Аятжан Ахметжанұлы: Пара беріп жұмысқа тұру – құлдықты сатып алу

4111
6
Бөлісу:

– Мектепке мұғалім болу үшін 1 000 000 сұрады, кредит алайын десем банк бермей жатыр, 500 мың берейін десем «онда кітапханашы боласың» дейді, ал менің кітапханашы болғым келмейді.

– Ойбай, не сұмдық?

– Пол жуатын техничка болу үшін де бізде 300 мың беріп кіресің.

Бұл – менің он жылдан бері естіп келе жатқан әңгімем. Бүгін және бір рет естідім.

Жұрт дәл осындай пара беріп кіретіндер үшін, сол параны алғандарға жыны келетін шығар, ә? Мен керісінше осынша параны беретіндерге жыным келеді. «Оларда басқа амал жоқ» деп шу ететін шығарсыздар, кешіріңіздер. Табысқа жетпейтін адам ғана әр кез өзін ақтап алатын сылтау іздейді. Бұл – соның бірі.

Қалай дейсіз ғой, былай, дәл қазір жаңа кірген мұғалім жалақысы ең көп дегенде 70-80 мың, кітапханашы 50-60 мың, техничканың ақшасы 40-50 мың. Ал, онда жоғарыдағы сумма ол – оның бір жылдық жалақысы. Ол бір жылдық жалақысын алдын ала беріп, бір жыл тегін жұмыс істейді деген сөз. Ал, оны кредит алып беру – екі жылдық тегін жұмыс. Бір жыл пара алған адамға, бір жыл банкке құлдыққа өзін сату.

Іс тек бұнымен бітпейді. Мұндай пара берген адам бір жылдан кейін де жұмыстан шығып қалмау үшін бастығының айтқанымен жүріп, айдағанына көнеді. Себебі, келіспесе жұмыстан шығып кетуі ғажап емес. Ал, жұмыстан шығып кетсе ақша күйеді. Осылай «амалсыз» айлар мен жылдарды құлдықпен өткізеді.

«Не істейді, енді басқа жұмыс жоқ болса» деп кіжініп отырсыз ба? Тоқтаңыз.

Бір миллион жарайды, бес жүз мың теңгесі бар адам, осынша ақшаны қиналса да табатын адам құлдықсыз да өмір сүре алады. Мұндай ақшамен бизнес те бастауға болады, мұндай ақшамен мал алып, мал бағуға да болады. Мұндай ақшамен бақша егуге де болады. Мұндай ақшамен… Бір жақсы жері – «өзің би, өзің қожасың». Құл болмайсың!

Өкінішке, бізде «үкімет өлтірмейді» деген сана басым. Үкімет өлтіреді, өлтіргенде әдемі өлтіреді. Себебі, құлдықтағы өмір тіршілік емес.

Пара беруші барда, пара алушы қашан да табылады. Параның көлемінің соншалық жоғары болуы – пара берушінің тым көп екенінің кесірі. Себебі, олар кезекте тұр. Пара берушілердің қарасы көбейген сайын, параның құны жоғарылайды. Бұл – қарапайым логика.

Пара беруді ойламайтын, өзін-өзі асырау қабілеті жоғары қауым қалыптасқанда ғана жемқорлық жойылады.

Қандай адам пара береді?

Өзіне сенімсіз, біліксіз маман пара береді. Білікті, қабілетті қауым құлдықты сатып алмайды ешқашан!

Жұмыс беруші ретінде де, әр өңірді көп аралайтын адам ретінде де Қазақстанда жұмыссыздық жоқ, біліксіздік өте ауыр екенін мойындаймын.

Кәсіпкерлермен, бизнесмендермен сөйлесе кетсең бәрінің айтатыны «білікті кадр табу өте қиын, маман тапшы» деп жылайды. Ал, қоғам жұмыс таппай жылайды. Бірақ, құлдықта өмір сүруге қоғам бейіл.

Ал, миллион пара беріп жұмысқа тұрған соң «жүйе – жемқор, ешкімнің моралдық құқы жоқ» деп сынауға дәл сол адамның құқы жоқ.

Бес жүз теңге жеген адам, мүмкіндік туса, бес жүз миллионды да ойланбай жейді. Өзі пара беріп жұмысқа кірген адамның пара алмауы тіптен мүмкін емес.

Сондықтан, адам өзгермей қоғам өзгермейді, қоғам өзгермей билік өзгермейді.

Құлдықты сатып алмайық, ағайындар!

Бұл 21 ғасыр!

Аятжан Ахметжан,

Фейсбук парақшасынан

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 6 пікір жазылған

  1. Қуандық тарғынов 6 Тамыз, 2019 16:19 Жауап

    қазақстандағы мектепке және медицина мекемелеріне жәнеде жұмысқа тұра алмай жүрген адамдардан жасырын түрде жазбаша сауал жүргізше бар шындық сонда шыгады.Мен Жайынбетов М деген азамат ауданга әкім болып келгенде алыс беріс бірден жойылды өмір жасы үзақ болсын.Біз өтірік дауырқбайға салынып жүрміз( шын күреспейміз)

  2. САЯ 7 Тамыз, 2019 17:19 Жауап

    Өте дұрыс айтылған. Авторға браво! Иа мемлекеттік мекемелерге кіру үшін міндетті түрде танысың мен ақшаң болу керек. Бұл Қазақстаннң барлық жерінде. Соның ішінде Шымкентте жұмысқа пара берудің сомасы Қазақстан бойынша ең коп соманы сурайтын қала. Әпкем Арыс қаласындағы ауруханаға еден жуушы болып жұмысқа орналасқанда 300 мың берген, бір жылдан соң тисе бастаған тағы ақша берсін деп, одан тағы ақша берді. Сөйтіп жүріп декретке шықты, үш жылдан соң жұмысқа шығу үшін тағы сондай 200-300 мыңдай пара сураған. Ондай ақша қайдан болсын қайта-қайта, сосын қойды ол жұмысын. Өзім Шымкенттің Арыс қаласының тұрғынымын. Сондай әділетсіздіктерінен туған жерімнен баяғыда безіп кеткенмін, нақты айтатын болсам мектеп бітіре салысымен. Ешқашан мемлекеттік мекемеде жұмыс жасап көрмеппін. Сол Алматыдагы ТОО, ИП, БАНК-те кассир, бухгалтер, оператор жұмыстардамыз.

  3. Қазақ 8 Тамыз, 2019 09:58 Жауап

    Тек жеке меншік жұмысқа кірсең пара алмайды. Керісінше сен жұмысыңды жақсы орындап жатсаң қосымша ақша төлейді. Мемлекеттік жұмысқа кірсең бəрі ақша алады. Бірақ ұсталып жатсада осы əдеттерін қоймайды.

  4. Серлалы наргелов 27 Тамыз, 2019 12:54 Жауап

    Пара бермеу керек.пара бердин ешкимди киналама. Автор дурыс жазган пара бермендер. Сураса устап бериндер.

Пікір немесе жауап жазу

бес × 3 =