін тудыратын, әр адамға міндеттейтін заң қажет.

 Мемлекеттік тілді білмеген адам мемлекеттік қызметке де, жоғары оқу орнына да қабылданбауы тиіс. Міне, сонда әркім, ешқандай мемлекеттің ақшасынсыз-ақ мемлекеттік тілді  1 жылда үйреніп алады. 30 жылда емес! 30 жылда ешкім, ешқандай мемлекеттік қызметкер 30 сөз үйренбесе, онда біздің бүгінгі күн талабына жауап бере алмайтын заңымыздың не құны қалды?

Жақында  ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қабылдауында болып, қазақ тілінің ауыр ахуалы туралы сөз қозғаған белгілі  жазушы Смағұл Елубай Тіл туралы заңымыз жайлы таяуда өткен Алматыдағы  Жазушылар Одағындағы  қаламгерлер жиынында «30 жылда түк бітірмеген заң» деп, тура бағасын берді.

Шет тілін бірінші сыныптан оқыту туралы келешегімізге кесір  келеңсіздікке бұрыннан қарсылығын танытып келе жатқан  Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мұғалімдердің тамыз кеңесінде  бұл мәселеге нүкте қойды десек те болады. Енді ата-аналар қалауымен шет тілін екінші-үшінші сыныптардан немесе бесінші сыныптан кейін оқыту мәселесі күн тәртібіне шықты. Негізі бір тоқтамға келіп, шет тілін бастауыш сыныптан кейін оқыту дұрыс деп білеміз. Өйткені, дүние жүзілік тәжірибе бойынша  бала 12 жасқа дейін тек өзінің ана тілін емуі керек. Әлемнің бір де бір елінде үш тіл оқытылмайды. Әр мемлекетте бастауыш сыныпта  балалардың  тек өз тілінде оқуының артықшылығы және бастауыш сыныпта  шет тілінде оқудың зияны туралы тұжырым ғылыми дәлелденген қағида екені  ақиқат. Бұған мың бір мысалдың бірі  ретінде Жапония секілді озық ойлы дамыған мемлекеттерді алсақ та жеткілікті.

Ал кезінде шет тілін бастауыштан кейін оқып-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген, әлем мінберінде ағылшынша талай сөйлеп жүрген, бүгінде Қазақстан Президенті болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасы нағыз көрнекті үлгі, – өзі айтқандай, балаға шет тілін бастауыштан кейін оқыту – талқылаусыз таңдау, өмірлік өзекті   қағида екенін анық білдіріп тұр!.

Ұлттық  идеологияның  кемдігі көзге ұрып тұрған елде  Ұлттық  рухты көтеру бүгінгі күннің ең маңызды талабы.  Кешегі тарихы терең Ұлытауға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі ұлт тарихындағы рөлі зор Ұлытауға  сапары мен ұлағатты сөздері рухымызды көтеріп, еңсемізді биіктетіп кетті.  Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы елдік маңызы ерекше  бағалы бастама жасаған мемлекет басшысы: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өтті.

Иә, Алтын Орданың атасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Ал Алтын Орданың алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр… Жошы – Шыңғыс ханның бірінші әйелі, қазақ қызы, қоңырат Бөртеден туған тұңғыш ұлы. Әрі Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын нағыз аударар кезең басталды деуге болады.

Бұған ұлт зиялылары не дейді? Қазақтың тарихынан, аңызы мен күйлерінен берік орын алған Алтын Орда мен Жошы хан тұлғасы әдебиетіміз бен мәдениетімізде, ғылым мен кино және бейнелеу өнерінде қалай көрініс таппақ! Рухымызды көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қалай қосамыз? Иә, мектеп пен жоғары оқу орындары оқулықтарында бұл бағалы да, баянды тақырыпқа басты назар аудару керек.

Сонымен, Ұлттық Кеңестің жұмыс тобы жиынын қорытқан Берік Әбдіғалиұлының:  «Ұлттық Кеңестің  6 қыркүйектегі алғашқы мәжілісінде мемлекеттік тіл, шет тілдерін оқыту, жалпы ұлттық мүддені қорғау, рухымызды көтеру мәселелері туралы  Қазыбек Иса, білім беру мәселесі жайлы  Саясат Нұрбек сөйлесін» – деген ұсынысын кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады.

Енді Ұлттық Кеңестің алғашқы мәжілісі 6 қыркүйекте ҚР Президенті, Ұлттық Кеңес төрағасы Қ. Тоқаевтың қатысуымен өтеді.

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі

Qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 8 пікір жазылған

  1. Марат Бутеев 29 Тамыз, 2019 15:11 Жауап

    А. Чеботарев үшін және оның ата-бабасының мысынан үріккен үлкен топ отырысты А. Чеботаревтың ана тілінде өткізді ме?,- деген болжам ішімді жегідей жеп барады…

  2. Марат Бутеев 29 Тамыз, 2019 15:12 Жауап

    А. Чеботарев үшін және оның ата-бабасының мысынан үріккен үлкен топ отырысты А. Чеботаревтың ана тілінде өткізді ме?,- деген болжам ішімді жегідей жеп барады…

  3. Мәмбет Құрманбаев 29 Тамыз, 2019 16:19 Жауап

    Ұлттық Кеңестің мемлекеттік тілді қорғауы Ұлттық мүддені қорғауы ғой ! Барша ақпарат құралдары да ұлттық тілді қорғауы туралы мәлімдеме жасап жариялап тұрса сонда ұлттық ауызбірлігімізде билікке әсер етер еді !

  4. Сәтпай 29 Тамыз, 2019 16:22 Жауап

    Конституциядан орыс тілі туралы 7 бап 2 тармағын алып тастамай, басқаның бәрі бос тірлік!

  5. Махамбет 29 Тамыз, 2019 16:25 Жауап

    Жарайсыз! Ұлттық мүдде, тіл мәселелерін сіз көтермесеңіз, өзгелерден үміт жоқ. Ұлттық кеңес мүшесі ретінде ғана емес, мәжіліс депутаты ретіндп де өткір тақырыптарды көтерген кещдеріңізге куә болайық.

Пікір немесе жауап жазу

15 − 11 =