«Астана» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Елорданың «Астана» футбол клубы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Тамыздың 8-і күні өз алаңында Мальтаның «Валлетта» клубын 5:1 есебімен жеңген "Астана" ойыншылары жарыс кестесіндегі жағдайларын жақсарта түсті.

Одан кейін сырт алаңдағы қарымта кездесуде де тамаша ойын өрнегін көрсеткен отандық футболшылар плей-офф кезеңіне жолдаманы жұлып алды десек те болады.

Ойын барысында алғашқы допты "Валлетта" ойыншылары салды, алайда мальталық клуб бұны офсайдтан жасағасын, арбитр қақпаға кірген допты санамады.

Елордалық клуб сапынан алғаш болып Роман Муртазаев көзге түсті. Серікжан Мұжықовтан "пас" алған ол қарсыластың қақпасына бірінші голды салып, көрерменнің көңілін үстем етті.

Алғашқы тайымда "Астана" ойыншылары есепті тағы да ұлғайтты. Ойынның 37-ші минутында хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов мальталық клубтың қақпасына екінші голды салып кетті.

Үзілістен кейінгі ойын да тартысқа толы болды. Қарсыластарының осал жерін білген отандастарымыз "Валеттаның" қақпасына тағы екі допты кіргізді. Ойынның 68-ші минутында Муртазаев дубль жасаса, 89-шы минутта Томасов та өзінің осы ойындағы екінші добын қарсылас қақпасына салды.

Енді «Астана» плей-офф сатысында Беларусьтің БАТЭ командасымен кездеседі. Беларусь клубы бүгін Боснияның «Сараево» командасын орта жолда қалдырды. «Астана» оларды 22 тамызда өз алаңында қабылдаса, 29 тамызда қарымта ойын өткізеді.