«Бұл сөз бұрынғыдан өзгерек...»

Оқиғаның  аяғы ойларынан шықпаған Ғ. Жақиянов, М.Әбіләзов, Т.Тоқтасын баспасөз мәслихатын өткізді. Бұларға вице-премьер Ораз Жандосовтың қосылуы тосындау болғаны рас. Бұл топқа «Қазкоммерцбанк» басшысы Н.Сұбханбердин, Мәжіліс депутаты Болат Әбілов және бірнеше белгілі қайраткерлер қосылды. Баспасөз мәслихатын өткізушілер еліміздегі демократиялық идея  қауіпті жағдайда деп мәлімдеп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы қоғамдық ұйымын құрғандарын жариялады. Президент саясатын жүргізуші болып табылатын әкім мен вице-премьер бар бұл ұйым бұрынғылардан басқаша екені мәлім. Шәкәрім ақын айтпақшы… «Бұл сөз бұрынғыдан өзгерек» Сондықтан бұл ұйымға оппозиция өкілдері де елші жіберіп, елеңдеп отыр. Ал Үкімет үйінен бұл жаққа қарай іздер түсе бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әлихан Бәйменов, қаржы вице-министрі Жанат Ертілесова келіп қосылды. Ал Президент әкімшілігі ішкі саясат саясат бөлімінің меңгерушісі Е.Ертісбаев бұл оқиғаны «қалыпты жағдай» ретінде бағалап, «Еліміз мүддесіне сай келсе, Елбасы да қолдайды» деп отыр. Сонымен оппозиция болжаған «қазан төңкерісі» олар ойлағандай болмады. Дегенмен қазанда басталған қамал бұзар жастағылардың қақтығысы қарашада осылай аяқталып тұр. Рахат, Төлен, Ғалымжандардың жасына қарасаңыз бәрі бірі кем қырықта екен. Яғни - «Менің құрдастарым». Саттар Ерубаев әдебиетке өзгеріс әкелген осы әйгілі шығармасын небәрі 23 жасында жазыпты. Ал қазір XXI ғасырдың басы екенін тағы қосыңыз. Айтпақшы, қырықтағылардың басы Алтынбек Сәрсенбаев екенін де естен шығармаған жөн…. Елбасы қойған нүктеден соң жаңа сөйлем басталатын секілді. Оны енді уақыт көрсетеді. Алда-желді Желтоқсан. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекесі. Қазыбек Иса Жас Қазақ үні газеті №46 (57) 22 қараша, 2001 жыл qazaquni.kz