Қазақстандық Әли Тұрғанбеков UEFA суперкубогының марапаттау шарасына қатысты

Қазақстандық Әли Тұрғанбеков UEFA суперкубогының марапаттау шарасына қатысып, әйгілі футбол жұлдыздарына UEFA суперкубогын табыстады, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Стамбұл қаласындағы өткен дүбірлі доданың негізгі уақытында тең түскен "Ливерпуль" мен "Челси" ойыншылары, ойын соңындағы пенальти арқылы жеңімпазды анықтасты.

Бес мүмкіндікті де мүлт жібермеген Салахтың командасы жеңіс тойын тойлады. Ойыннан кейін «Ливерпуль» ойыншылары UEFA президенті Александр Чефериннің қолынан медаль алып, ойынның құрметті қонағы болған қазақстандық Әлимен амандасты. Әли Тұрғанбеков кубокты "Ливерпуль" капитаны Джордан Хендерсонға өзі табыс етті.

Осыған дейін Әли "Ливерпуль" клубының жабық жаттығуына қатысып, әйгілі футболшы Мохамед Салахпен тілдескен еді.

Әлемдік футбол додасына қатысқан кішкентай қазақстандыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз батасын берген болатын.

- Жас қазақстандық Әли Тұрғанбеков УЕФА Суперкубогы үшін «Ливерпуль» мен «Челси» арасында өткен матчтың жеңімпазын марапаттау салтанатына қатысты. Әли, сенің мақсатқа жету жолындағы күш-жігерің әлемде талай адамды алға жетелейді. Барлық армандарың орындалсын! - деп жазған еді Президент әлеуметтік желідегі парақшасында.