Телегей теңіз тебіреністер ақыны

Темірхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мен Төлеген ағаны өмірімде бір-ақ рет көрдім. Ол кезде мен Қазақ телевидениесінің жаңалықтар редакциясында қатардағы редактор боп қызмет істеп жүргем-ді... Төлеген ақынның атағы ауыздан ауызға өтіп, әсіресе, жастардың құрметіне әбден бөленген кезі еді. Олар көшеде болсын, сыраханаларда болсын бас қоса қалса, оның «Сағыныш саздарын», «Бір тойым барын» тағы басқа өлеңдерін, бір-бірімен жарысқа түскендей, тұра қап жатқа соғатын. Ол кісінің Алматыға көшіп келгенін де біліп жүрдік. Ақын туралы түрлі-түрлі дақпыртты әңгімелер де дүңк-дүңк айтылып жататын. «Төлеген Құранның сүрелерін бірінен соң бірін жатқа соғады екен». «Өлеңдерін түгел жатқа айтқанын былай қойғанда, тіпті олардың ең төменгі жолынан басына дейін кері айтып шыға алатын ерекше жадқа ие жан екен». «Сондай-ақ Абай мен Махамбетті де, тіпті оны айтасыз, Әуезов пен Мүсірепов прозаларын да сағаттар бойы талмастан төгіп тастайтын көрінеді». Осындай сөздер кез-келген жерден естіліп жататын. Біз ол әңгімелерді есіміз кете елтіп тыңдайтынбыз... Бірақ мен Төлеген ағаны көре алмай жүрдім. Бір күні телевидениенің радиоға (ол кезде телевидение мен радио бір ғимаратта қоныстанған) көтерілетін басқыштың жанында темекі тартып тұр едім, жоғарыдан баспасөз беттеріне шығып жүрген суреттерінен етене таныс, Төлеген аға төмен түсіп келе жатты. Бір ұмтылып барып тұрып қалдым... Өйткені оның қалың бұйра шашының ұшы әлденеден шошынғандай шиыршық ата тікірейіп, қара сұр жүзі одан сайын қабарып, айнала тіршіліктен мүлде қол үзіп түңілгендей, өз ішіне өзі кіріп, астыңғы ерінін қатты жымқырған қалпында қасымнан өте берді. Менің ұмтылып барып тұрып қалғаным ақынның, осындай әлемтапырақ түрін көргеннен болса керек. Басқыш жанындағы шағын алаңқайдан шығып ақын соңынан қарап тұрдым. Әлденеге қатты қапаланып бара жатқан ақынның иығы қусырылып, қушиып кеткендей боп көрінді... Қайран ақын еш жаққа назар салмастан өз мұңын өзі жұтып кетіп бара жатты... Бүгінде Төлеген ақын туралы сөз бола қалған жерде немесе өлеңдерін оқығанда, ең алдымен менің көз алдыма сол көрініс көлбеңдеп келе қалады... ...Сол жылы көшеде кездескен бір кісіден Төлеген Айбергенов түу Қарақалпақстанда жүргенде кенеттен қайтыс боп кетіпті деген сұп-суық сөзді есітіп, үстіме мұп-мұздай су құйып жібер­гендей мәңгіріп тұрып қалғаным бар. Ол кезде өлім деген сөзге әлі бой үйрене қоймаған кез ғой. Мұқағали, Жұмекендердің көздері тірі. Мәңгіріп тұрып-тұрып Жазушылар одағын бетке алып тартып кеттім. Әрине, мен жұрт жиылып абыр-сабыр боп, ақынын жоқтап аһ ұрып жатқан шығар, сол көпшіліктің ішінде болайын деп ойлағам. Барсам, жоқ, олай емес. Жазушылар одағы бәз-баяғы қалпында. Абыр-сабыр да жоқ, ақынын жоқтап аһ ұрып жатқан жұрт та жоқ. Таныс ағалардың бірінен «Төлеген қайтыс болыпты ғой, рас па» деп сұрап ем, ол кісі менің сұрағыма онша мән бере қоймаған сыңаймен «е-е, солай болыпты ғой, байғұс» деп жүре жауап берді... Мен Жазушылар одағынан құлазып шықтым. *** Әрине, Төлеген Айбергенов әдебиетке, ә дегеннен қазіргі ойымызда қалыптасып кеткендей ескен желдей немесе көшкен селдей боп арқырап-сарқырап та, өз отына өзі өртенгендей лапылдап жанып та келген жоқ. Ол әдебиетке о баста, өзінің үн-әуені бола тұра, негізінен, жұрттың бәріндей қалыпты жолмен келіп кірді. Не болғанда да, онда әлі бас бермей бұзып-жарып жөңки жөнелетін асау мінез әлі көріне қойған жоқ-тын. Кей-кейде «Арындап жатқан теңізді ақтарып құям шөлдерге» деп аржағында жатқан қуатты серпіннен сес беріп қойғанмен, ол әлі адуынды арналы ағысқа айнала қоймаған-ды. Тіпті ол жастық шақтың бәріне тән махаббат тақырыбына қалам тартқанда да, оның сол кездегі өлеңдерінен өртеніп, жанып бара жатқан сезім құбылыстарын кездестіре алмайсыз. Ол өлеңдерді парақтап қарап отырсаңыз, ақынның, бәрінен бұрын, сөзбен сурет салуға, келістіріп кесте төгуге көбірек мән бергенін көрер едіңіз. Тағы да ол суреттер соншалықты нақ, соншалықты дәл болып келеді. Әсілі, суреткердің, ең басты қасиеті сөзбенен келістіріп сурет сала білуінде ғой. Ақынның Аралды көрген кездегі әсеріне көз салыңызшы: Шағалаң бейне төбеден Әуелеп ұшқан ақ парақ. Аумағың толы көп өлең, Айдының фотоаппарат. Көзден кетпестей, көңілден өшпестей боп салынған сурет қой бұл. Сондай-ақ оның: Жаңбырдан қалған қақ суы Секілді сұйық сары май. немесе: Бұлқынып жатқан бұлақтар Бұралып жатқан бұрғыдай. немесе: Шәйнектен сары қыр мұрын Құйылып жатыр қара шай, – сияқты суреттер де көңіл дәптеріңізге үзіліп-үзіліп түскен жапырақтардай боп сол қалпында қона-қона қалады. Әрине, суреттің де суреті бар. Әлгі жолдардан сыртқы көріністерді, ақынның өзі айтқандай, фотоаппаратқа сол қалпында тартып ала қойғанын көрсек, кейде ол шаттық, қуаныштан пайда болатын абстракциялық ішкі құбылыстарды да заттандыра нақтылап көз алдыңа әкеле қояды. Шаттықтан мінген төбем шыңға айналып, Тамырлар ток жүретін сымға айналып, – осылай жалғаса береді. Егер Төлеген осы бағыттан аумай, ішіндегі бұла қуатты тұншықтырып, одан әрі ізденбей, үздік­пей, қолға іліккенді ғана қанағат тұтып жүре бергенде, онда ол, қаншама ою-өрнекті әдемі суреттер салғанмен, бар болғаны пейзаждық деңгейдегі ақын боп қалған болар еді. *** «Қанағат-қарын тойғызады». Қанағат біткен жерден ашкөздік, ашқарақтық, дүниеқоңыздық басталады. Бұл – бәріміз білетін мораль. Бірақ қанағат – шығармашылық адамы үшін, өнер қуған жан үшін мүлде керек емес қасиет. Егер өнер адамы болдым, толдым деп тоқмейілсіп тоқтар болса, онда оның біткені. Мүрдем кеткені. Өнерінің де, өзінің де күйрегені. Өйткені шын өнер адамы жазған сайын жазсам, қазған сайын қазсам деп қана өмір сүре алмақ. Өйткені шын өнер адамы өмірге ғашық адам. Ал өмірге ғашық адам – ешуақытта тоқмейілсу, болдым-толдым дегенді білмейді. Ондай адам, қашан көрсең де, тағат таппастан әлденеге тіленіп, жұтынып, алқынып, демігіп, шыдас берместей өліп-өшіп тұрады. Төлеген Айбергенов – дәл осындай ақын. Біз білетін, анық таныған Төлегеннің бастау көзі «Өмірге саяхат» кітабынан басталады. О, менің байтақ мекенім, Жанымның қаршығасы сен. Шырқағым келіп кетеді, Жазбаған ән шығарсың сен. Қызығың тербеуде мені, Тарқамас той шығарсың сен. Тулаған тар кеудедегі, Тумаған ой шығарсың сен. Ай маңдай алуан дарынның, Тері боп тамшылайсың сен. Сан жүйрік армандарымның Тұлпарын қамшылайсың сен... Ұзақ жылдар бойы қомақталып, қордала­нып жиналған, ақырында кемерін кернеп-кернеп сірескен тоғанды бір-ақ лақтырып лақ етіп ақтарылған сел-көшкіндей бір қуатты күш жұрттың бәрін өзіне жалт қаратқандай еді. Тағы да бұл өлең ел мен жұрт алдында сөз бергендей программалық өлең болатын. Сен десе толған ағыстан Қалайша ақтарылмайын. Сағынып салған алыстан Солдаттың хаттарындаймын. Жауыңды кескілермін де, Қас етпен ешкімді ешкімге мен. Бағың боп естілермін де, Сорың боп естілмеспін мен. Жүрекжарды сөз ғой бұл! Өзіне осыншалықты міндет арқалатқан бұрқақ бұла күш қой бұл! Кенеттен бүкіл қазақ даласындағы сиқырлы коммуникациялық желілер өз-өзінен сарт та сұрт іске қосылып қуатты бір дауыс саңқылдап сөйлеп кеткендей болады. Тағы да ол серттей сенімді, анттай берік дауыс боп естіледі. Төлеген Айбергенов әдебиетке келген кез оқырман қауым талғамының әбден өскен, талабы­ның әбден қатайған кезі еді. Атақты алпысыншы жылдар ғой ол. Алдымен, сәл ертерек Тұманбай, Сағилар, оларға ілесе едел-жедел келген Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаевтар тамырларын тереңге жіберген қарағайлардай нық орныға бастаған-ды. Несін жасырамыз, ол кезде ондай-ондай ірілердің қатарынан орын ала қоям деу не әпенділік, не әумесерлік сияқты болып көрінетін. Оның үстіне әлгіндей тегеурінді таланттар тұрғанда өзгеше өріс ашам деу мүмкін еместей еді. Өрістің бәрі игеріліп, төрт құбыламыз түгенделіп қойғандай болатын. Сөйтсек, олай емес екен. Өнер дегеніңіз ешуақытта түгел игерілмейді де, ешуақытта түгенделмейді де екен ғой. Ол қайта жаңа биікке, жаңа тереңдікке, жаңа кеңістікке ұмтылумен өтетін, ол жолда ындыны бір қанбайтын, ынсабы бір қайтпайтын пері мінезді дүлейлі құбылыс болып шықты. Сонымен қазақ поәзиясына өмірге деген құштарлығы алапат, тарпаң болмысты, дарқан жүректі бір ақын кеп қосылды. Тағы да ол ақын соншалықты шалт, соншалықты дегбірсіз, бәрін-бәрін сол сәтінде көріп, сол сәтінде білмесе жаны байыз таппайтын, әйтеуір не нәрсеге де ентелеп, емініп, емешегі езіліп тұрған ақын боп шықты. Оның тіпті «көзіме сыйған дүние, сөзіме сыймай тұр менің» деп өзіне өзі разы болмай қынжыла кіжінетінін қайтерсің?! Міне, шығармашылық қанағатсыздық! Тек өзіне өзі разы болмау ғана өнер адамын жаңа асуларға, жаңа өрістерге шығарса керек. Бірақ ол үшін, ең алдымен өзіне өзі үңіле білген ақын ғана өмірге үңіле алмақ. Өйткені ақын өзін танымай тұрып, өмірді тануы мүмкін емес. Егер олай етпеді ме, онда ол өмірдің тек сыртқы құбылыстарын ғана тамашалап қалмақ. Төлеген Айбергенов те дәл осы кезде, өзінің кім екенін, нендей-нендей құндылық­тарға ие екенін ұққысы келгендей өзіне үңіліп бағады. Үңіліп қарайды да, табады. Өмір ғашық, бүкіл әлем мас маған, Көзім заңғар күн сияқты қырағы. Менің денем Менделеев ашпаған Металдардың қоспасынан тұрады. Қойны кенге толы таудан аумаған Кеудем шексіз қазыналар Отаны. Сондықтан да айқайласам тау маған, Жаңғырығып жауап беріп тұрады... Ақын енді айқайласа таудың өзін жаңғыртып, одан жауап ала алатын күшке ие екенін ұқты. Өн бойында қаншама қазыналар жатқанын сезді. Әрине, ол қазыналарды, өз ішінде, өз бойында бола тұра, оп-оңай «өндіріп» ала қою қиын. Өте қиын. Өйткені ол алапат қарсылыққа ие. Адамға өзін өзі жеңу қандай қиын болса, өз бойындағы қазынаны алып шығу да сондай қиын. Қиын бол­ғанда да қиямет-қайымдай қиын. Ол үшін қуатты талант, қайратты жігер, мол ілім-білім керек. Өмірді бұрынғыдан да ұға түсуге ұмтылу керек. Оны ұңғыл-шұңғылына дейін зердеңмен зерттеп, пайым-парасатыңмен таразылап байқау қажет. Сондықтан да Төлеген ақын бұл өмірді ұғып қана қоймай жыға танығысы келді. Содан болса керек ол өзінің бұл кітабын «Өмірге саяхат» деп атапты. Бұл жолда ол өмірдің ащысынан да, тұщы­сынан да дәм татты. Аптабына күйді, аязына тоңды. Адамдардың ыстық құшағын да, мекіреніп тұрып мекерлік жасайтынын да көрді. Өмірге бүкіл жан-тәнімен, сұмдық бір қуатты құштарлықпен ұмтылған адам алдында қашанда кедергілер де, кесапатты пәле-жалалар да кездесетіні сөзсіз. Ұнатпасын тұрсам дағы сезіне, Ұнамасын тура айтамын көзіне. Бәрі соның алғанымды өзінен Қайта апарып беру үшін өзіне. Оның күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, арпалысып, алысып жүргенінің бәрі адамдар үшін ғой. Тіпті, мені ұнатпай-ақ қойсын! Ұнатпаса, атамның ар жағына! Бәрі бір солар үшін! Өйткені ол адам біткеннің бәрі шетінен қаны қатқан қатыбас, шетінен мейірімнен жұрдай, қайырымнан ада қатыгез деп ойламайды. Сондықтан да ол: Ақжүректі Адам! Мәрттік пен Ардан жасалған, Мен сендер үшін көз жұмбай барам құрбанға. Ешқашанда мен құлайтын шыңнан қаша алман, Құлағаныма қуанбас жандар тұрғанда, – дей алады. Өмірдің ішкі әлеміне саяхат жасап, елінің атаулы-атаулы жерлерін аралап жүрген ақын айналасынан тек қана жақсылықты, тек қана қуанышты мезеттер мен сәттерді, тек қана көңіл мен көзді арбайтын сән-салтанаты келіскен шат-шадыман тіршілікті көреді. Тіпті асырып, әсірелеп көреді. Көз алдым менің гүл қызыл, Көз тіккен үйлер биіктен. Аспанның бүкіл жұлдызын Көтеріп тұрған иықпен. Көз алдым менің қаһарлы Ескерткіш өскен алаңдар. Жырлайды мынау шаһарды Шыңылдап лирик бағандар, – деп көне Түркістанды таңғажайып ертегі қалаға айналдырып жібереді. Түркістанда туып-өскен мен, осы жол­дарды алғаш оқығанда, Құдай-ау, менің Түркіс­таным қандай керемет деп таң-тамаша қап таңғалып, бір тамсансам, менің жатаған Қаратауым­мен кездескенде: Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар, Армысыңдар, қария қарлы шыңдар. Төсінен керуен-керуен көш өткен тау, Сен менің керуен-керуен алғысымды ал,– деп омырауын айқара ашып, аңғардан соққан желдей есіп аңқылдап амандасып ап: Мұнша мал, мұнша дария, мұнша баумен, Тұрсың сен дүние көзін тұмшалаумен. О, шіркін, тусам-ау мен биік болып, Өзіңдей жер менен көк боп тұрсам-ау мен, –деп толғанып-толқығанын көріп екі тамсанғаным бар. Ақын есейіп келе жатты. Апыр-ау, есейген жан, әдетте, сабыр етіп, байыз тауып, сәл-пәл болса да аял жасамас па?! Жоқ, Төлеген ақын олай етпейді. Қайта шабысына шабыс, екпініне екпін, жарқылына жарқыл қосып бұрынғыдан да үдетіп жібереді. Бұл мінезі оның, әсіресе, жастық шағымен, жиырма бесін есіне алғанда анық сезіледі. Оның «Жиырма бесін желпінбей айтатындар, Бұл дүниеге босқа кеп қайтатындар», – деуі дәл осы кез. Ол үшін: Жиырма бес станоктардың Зырылдап жатқан ұршығы. Бәйгеге қосқан аттардың Тұяқтарының дүрсілі. Үздіксіз жеңіп талқысы Бір шыңнан кейін бір шыңды ап, Жиырма бес вагон тартысы Тепловоздардың ырсылдап. Арынды ақынның тоқтайтын да, толас табатын да түрі жоқ. Әйтеуір, алып бара жатқан бір дүбіліс, алып бара жатқан бір үдеріс. Айналаның бәрі дүбір мен дүрбелең. Енді оның лирикалық кейіпкері («Шабандозбен әңгіме»), тіпті қара жер үстінен шығандап шығып бұлттармен араласып бара жатады. Өкшелесіп өзің теңдес жас кілең, Зуладың да жұлдыздардың астымен, Кес-кестеген сан аңғардан қарғып-ақ Кеткен шығар сені ап ұшқан арғымақ. Қапталында қаптап қалып гүл қалың, Шарбы бұлттан шаршы орамал бұлғадың. Шабандоздың астындағы ат арғымақ емес, қанатты пырақ сияқты. Зулаған қалпы аспанға шығып кеткен Төлеген кейіпкерінің жойқын шабысын көріп отырып, еріксіз пай-пай десіп, қол соғып қошемет көрсетіп өз-өзіңнен мерейің өсіп, мәртебең биіктеп бара жатады. Рухтанасың! Оның Отанға деген шексіз махаббаты мен ыстық сүйіспеншілігі де өзгелерден өзге. Ол Отанын әдеттегідей «сүйемін, күйемін» деп айналып толғанып жатпайды. Ант-су ішіп, қарғанып-сіленбейді де. Ол өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін айнала тіршіліктегі әрбір әуен мен әуезден, үндер мен дыбыстардан, саздар мен сарындардан, тылсым пернелер мен сиқырлы иірімдерден, күн нұрымен жалт-жұлт еткен шағылыстар мен сан тарапқа самаладай боп жамырап ағылған сабылыстардан табады. Құлағыңа соншалықты жағымды, көзіңе соншалықты ыстық, жаныңа соншалықты жақын. Жанардың отты жарқылындасың, Көгімде мәңгі маздар күн, Шағалалардың шаңқылындасың, Қаңқылындасың қаздардың. Құрышы қанбас құлақтардасың, Құрақтардасың ән шерткен. Дауыстап жатқан бұлақтардасың, Алқынып келем аңсап мен. Саусағындасың күйші біткеннің, Аңсауындасың құрбымның. Шалғынындасың биші көктемнің, Таңдайындасың бұлбұлдың. Қызғалдақ қамал қырларымдасың, Сырларындасың атаның. Жанымның барлық ырғағындасың, Аяулы менің, Отаным. Отан туралы нөсер боп төгіліп тұрған бұл жол­дарды сен, әрине, тебіренбей, еміренбей оқи алмайсың. Өн бойыңды өрттей ыстық сезім үр­ле­ген көріктей кернеп, қан тамырларыңды қып-қызыл найзағайлар аралап сілкінтіп алып бара жатады. *** Көп ұзамай-ақ, өз даусын, өз жолын әбден бекітіп, шегемдеп алған Төлеген Айбер­генов, дү­ниеге өміріндегі ең басты кітабы, шығар­ма­шы­лығының алтын өзегі «Құмдағы мұнараларды» алып келді. Ол «Өмірге саяхаттан» басталған тау өзендеріндей сарқырап төгілген асау ағысты жырларын бұрынғыдан да күшейтіп, бұрынғыдан да қуаттандырып жіберген еді. Оның енді тұла бойын жарып жіберердей кеулеп, кернеп бара жататын сезім бұрқаныс­тарының құйынды құйылыстары қалыпты буын-бунақтарды да, кәнігі ырғақтарды да тас-талқан еткен еді. Өлеңнің бүкіл ереже шарттарын күйретіп, бүлік сап бұзып-жарып жеткен ол өлеңдерді жұрт біткен ешқандай жатырқап-жатсынбай, қайта көптен күткен айрықша бір жақсылықтай құшақ жая қарсы алған-ды. Әдетте біздің буын мен бунақ, иірім мен ырғақ сәл бұзылса, бүкіл үйлесім мен жарасымдылық біткенге жазылмастай жарақат түскендей жанымыздың шығып кете жаздайтыны бар. Қате түсінік. Біздің ойымызша, үйлесім мен жарасылымдықтың басты өзегі де, бастау көзі де табиғилықта. Өлең неғұрлым табиғи болса, ол соғұрлым әрі үйлесімді, әрі жарасымды. Етіміз бен сүйегімізге әбден сіңіп кеткен өлеңге қойылатын ереже-шарттардың да, өлшем-қалыптардың да біразын бүліншілікке ұшыратып, арқырап-сарқырап, ентелеп жеткен Төлеген өлеңдерін бірде бір адамның жатырқап-жатсынбауы, оның сол табиғи қуатында. Бұл жерде бір айта кететін жайт, қандай бір жаңалық болсын өзінің туған топырағына тереңнен салған тамырдан көктеп шығады. Олай болмады ма, онда сіздің әкелген жаңалығыңыз ебелек сияқты, жел бір лүп еткенде-ақ домалап-төңкеріліп, тығылатын сай іздеп лағып кетеді. Сол реттен қарайтын болсақ, онда Төлеген Айбергенов әкелген жаңалық өзінің дәстүрлі топырағынан өсіп шыққан жаңалық дей аламыз. Яғни, Төлеген поэзиясының арғы топырағы – көшпелілердің жыраулық поэзиясы. Түп тегі осы. Әрине, Төлеген оны сол қалпында көшірмей өзінше илеп, өзінше игеріп, өзінше қорытқан. Сондай-ақ ол жыраулық позия мен Төлеген өлеңдерінің мінез-құлқы да, атқарар қызметі де әр текті. Жыраулық поэзиядан, негізінен, кіл бір «қалқандардың қаңғырлағаны, семсерлердің жарқылдағаны» сес көрсетіп, тұяқ дүбірлері мен ат үстінде тартысқын арсы-күрсі алыс-жұлыстың алқынған демі мен аптыққан лебі шарпылып жатса, Төлеген өлеңдерінде көбіне-көп адам жанының ерек бір құштарлыққа, айрықша ықылас-ынтазарлыққа толы еміреністері мен тебіреністерінің уілі мен гуілі естіліп тұрады. Кей сәттерде үлбіреген үкілі сәукеле киген, шолпылары сылдырлап, білезік-жүзіктері жалтылдаған салтанатты шаттықтың үні мен сарынын құлағыңыз шалады. Бейне бір мақтаныш пен марапатқа толы ғажап бір ода тыңдағандай боласың. Ода дегенді аузыңа алсаң-ақ, алдымен американдық ақын Уолт Уйтменнің еске түсері сөзсіз. Бірақ Уйтмен өз одаларында Американың аста-төк байлығы мен табиғаттың өзі үйіп-төгіп бере салған молшылығын шат-шадыман, байтақ ауқыммен, барынша мақтанмен жырласа, ал Төлеген адам бойындағы туған жерге деген сағыныш сияқты ардақты, қасиетті, асыл байлықты бар дауыс, бар үнімен, асқақ сезіммен жырлайды. Әрине, Төлеген Айбергеновке дейін де талай-талай ақындар туған жерге деген сағынышын жырлаған. Ондай өлеңдерді, сөз жоқ, Қасымнан да, Сырбайдан да, Жұбаннан да, Ғафудан да, Тоқаштан да және т.б. ақындардан табуға болады. Сондай-ақ ол тақырыпқа Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Өтежан, Сабырхан, Дүйсенбек, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан, Дәуітәлілер де аз жазбаған. Мен бұл жерде, әруақтары жар бола көргір, о дүниелік болып кеткен ақындардың бірсыпырасын ғана ауызға алып отырмын. Көзі тірі ақындардың да бұл тақырыпқа бармағаны жоқ. Тағы да ол өлеңдердің көбісі көңіліңді желді күнгі желдей толқытып, көзіңе еріксіз жас үйірілтері сөзсіз. Дейтұрғанмен, бұл тақырыпты дәл Төлегендей тебіреніп, дәл Төлегендей қотара көтеріп, дәл Төлегендей еміреніп, оның бүкіл тамыр- талшықтарына дейін қан жүгіртіп, өн бойыңа үзіліп кетердей боп үздіккен діріл толтырып, әрбір пернесінің астына есті алатын жұмбақ гәп сыйдырып, әрбір шалт бұрылыстарына бірде еліктіріп, енді бірде арбап алатын сиқырлы қуат кіргізген ешкім жоқ деп кесіп айта аламыз. Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай. Бұлбұлдың дауысын есіте алмайсың бауларға кірсең сағынбай. Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап. Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап... Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай, Сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай. Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған, Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған. Бабалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін, Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын. Неткен телегей теңіз тебіреніс! Неткен дүрк көтерілген жаппай үдеріс! Апыр-ау, сөз дегеніңіз­дің бәрі дерлік алып кеңістікте шудалары желкілдеп жөңкілген керуен-керуендерге, түтіндері будақтап жер апшысын қуырып заулаған эшалон-эшалондарға, аспан астын каңқылдаған, сұңқылдаған, тыраулаған үндерге толтырып жіберген қаздар мен аққу, тырналарға айналып кеткендей. Оқысаң-ақ, жүрегің кеудеңе сыймай атқақтап, тұла бойыңды керіп кеткен сезім селдерінен қаншама замандар бойы қаңсып, қасаң тартып қалған әлденелер сетінеп, сөгіліп, әлденелер өз-өзінен жымдаса бірігіп жатқандай болады. Сағыныштың осыншалықты алапат қуатын сенің бүкіл болмыс-бітіміңе құйып жіберген, жеті атасына, үрім-бұтағына нұр жауғыр, Төлеген ақынға қалай ғана риза болмассың. Сағыныш деген алдыңда тұрған ақ ала басты көк заңғар, Бақытың сенің бағытын солай бара жатса алып пәк жандар. Заманым менің жанарымда алып сағыныш болып жарқылдап, Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып аэропорттар мен вокзалдар. Ал әйтпесе! Олай демей, енді не дерсің?! Сағыныш деген селді көшкінге ілесіп, басқа-басқа аэропорттар мен вокзалдардың өзі ағып бара жатса! Айналасын өзінің толассыз құйған нөсерлі жауын-жаңбырлардай өлеңдерімен шулатып, дүрліге көшіп жеткен Төлеген Айбергеновті оқырман қауым неге осыншалықты көптен күткен аңсарындай ет-бауыры езіле, еміне қарсы алды? Оның өлеңдерін әп дегеннен-ақ неге осыншалықты таңдайлары тақылдап, көмейлері толып, алқымдары ісініп жатқа соғатын болды. Өйткені, Төлеген өлеңдерінің, мақаламыздың бас жагында айтып өткеніміздей, табиғилығынан еді. Оның болмысының табиғаттың стихиялық құбылыстарына жақындығынан болатын. Төлеген өлеңдерін оқыған кездерде жан-жағыңызда сұрапыл қысым-қуатынан фонтандар атқылап, тас төбеңізде қара бұлттардың бауырын қақ жарған қып-қызыл найзағайлар жарқылдап, ормандардың шаштарын алба-жұлба етіп желдер жұлқылап, буырқана лықсып аққан өзендерде сөгілген сеңдер бірінің үстіне бірі мінгесіп сатырлап, күтірлеп, опырылып сынып жатқандай болады. Яғни, Төлеген – табиғаттың өзінен туа салған стихиялық құбылыс! Содан ба, ол мына өмірге өзі де таңғалып, оған жұртты да таңғалтып өткен ақын. Оның өлеңдерінен жекелей бір дән де, жекелей бір мән де іздеудің қажеті жоқ! Ол тұтас құйылады, тұтас төгіледі. Оның, тіпті байыппен, байсалмен-ақ жеткізетін сөздің өзін өжеттене, өршелене айтпаса, айызы да, мерейі де бір қанбайды-ау, бір қанбайды. Табиғаты солай. Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп, Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп, Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен Омырауын шерге толтырып. Апталап-айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын, Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын. Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние, Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың. Ол – өз өмірінде толассыз толқып, толассыз тебіреніп өткен ақын. Ол – өзі өмір сүрген айнала тіршіліктен де тек толқу мен тебіреністерді ғана көрген ақын. Ол – атамекенінің серпілмеген күнінен де кереметтей серпін көреді. Оны айтасыз, ол – тіпті, жалғыз тамшының өзінен де тасқын табады. («Мен сенің жалғыз тамшы тасқыныңмын»). *** Төлеген Айбергенов поэзиясының тағы бір маңдай тіреп сөйлейтін тұсы – оның «Маңғыстау саздары» дер ек. Әрине, өндірісті өлеңге көшіру оңай шаруа емес. Қалай көшірерсің?! Қара темірден тебіреністі сезім табу кімнің қолынан келе қояр дейсің?! Біраз уақыт мұнай барлау экспедицияларында жұмысшы боп істеген мен, оны жақсы түсінем. Үстінен май сорғалаған арбиған-арбиған алып мұнараларды, жерге тұмсығын сұғып жіберіп, қан сорып жатқан алып масалардай, мұнай сорып жатқан качалкаларды, апанды үңгірлердей ұзыннан ұзақ созылған құбырларды өлеңге көшіру, оны оқырманның игілігіне айналдырам деу үлкен тәуекелге бел буумен бірдей. Осы тәуекелге Төлеген ақын, оны тәуекел деп ойламай-ақ, аңқылдаған ақжарқын қалпында жайраң қағып осы тақырыпқа кіріп барады. Көзім менің! Жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қыр ап қашып. Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда – Мұнаралар басына шырақ тасып. Қалайша мен, жаным-ау, тұра аламын, Көңілімнің сыңсытпай шынар әнін. Табанымның астында қара дария, Тас төбемде тайгасы мұнараның. Білмедім мен кеудемнен ашты ма кен, Омырауы осынау тасқын әлем. Күн көтеріп барады Маңғыстауда Мұнаралар аспанның астыменен... Маңқиған мұнараларға емес, тәңір жарат­қандай ғажап көрініске есің кете таңғалып қарайсың да қаласың! Төлегеннің бір кереметі кез-келген нәрсені әрекетке кіргізіп, қозғалысқа түсіріп қоятыны. Бетонмен құйылып мызғымастай етіп бекітіп тасталған мұнараларыңыздың өзін аспанның астымен күн көтертіп жүргізіп қояды. Ақын қиялының қуатына еріксіз сүйсінесің. Тәнті боласың. Мұнаралар тайгасының ішінде жүрген ақын кенеттен «Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған» деп жар салып шыға келетіні бар. Құдай-ау, қайғының өзінен бақыт жасаған, бұрын-соңды біз көрмеген неткен ірілік бұл! Осыдан кейін-ақ оның тарпаң асаулықтан тұратын қай ісіне де шүбә келтірмейсің. Мен қара төспін шойынды саздай илеген, Құлаштап соқсаң күйге енем. Жаңғырта алмайды жапанды, Жаңғырығымды сүймеген. Отыма менің ұқсайды барлық ұрандар, Қанатын малып ұшады соған қырандар. Мен қара төспін, соқсаң да – қанша шаршаман. Қып-қызыл шоқ боп үскіріктерге қарсы ағам. Шеге боп енем үйлердің Қабырғасына қаусаған. Отына қанатын малып ұшатын қырандар мен үскіріктерге қарай қып-қызыл шоқ боп қарсы ағып бара жатқан оның орасан ғаламат екпініне қайран қалмасқа лажың жоқ. Оқыған сайын оқи бергің келеді... Қазір де оның өлеңдері дүниенің үстіне көтеріліп жалт ойнап, жасын сілкілеп тұр. Айналаның бәрі керемет тебіреніске түсіп тербеліп тұрғандай... Төлеген Айбергенов өзінің қысқа ғұмырында азаматтық, ақындық міндетін де нық белгілеп кетіпті. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның». Бұл сөздерді естіген Сіз де, ақынмен бірге, тебіреніп бара жатасыз... qazaquni.kz