ІСКЕР БАСШЫ, ЖАНАШЫР АЗАМАТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының тұрғындарынан

ҮНДЕУ

Ислам Әбішев — 2000-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан /қазіргі Түркістан/ облысы, Ордабасы ауданының әкімі лауазымын атқарды. Оған дейін «Батсу» ЖШС арқылы елге танылған кәсіпкерді, облыстық мәслихаттың депутатын аудан тұрғындары әкім ретінде бірден жылы қабылдап, ісіне сәттілік тіледі. Ислам Әлмаханұлы қызмет еткен жылдары ауданда бірқатар білім ошақтары бой көтеріп, ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жақсы мүмкіндіктер берілді. Барлық сала ілгерілеп, ауданымыз облыста көшбасшы орындардан табылды. Ауылдар абаттандырылып, тұрғындар тазалыққа жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырды. Ауылдар көркейген сайын, адамдардың көңіл-күйлері көтеріліп, аудан басшысына үнемі алғысын жаудырып жатты. Ол аудан басшысы ретінде батыл қадам жасап, Өзбекстанда қалған қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына зор мүмкіндік туғызды. Аудан орталығы мен облыс орталығының арасындағы саяжайдың мәртебесін «ауыл» деп ауыстырып, қандастарымыздың сол қонысқа көшіп келіп, тіршілік етуіне мүмкіндік берді. Олардың жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жатсынбай, сіңісіп кетуіне ықпал етті. Жаңадан қоныстанғандардың су, жарық, жол сияқты мәселелерімен қатар, балалардың білім алуы, ересектердің жұмыспен қамтылуы мәселелерін шешті.

Ауданымыздағы іскерлігі, елге жасаған игілікті істері ескеріліп, 2002 жылы Ислам Әлмаханұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол кезде де ауданымызбен байланысын үзбей, өзі бастаған игі істердің жалғасын табуын назарында ұстады. Бұл оның азаматтық позициясы ғана емес, ел алдындағы парызы іспетті еді.

Шұбарсу ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шұбарсу ауылы, Қазыбек би көшесі, 12 қиылыс тұрғыны Мырзақұлов Төленбай:

— Ислам Әбішевты жиналыста көргенім болмаса, аралас-құраласым жоқ. Бірақ, барлық игі ісінен хабардармын. Мен 2000 жылы Өзбекстаннан Шұбарсуға көшіп келдім. 2002 жылы ауылдасым Қалметов Қойлыбаймен бірлесіп, Шұбарсуға «ауыл» мәртебесінің берілуіне кірістік. Оған дейін саяжай еді. Сол жылдың 30 желтоқсанында Ордабасы ауданының әкімі Ислам Әбішев Шұбарсуға келіп, жиналыс өткізді. Тұрғындардың пікірін мұқият тыңдады. Көп ұзамай Шұбарсу ауыл әкімшілігін ашып, Қойлыбайды әкім етіп тағайындады. Ертеңіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып кетті. Жиналыста Әбішевтың айтқандары әлі күнге дейін көкейімде сайрап тұр. Себебі, саяжайды ауыл етіп қана қоймай, қандастарды шақырып, олардың алаңдамай көшіп келуіне ықпал етті. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен аудан әкімі Ислам Әбішевтың еңбегінің арқасында қандастар тарихи Отанына оралып, тұрғылықты халық арасына сіңісіп кетуіне сүбелі үлес қосты. Олардың жер телімімен, су, жарықпен қамтамасыз етілуіне ықпал еткенін ағайындарымыз әлі ұмытқан жоқ. Сол кісінің

арқасында бізді ешкім бөлектеген жоқ, құшағын жайып қарсы алды. 2000-3000-ға жуық қандасымыздың алаңдамай келгеніне куәміз. Сондықтан, тарихи Отанымызбен қауыштырған Ислам Әлмаханұлына ризашылығымыз шексіз.

Шұбарсу ауыл округі «Ел бірлігі» ұйымының Үлкен кеңес төрағасы, ауыл округі әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы, Шұбарсу ауылы, Қазыбек би көшесі, 7 қиылыс тұрғыны Сүлейменов Қалдыбек:

— Өзбекстаннан 2005 жылдың күзінде көшіп келдім. Алыс жерден Шұбарсуды таңдап келдік. Сол жерге біздің бауырымыз, ініміз Қойлыбай Қалметовтың бастамасымен көшіп келдік. Мен көшіп келген жылдары Ислам Әбішев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары еді. Шұбарсуға арнайы келіп, Б.Нұрлыбеков атындағы мектепте тұрғындармен кездесті. Мұң-мұқтажын тыңдады, сұрақтарына жауап берді. Ол кезде Шұбарсу ауылынан Шымкентке жолақы қымбат еді. Халықтың тұрмысына қарай, жолақысын арзандатқызды. Бұған дейін Б.Нұрлыбеков атындағы мектептің бас жоспарын жасап, білім ордасының салынуына ықпал еткен . Оның соңынан тек жақсы сөз ерді. Шұбарсу халқын ұйымдастыруға, ынтымақтастыруға үлкен үлес қосқан. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның ретке келуіне көп көмегін тигізді. Көптеген көшіп келген ағайынға сөзбен де, іспен де жәрдем етті. Жер бөліп бергізді. Ұйымдастыру қабілеті мықты, іскер азамат екенін бәріміз білеміз.

«Ұлағат» жалпы орта мектебінің мұғалімі, Бадам ауылы, «Орда» мөлтекауданының тұрғыны, Бегманов Иса:

— Мен 2009 жылдан бері Бадам ауылында тұрамын. Ол жерге ауылдастарым 2000 жылдан бері көшіп келуде. Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында көшіп келдік. Бұл жерге келуімізге әуелі Алла, одан кейін Ислам Әбішев себепкер. Алыстан ағайын көшіп келе жатыр деп, жер бөліп берген де сол кісі. Қазір 300-ге жуық отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Маған дейін көшіп келіп, Исекеңнің жақсылығын көрген Жұмабеков Құдайберген, Молдашев Нартбай, Ибрагим Шынбосын ол кісі туралы үнемі жақсы естеліктер айтып отырады. Ислам Әлмаханұлы аудан басшылығынан ауысып кетсе де, өзінің бастамасымен көшіп келген қандастардың тұрмыс-тіршілігінен үнемі хабар алып, қолынан келгенше шарапатын тигізіп тұрады. Көшіп келгендердің ризашылықтан басқа айтары жоқ.

Жеке кәсіпкер, Шұбарсу ауылы, Қазыбек би көшесі, 12/12 тұрғыны, Қалметов Бауыржан:

— 2002 жылы 6 сәуірде Өзбекстаннан көшіп келдік. Ол кезде Ислам Әлмаханұлы аудан әкімі еді. Сол кезде әкем және 2-3 ақсақал аудан әкімінің қабылдауында болды. Аудан басшысы қолдан келгенше жәрдемдесетінін айтты. Содан кейін ол ауылға арнайы келіп, тұрмыс жағдайымызбен танысты. Сол сапарында ол қандастардың көшіп келуі, ештеңеден алаңдамау керектігі туралы айтты. Ол кезде Шұбарсу саяжай еді. Тұрғындар көп емес. Басым бөлігі — өзге ұлт өкілдері. Жарық жоқ, жолдары нашар қоныс еді. Ислам Әбішев Өзбекстаннан келгендерге барлық жағдай жасалатынына уәде берді. Тұрғындарды жинап, бәрін түсіндіріп айтты. Мектеп соғылуына себепкер болды. Бір жылда 320 орындық мектеп құрылысы бітіп, оқушыларды қабылдады. Бұған дейін де ол жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргенде, «Оңтүстік Жарық» мекемесінің Ордабасы

аудандық филиалын басқарып тұрғанда Темірланда «Батсу» негізгі мектебінің ғимаратын үш айда соғып, пайдалануға бергенін естігенмін. Болашағын ойлаған адам алдымен баланың білім алуына жағдай жасайды емес пе? Мектеп салу арқылы ол елдің болашағына оң ықпалын тигізгені сөзсіз.

Әкем ол кісімен тығыз байланыста еді. Қабылдауына келген сайын Темірланның түлеп, өзгеріп, жайнағанына куә болатынмын. Аудан орталығын аббаттандырып, ішкі арықтарды тазалап, су жүргізді. Орталықта бірнеше жерге фонтан соқты. Гүл еккізді. Жаңашыл әрі жанашыр басшы елдің жаңаруына да септігі тиетініне сол кезде куә болғанбыз.

Қорыта айтқанда, ордабасылықтар үшін Ислам Әлмаханұлының орны бөлек. Оның игі істері тұрғындардың жадында. Пайғамбар жасына жеткен Ислам Әлмаханұлының өмір жолы мен еңбек жолы әрбір азаматқа үлгі. Себебі, ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаңашылдығымен танылды. Талапшылдығы, жанашырлығы оның азаматтық келбеті іспетті. Ислам Әлмаханұлы еңбегін елге арнаған адам деп білеміз.

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Міне, осындай елге үлкен еңбегі сіңген, аудан ғана емес, бүкіл Түркістан өңіріне кеңінен танымал абзал азамат Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің басына бұлт үйіріліп тұрғаны жанымызға қатты батады. Бәлкім, ол жаза басқан да шығар, дегенмен, ардагер азаматтың осы уақытқа дейін Ордабасы ауданы ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысының /қазіргі Түркістан/ әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбегін ескере, өзіңіздің аса мәртебелі құзыретіңізді пайдалана отырып, оған қатысты қолданылатын жаза деңгейін жеңілдетуіңізді, сөйтіп, абзал азаматтың абырой-беделін қалпына келтіруге пәрмен беруіңізді аудан жұртшылығы атынан үміттене отырып өтінеміз.