Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторына қамалды

1435
2
Бөлісу:

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы оның адвокаты Сергей Слесарев айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Адвокаттың айтуынша, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне судья шақырылып, шұғыл түрде отырыс өткізген. Соттың шешімімен Атамбаев 26 тамызға дейін – тергеу жұмыстары жүріп жатқан кезге дейін қамауға алынды.

«Ешкім де ұсталғаны жайлы немесе мәжбүрлі түрде жеткізілгені жайлы құжаттарды көрсеткен жоқ. Бүгін береміз деп уәде берді. Менің қорғалушым қолына бір қағазды беріп, бірден бұлтартпау шарасын қабылдады», – деді Сергей Слесарев.

Бірақ адвокат Алмазбек Атамбаевқа тағы қандай айыптар тағылуы мүмкін екенін айта алмады. Еске салайық, кеше, 9 тамызда Алмазбек Атамбаев ұсталған еді. Оған дейін Атамбаевтың үйіне басып кіру операциясының қайта басталғаны хабарланған болатын.

Ал 7 тамызда Қырғызстанда Атамбаевты ұстау операциясы жүріп жатқаны хабарланған болатын. Президенттің резиденциясы айналасында тікұшақ ұшып жүргені айтылған болатын. Журналистердің мәліметінше, Атамбаевтың жақтастары кірген киіз үйге жарық-дыбыс гранатасы лақтырылған.  Кейінірек Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасаған болатын.

«Атамбаевтың аузын жабу үшін билік өз халқына оқ атуға дайын. Қарапайым халыққа, қырғызстандықтарға алғысым шексіз, олар жиналып, мені ұстап әкетуіне жол бермеді. Биліктегілерге ойлану керек, біз тізерлеп жүріп өмір сүретін халық емеспіз», – деген еді экс-президенті мәлімдемесінде.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. М.Шындәулет. 9 Тамыз, 2019 15:29 Жауап

    Жалпы қырғыздар үшін мына оқиға жақсы атақ емес. Дегенмен ақылдылықтан емес, айтып отырғаным адамилық қасиеттен, азаматтық тұрғыдан. Бірақ ел басқарған адам өзі біледі. Әйтсе де, Жээнбековтің принципі дұрыс емес. Себебі, Атамбаев жаман да болса орынтағын осы кісіге беріп кету үшін біраз жанталасты. Екінші бір кандидатқа қолдау білдірдің деп Нұрекеңмен де жүз шайысты. Сөйткен жақсылығына Жээнбеков президент тағына орнығып алғасын, қырсоңына түсті. Бұл болмайтын қасиет. Жалпы қырғызда тыныш кеткен президент жоқ. Тұңғыш президенті Асқар Ақаевты анау әне осырған сиырдай қылып айдап шыққаны. Бакиевті болса көтеріліс жасап қуып салды. Өз еркімен тағын босатып бергенде Атамбаев байғұстың өзі қолдаған адамынан көріп отқан көресіні мынау. Сонда бұлардың бірде-біреуі Отынбаеваның тырнағына татымағаны ма, деген ой келеді. Жарайды, болар іс болған екен. Бірақ Жээнбековтің ертеңгі президенттіктен кейінгі өмірі қандай болады? Тағдыр талайы не күтіп тұр? Еркек президенттің бәрін ерден аударып, бетіне қара күйе жағып, масқаралағанда қырғыз халқы не табады? Қандай күйге ұшырайды? Жастарына қандай үлгі-өнеге қалдырады? Әлде рушылдықтың, жершілдіктің, жікшілдіктің қамытынан олар да құтыла алмай жүруі керек пе? Ақыры осындай болып біте берсе, президент болып кім құштар болып ұмтыла қояр дейсің? Отынбаева да қырғыздың осындай әдеттерінен хабардар болғандықтан, тақтан өз еркімен бас тартқан болар, кім біледі? Әрине, менің біреудің ісіне араласып отырған түгім жоқ. Тек жеке пікірім ғана.

  2. Қария 15 Тамыз, 2019 08:19 Жауап

    Біз де олардан озып кете қойған жоқпыз. Көршіге күлетін жағдай жоқ қой….

Пікір немесе жауап жазу

20 + бес =