Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыс өтті

3993
0
Бөлісу:

Құрбан айт мерекесіне орай сұлу Көкшенің іргесіндегі Краснояр елді-мекенінде ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі жарыс өтті, деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің тілшісі.

Еліміздің әр өңірінен жиналған шабандоздар мен балуандар, асық ататын мергендер мен тоғызқұмалақ шеберлері «Құлагер» ипподромында өткен жарыста қзара күш сынасып, жиналған көпшіліктің делебесін қоздырды. «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының аясында ұйымдастырылған аталмыш шара ұлттық спорт түрлерін  насихаттауға бағытталды.

Жарысты көпшілікпен бірге тамашалауға «Науан Хазірет» мешітінің бас имамы Сәбит Қуаныш, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев пен оның орынбасары Арман Бердалин келді.

Тай жарыс, көкпар, қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарынан сынға түскендердің қай-қайсысы да өз шеберліктерімен көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, тай жарыста бақ сынаған шабандоздардың тартысты додасы халықтың көңілінен шықты десе болады. Сонымен қатар, білектің күші мен аттың бабы қатар сыналар көкпарда спортшылар жанкүйерлерге нағыз қазақ жігіттерінің қайратты сайысын көрсетті. Асық ату ойынына балалармен қатар үлкендер де қатысып, кіл мергендер анықталды.

«Біз адал спортты таңдап, спортшыларды да адал болуға шақырамыз. Өзінің достарына, не болмаса бәсекелестеріне әділетсіздік таныту дұрыс емес. Себебі әркім тек өз еңбегімен және өз күшімен табысқа жетуі тиіс» – деп есептейді «Ақмола – адалдық алаңының» өкілдері.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған спортшылар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жиналған халыққа Құрбан айт мерекесіне орай концерттік бағдарлама мен қазақ киіз үйлеріндегі мерекелік дастархан ұйымдастырылды.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

екі × 2 =