"Тальгодағы" зорлау ісіне қатысты шыққан сот үкімінің заңдылығы тексеріледі

"Тальгода" қыз зорлау ісіне қатысты шыққан сот үкімінің заңдылығы тексеріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов мәлімдеді.

"Бас көлік прокуратурасы "Нұрлы жол - Ақтөбе" бағытындағы №98 пойыз вагонында орын алған жолаушыны зорлау дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот жарыссөзі барысында прокурор айыптауды толық көлемде қолдап, кінәлі адамдарды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрағаның хабарлайды. Сот өзге шешім қабылдады. Қазіргі кезде сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі зерделенуде", - деп жазды бас көлік прокуроры Facebook желісінде.

Еске салсақ, Жетес Үмбеталиев пен Колқанат Құрманиязов есімді жолсеріктер ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 1-бөлігі ("Зорлау") бойынша кінәлі деп танылып, екі жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Үкімді сот Оразбай Сатыбалды шығарды. Кейін ол өз шешімін түсіндірген болатын.

"Костанайские новости" журналистерінің мәліметінше, зардап шеккен келіншек оқиғаны "Не молчи.kz" қорына хабарлағаннан кейін дау туған. Козғалыс көшбасшысы Дина Смаилова Facebook желісіндегі парақшасында болған оқиғаны жазды. Оның айтуынша, әйел Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге қайту үшін "Тұлпар-Тальго" билетін сатып алған. Алдымен оның купесінде бір жолаушы болған. Кейін әйел мейрамханадан тамақтанып, қайтып оралғанда, купеде трико мен майка киген жолсерік отырған. Ол көршісін басқа орынға жайғастырғанын айтып, өзі сыра ішіп отырған. Әйел жолсеріктен бірнеше рет кетуін сұрап, нәтижесінде өз дегеніне жеткен. Содан кейін есікті кілтпен жауып, ұйықтап қалған.

Шамамен таңғы сағат 4-те келіншек оянып кеткен, себебі жанында сол жолсерік жатқан. Ол есікті өзінің кілтімен ашқан. Қылмыс жасалып, ер адам шығып кеткеннен кейін купеге тағы бір жолсерік кірген.

Содан кейін әйел полицейлерді шақырған. Оқиға Қостанай облысының аумағында болды, сондықтан тергеумен жергілікті полицейлер айналысқан. Сот отырыстары Қостанайда жабық режимде өтті.