Жер үшін сотталған Талғат Аян мерзімінен бұрын босатылды

№2 Атырау қалалық соты Атыраудағы «жер митингілері» бойынша сотталған азаматтық белсенді Талғат АЯНДЫ толық жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатты, - деп хабарлайды "Ақ Жайық".

- Бір жылдан аса уақыт бұрын маған 2021 жылға дейін түрмеге қамау үкімін бас бостандығын шектеуге өзгертті. Бостандықты шектеу деген не: бұл бостандыққа жүрген сияқтысың, өз үйіңдесің, бірақ үйден тыс жердегі бос уақытың шектеулі деген сөз. Пробация органына апта сайын барып, белгіленіп тұруың керек, кешкі уақытта полиция қызметкерлері мекенжай бойынша тексеруі мүмкін, сондықтан ымырт үйірілген кезде «Золушка» секілді үйге қарай жүгіресің)), Үйлену тойы және т. б. сияқты көңіл көтеру шараларына баруға қақың жоқ. Ел ішіндегі бір жерге бару үшін рұқсат алу керек, сенің есімің террористерді қаржыландыруға байланысты тұлғалар тізімінде тұрғандықтан ЖСН бұғаттаулы болады, әрі-беріден соң, бұл бір де бір ұйым сені жұмысқа алмайтындай таңба, - деп жазды Талғат Аян Facebook желісіндегі парақшасында.

Талғат Аянның айтуынша, сотқа қатысқан прокурор мен пробация қызметі бұл шешімге қарсы болған, бірақ сот оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Алайда қоғамдық қызметке салынған тыйым күшінде қалады. Еске салайық, былтыр 28 сәуірде Талғат Аянды Ақтөбедегі түзету колониясынан босатып, (бас бостандығынан айыру түріндегі) жазаның өтелмеген бөлігін үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған еді.

Талғат Аянның серігі Макс БОҚАЕВ өзінің бес жылға абақтыға қамалу мерзімін Ақтөбеде, КА-168/2 орта режимдегі колонияда өтеуде.

Фархат ӘБІЛОВ