Баспана бұйыртқан «Бақытты отбасы»

Баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үйі жоқтың күйі жоқ. Табысының аздығынан пәтер жалдап не жатақхана жағалап, туысын сағалап күнелткен жан үйлі болса бақыттың көкесі осы емес пе?! Нұр-Сұлтан қаласында бүгін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алғашқы несие берілді. Халықтың игілігі үшін арнайы құрылған бағдарлама аясында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрибелеп отырған жанұялар баспаналы болып жатыр. Олардың алғашқы легі құжаттарын рәсімдеп үлгерді, неше жыл арман болған баспанаға қолдары жетіп, қуаныштан төбелері көкке бір елі жетпей қалды десек артық емес. Дәл осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Елордада 719 өтінім қабылданды. Өтінімдердің 253-і мақұлданған. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріліп отыр. Жан басына шаққандағы кіріс 42 мың 500 теңгеден аспауы керек. Ал бастапқы жарна ретінде несие көлемінің 10 пайызын құю міндет. Бүгін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің орталық филиалында алғашқылардың бірі болып елордалық 5 отбасы несиесін рәсімдеді. Баспана қиыншылығын көп көрген Еркінбек Әбуов қуаныштан толқып, мемлекеттің осындай мүмкіндік жасағанына мың да бір рахмет деп қайта қайта алғыс жаудырумен болды. 14 млн теңгенің пәтерін рәсімдеп отыр, ай сайынғы төлем 74 мың 650 теңге. Еркінбек Әбуов 4 қыз тәрбиелеп отыр. 2011 жылы отбасымен Жамбыл облысынан Елордаға көшіп келген. Содан бері жатақханаларды паналаған. Пәтерақысы арзанырақ деп қала шетінен, қаладан тысқары жерлерде үй жалдап тұрған. Соңғы уақытта тіпті қиналып, туысқандарында тұрып жүрген. Зайыбы бала-шағаның қамымен үйде отырса, отағасы жалғыз жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкер, тапқаны нан-шайынан артылмайтындықтан, тұрғын үй алуға қомақты қаражат жинай алмайды. Ал мына «Бақытты отбасы» бағдарламасы нағыз біз секілді жанұяларға арналған дейді Еркінбек Әбуов. Елордалық Аққайың Сыздықова да қоныс тойын тойлайтын болды. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген займ алып, 15 млн теңгенің пәтерін сатып алып отыр. Жолдасы көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді, өзі мектепте хатшы қызметін атқарады. Бұған дейін ата-анасымен бірге үлкен шаңырақта бірге тұрып келіпті. Енді «өз үйім өлең төсегім» демекші, жеке баспаналы болғандарына әрине қуанып отыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы ести сала, бар күш-жігерімен осы жобамен үй алуға тырыстық дейді көп балалы отбасы мүшелері. Елордалық Тоғжан Смайыловаға да баспана бұйырды. Ол аумағы 55 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер алып отыр. Алматы облысынан осыдан 8 жыл бұрын көшіп келген екен. Отбасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр. ««Бақытты отбасы» бағдарламасына үмітімізді арттық, бірақ соңына дейін баспаналы болатыныма сенбедім, әлі күнге сене алар емеспін, бұл қуаныштың әсері. Талай жыл пәтерден пәтерге көшіп, сабылып жүргеніміз енді артты қалды»- деп ағынан жарылды Тоғжан. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыс мөлшері барлық зейнетақы жарналары мен салықты алып тастағанда 42 мың 500 теңгеден аспауы керек. Мәселен, егер отбасы 6 адамнан тұратын болса, онда жанұяның жалпы кірісі 255 мың теңгеден артық болмауы тиіс, отбасы мүшелерінің меншігінде баспана болмауы қажет. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бизнесті басқару басқармасының бас маманы Марина Орынбаеваның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтініш берушілер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұру керек. Бағдарламаның жүзеге асырылуына биыл Үкімет 50 млрд теңге бөліп отыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерден бөлек, жер үй сатып алуға да болады. Айта кеткен жөн, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында тұрғын үйге банк 15 млн теңгеге дейін несие бере алады. Ал қалған өңірлерде өтініш беруші 10 млн теңге алуға құқылы. Бұл жоба әлі талай отбасын бақытқа бөлейтініне күмән жоқ.