Ұлытау ауданындағы көшеге Қаныш Нұртазиновтың есімі берілетін болды

Ұлытау ауданындағы көшеге Қаныш Нұртазиновтың есімі берілетін болды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Шамхан Рахметов, марқұмның туысы:

- Орман шаруашылығында қорықтарды қорғауда талай азаматтар көз жұмды. Бұған бір тыйым салу керек деп ойлаймын. Артында аңырап анасы қалды, бала-шағасы қалды шырылдап. Халық болып, жұрт болып көмектесіп жатыр, қол ұшын беріп жатыр. Үкімет те ұйымдастырып. Рахмет айтамыз.

Қаралы үйге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов келіп, марқұмның жақындарына көңіл айтты. Президент жарлығымен тағайындалған I дәрежелі «Айбын» орденін артында қалған анасы мен отбасына табыс етті.

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

- Ол батыр, ол еліміздің батыры, ол тарихта қалатын тұлға бүгінгі күнде. Сондықтан арттағы балаларыңыз осы Қанышты, әкесін мақтаныш қылатын алда жарқын өмір деп мен ойлаймын. Біздің бәріміздің мақтанышымыз Қаныш. Ұлытаудың ұланы сондықтан мен сіздерге басу айтамын, көңіл айтамын, Ебласының атынан мемлекет басшылығының атынан.

Естеріңізге салсақ, 23 шілдеде Қаныш Нұртазинов әріптесімен Ақмола облысының Жарқайың ауданында елік атып жүргендердің ізіне түскен. Бұларды көріп тұра қашқандар өкшелеп келген қорықшыларға қарсы оқ жаудырған. Салдарынан Самат Оспанов ауыр жараланса, Қаныш Нұртазиновке тиген оқ батырды тілге келтірмеді. Ішкі істер органдарында қызмет етіп, зейнетке шыққан соң соңғы үш жылын табиғат қорғауға арнаған ердің есімін ел ұмытпақ емес. Сондықтан Ұлытау ауданы орталығында бір көшеге Қаныш Нұртазиновтың есімі берілетін болды.