Ләззат Ахатова: Соттарды «СОТ» емес – «СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР» деп өзгерту керек

3542
3
Бөлісу:

Өйткені тапсырысты орындағаннан артық шешім шығара алмайды…

Бұл жазбаны жазуға Қазыбек Иса ағамыздың «Сот өткен сайын Ислам Әбішті емес, сот пен айыптаушыларды аяймын» деген мақаласы ойтүрткі болды.

5 тамыз күнгі сот отырысы туралы жазғым келгенмен, еңсені ауыр ой басып, қолым бармай жүрген. Оның себебі – қолында Президенттің Жарлығымен бекітілген билігі мен тәуелсіздігі болса да, соттардың дәрменсіздігіне анық көзім жеткені..Дәрменсіздік емей немене, үйқамаққа шығару – қылмыстық заңнаманың барлық нормаларына келіп тұрса да, жасы 63-ке келген, сыз жерде денсаулығы сыр беріп жүрген адамды тергеу амалдары аяқталғанына қарамай, әлі күнге қамауда ұстап отырғандары. Сондағы уәждері – әлеуметтік желіні «шулатып», «жалған мәлімет» таратуымыз мүмкін екен.

Жазып алған сөзін қағазға қарап, ежіктеп зорға оқыған прокурор да, іштей кінәсіздігін көріп тұрғанмен, қалыптасқан, қатып қалған жүйеге қарсы тұра алмайтын мінезсіздігінен тура қарауға жасқанып, төмен қараған күйі қаулыны оқып шыққан судья да соны айтты.

«Ештеңе өзгермейтін болса, несіне шақырып, сот отырысын өткіздіңіздер?» деген сұраққа «ол мәселе бұрын шешіліп қойған» деген сөзді қайталай бергеннен артық жауап бере алмаған бұрынғы әріптесім үшін ұялдым.

Әділ бағасын сот береді дегенге кәдімгідей иланып, сеніп келген адамдардың алдында жауап таппай қиналдым. Өйткені, сол салада он жылдан астам жұмыс жасадым ғой. Тура осы ретте күдіктіні үйқамаққа шығармауға ешқандай заңдық негіз жоқ еді.

Сонша қорқатындай, Ислам Әбішев террорист емес қой. Осы уақытқа дейін 14 камераға ауыстыруларының астарында моральдық қысым көрсетіп, істемеген қылмысын амалсыз мойындату мақсаты тұрған сияқты. Қасқайып тұрып, «мені босатпайтындарыңды білем, 14 емес, 20 камераға ауыстырсаңдар да, рухымды сындыра алмайсыңдар!» деп саңқ еткенде, аналар селк ете қалғандай көрінді. Селк еткенмен, селт етпеді.

Сот саласындағы қарқынды өзгерістердің нәтижесі қайда, гуманизация қайда, әділдік қайда? Тапсырысты орындағаннан артық қимылдай алмайтын мекемелердің атын СОТ емес, СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР деп өзгерте салса да болады ғой. «Итің жаман» десе намыстанатын қазақпыз, ең көп еңбек еткен саламды жамандыққа қиғым келмесе де, осындайда көзге көрініп тұрған шындықты амалсыз мойындауға тура келеді екен. Сот саласына, жалпы құқық қорғау органдарына түбегейлі өзгеріс керек.

Ләззат Ахатова,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. Жанар 30 Тамыз, 2019 18:31 Жауап

    Елім деген ерлерді нақты дəлелсіз ұстап отырғанда біздің сот туралы қандай да бір əңгіме айту қиындау…

  2. Майра 5 Қыркүйек, 2019 12:48 Жауап

    Əділ сот қайда сонда? Біз кімге сенеміз? Атпал азаматтардың құқығы тапталып жатқанда қара халық қандай күйде?

Пікір немесе жауап жазу

2 × 3 =