ШӘМШІНІҢ ДОСЫ ЕДІ немесе соңғы сұхбат

Кезінде «Қош бол, альбом» атты әңгімелері мен повестері, кейін «Перизат сезім», «Қыз күнделігі», «Жанарым – жарық дүнием» сияқты хикаяттарымен танылған жазушы Еркінбай Әкімқұлов дүниеден озыпты.

Ол әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен өмірінің отыз екі жылын бірге өткізіп, композитор бақилық болғаннан кейін оның барлық шығармашылығы мен тіршілік тынысын қайтадан терең зерттеп, «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты роман-эссе жазған еді.

Былтыр жыл аяғына қарай мен де осы тақырып аясында Ерекеңнің үйіне арнайы барып сұхбаттасқанмын. Онда: «Биыл сексен бір жасқа өтіпті. Ұлғайған адамды әрі-сәрі көңіл күй билейтіні тағы заңдылық. Сәл шаршаңқылау көрінді. Бәйбішесі Гүлнар апай қайтыс болғалы біраз өткенін білетін ек. Қаламгер көңілін қамықтыратын өзге де жағдайлардан аз-мұз хабардармыз. Содан ба, аса салқын қабақ таныта қоймағанымен, қоңырқайлау күйде қабылдады» – деп жазыппын. (Әдебиет порталы. 31 қазан. 2018 ж.).

Сондай-ақ біз кезінде республикалық «Қазақ үні» газетінде жазушының «Ән қанатында. Шәмші Қалдаяқовтың монологі» деп аталатын эссесін жарияладық.

***

Еркінбай Әкімқұлұлы 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында туған. 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген соң, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық партия комитетінде нұсқаушы, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Қазақ радиосында аға редактор, «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, «Рауан» баспасында редакция меңгерушісі, редактор, «Кітап жаршысы» («Друг читателя») басылымында Бас редактор болып істеген.

Поляк жазушысы Януш Корчактың «Қайта оралған балалық» повесін, татар жазушысы Р.Мұстафиннің «Кішкентай Мұса» повесін қазақшаға аударған. 1983-1989 ж.ж. «Ты – мой светлый мир», «Дневник девушки» деген атпен екі кітабы орыс тілінде жарық көрген. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

Шығармалары: Қарақозы Әбдәлиев. Очерк. А., «Жазушы», 1969; Қазақтың жас ақындарының творчествосы. Әдеби-сын мақалалары. А., «Жазушы», 1972; Даңқым – дәуірім. Очерктер. А., «Қазақстан», 1974; Қош бол, альбом. Әңгімелер мен повестер. А., «Жалын», 1976; Перизат сезім. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1980; Жанарым – жарық дүнием (орыс тілінде). А., «Жалын», 1983; Қыз күнделігі. Повестер. А., «Жазушы», 1985; Жанарым – жарық дүнием. Таңдамалы. А., 1990; «Жанарым – жарық дүнием» (орыс тілінде). Повестер. А., «Арқас», 2001; Таңдамалы шығармалары, 2 томдық. А., «Арқас» 2003; Өзбекәлі Жәнібеков. Ғұмырнамалық деректі хикаят. А., «Қазақстан», 2006.

Бақұл болыңыз, Еркінбай аға!

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні