Танылмай келген тау тұлға

Мырзашөлдің Мырзаханы атанған Пошанов туралы сөз

Оңтүстік өлкесі ғана емес,қазақ елінің өсуі мен өркендеуіне айтарлықтай үлесін қосқан асқар таудай алып тұлғалардың бірі – Мырзахан Пошанов. Ол – биік білімімен, ұйымдастырушылық – басшылық қабілетімен, ұлтқа тән мәдениетті мінезімен,жібектей жұмсақ тілімен, бауырмал жүрегімен, тағы басқа да абзал қасиеттерімен қатары мен әріптестеріне, үлкен менен кішіге, жалпы қауымға аса сыйлы болған жайсаң жан. Өкінішке қарай, көрнекті қоғам қайраткерінің есімі белгісіз себептермен аз айтылып, осы күнге дейін кеңінен жарияланбай келді. Ол – өз заманының мақтаныштары Ғани Мұратбаевпен, Сұлтанбек Қожановпен, Тұрар Рысқұловпен, Нұртас Оңдасыновпен, Дінмұхамбед Қонаевпен,Жұмабек Тәшеновпен, тағы басқа да әйгілі алып тұлғалармен қоян-қолтық араласып,туған елінің жүгін бір бауырдай қарасып, бір ауылдай жарасып жұмыла көтерген айтулы азамат.

- Ерлерді ұмытса да ел – сел айтады,

Ерлерді ұмытса да ел – жел айтады! – деп кезінде сыйлас әрі сырлас досы болған ақын Мағжан Жұмабаев жырлағанындай, кеш те болса, ердің есімін елі танып, еңбегін елеп-ескеріп жатқанына көппен бірге біз де қуанып, қол соғамыз. Асыл азамат жайлы естіп-білгенімді, көкірекке түйгенімді түгендеп, газет-журналдардан оқып-танысқан дүниелерімді іштей саралап отырғанымда, екі немерем иығыма асылып: - Ата, кім туралы жазайын деп отырсыз? – деп сұрады. Ол кісі жайлы айту – кейінгі ұрпаққа қажет екен ғой деп ойладым.

Қадірлі оқырман, ендігі әңгіме – кезінде Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Одақтық мемлекеттік мақта инспекциясының Қазақстан бойынша уәкілі, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы сияқты жауапты да абыройлы қызметті мінсіз атқарған, оңтүстік өлкесіндегі қауымы қалың Түркістан және Сайрам сияқты ауқымды аудандарды басқарған ағамыз Мырзахан Пошанов жайлы болмақ.

Ол кәмелет жасына жетер-жетпесте ауылдан кетті. Оны алыс жолға жаяу, жалғыз бастаған жоқшылық пен намыс еді. Ата-анасы ерте қаза болды. Туған топырағын қимаса да жетімдік тауқыметін тартқысы келмеді. Балапандай шырылдаған бала жүрегі бақытын алыстан іздеді. Ташкент қаласына адасып емес, адастырмас жол іздеп келді. Өзі тәрізді көше кезгенжетім балалармен тез тіл табысты. Аш қалмаудың, жалаңаш қалмаудың қамын қарастырды. Алдынан таң жұлдызындай жарқырап, жастар жетекшісі, панасыз қазақ балалардың қамқоршысы Ғани Мұратбаев кездесті. Жанашыр ағаның тапсыруымен қала кезіп жүрген өзіндей балаларды іздеп тауып, басын қосып, жайлы да таза жетім балалар үйіне, мектеп- интернатқа орналастыруға ұйытқы болды. Олардың арасында кейінгі уақытта көрнекті қоғам қайраткеріне айналған – Қазақстан компартиясының идеология істері жөніндегі хатшысы болған Ілияс Қабылов, Қазақ КСР Үкіметін 15жыл басқарған Нұртас Оңдасынов, Ташкент политехникалық институтына 18 жыл жетекшілік еткен Мұхамедәлі Ниязов сияқты талантты азаматтар бар еді. Жалындай жанған Ғани ағаларынан үлгі алған бұрынғы панасыз балалар енді «бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» өмір сүріп, бірлік пен достықты нығайтты. Араларында қамқорлық пен бауырмалдық басты орын алды.

Бірде Нұртас Оңдасыновқа қатты жөтел тиіп, ауырып қалды. Балалар үйінде бір бөлмеде жатқан достар өзара келісіп, көрші, өзбек қарияның ауласындағы үлкен бақша өнімінің таңертеңнен кешке дейін түбін қолмен қопсытып, ақысына борсықтың майын алып, Нұртастың қатты тиген суықтан ерте жазылуына көмектеседі. Осылай Мырзахан бала кезінен жанашыр әрі бауырмал болып өседі. Бұл қасиеттің қазіргі жастарға тигізетін үлгісі аз емес.

Сол тұста қазақ балаларына көп қамқорлық жасаған Түркістан автономиясы басшыларының бірі және «Ақ жол» газетінің редакторлығын қоса атқарып жүрген Сұлтанбек Қожанов жас Мырзаханды газеттің әріп теруші жұмысына тартады. Баспахананың ішінде тұруға тура келеді. Әріп тере жүріп, сауаты да ашылады. Араб тілін меңгеруге мүмкіндік туады. Досы Нұртас Оңдасыновтың да араб тіліне қызығушылығын оятып, тез әрі оңай үйренуіне ықпал етеді. Нұртас Оңдасынов зейнеткерлікке шыққан соң, қазақша-арабша көлемді сөздік құрастырып таратқаны баршамызға аян. Бұл маңызы орасан жұмыстың жарық көруіне Мырзахан Пошановтың да шығармашылық үлесі бар екені анық. Сөз реті келгенде, қазақ жастарының тәрбиесіне қажеті болған соң, айта кетейін, 1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі тобында оқитын студенттер арасында Нұртас Оңдасыновпен кездесу өтті. Көпті көрген, өмірдің көп сынынан өткен қайран ағаның:

- Бірінші, заман талабына сай көп білім алыңдар, екінші, басқа ұлттан жар таңдамаңдар! - деп өсиет айтқаны есімде қалыпты.

Тақырыбымызға қайта оралайық. Иә солай, Мырзахан Пошанов қазақ азаматтарының арасындағы тұңғыш әріп теруші болды. Осы баспаханада Абай өлеңдерін Мырзахан бірінші болып араб әрпімен терген екен. Аталмыш

кітап 1922 жылы ұлт жанашыры Нәзір Төреқұловтың тікелей басшылығымен Ташкентте басылды.

Қазақ әдебиетінің туындыларын Мырзахан теріп, өлеңдердің корректурасын әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев оқиды екен. Асқақ ақынмен достығы жарасқан Мырзахан онын үйіне еркін кіріп, шай дастарханында сыйлы қонақ болған. Әңгімелесіп, арқайын пікір алысқан. Олардың арасындағы достық туралы да іздене берсек, пайдалы қазынаға тап боларымыз күмәнсіз. Жуырда Мырзахан ағаның араб әрпімен жазған біршама өлеңдері барын елден естідік. Көп ұзамай жанашыр жандардың көмегімен, көркем жыр тармақтарын тамсанып оқитынымызға сенейік.

Мырзахан 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне оқуға түседі. Содан соң университеттің аспирантурасында ғылыми жұмыспен айналысады. Ол кезде жерді қолдан суландыру мәселесі жөнінде Сұлтанбек Қожановтың бірқатар ұсыныстары болған, соны жүзеге асыру үшін тақырыпты қолға алды. Кейін Мырзахан Мырзашөл өңірін игергенде осы ғылыми жұмыспен айналысқан тақырыбы көп көмегін тигізеді. Мырзаханның алғашқы атқарған үлкен жұмысы – Одақтық Мемлекеттік мақта инспекциясының Қазақстан бойынша өкілі қызметі. Мақта тұқымын жақсартумен, өнімділігін арттырумен, яғни, селекциялық жұмыспен айналысты. Ол кезде Жамбыл, Қызылорда, Шымкент бір облыс болатын. Сол үлкен өлкенің жер бөлімінде ғылыми агроном қызметінде атқарды, кейінірек Жер бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілді. 1932 жылы Оңтүстік Қазақстанның Мырзашөл өңірін игеруге зор үлесін қосты. Мақта шаруашылығын дамыту жолында Мырзашөл мен Киров каналдарын қазуда, осы маңызды мәселені орындау жөніндегі меммлекеттік комиссияның төрағасы болып тағайындалуына байланысты,ең бірінші болып үлкен ұйымдастырушылығын танытты. Барлық атқарылатын жұмысты ұршықтай үйірді.

1943 жылы тұла бойы намысқа толы Мырзахан өз еркімен майданға сұранды. Алайда, партия басшылары мылтықсыз майданға да мықты кадр қажет екенін ескеріп рұқсат бермеді. Соған қарамастан сұрапыл соғысқа өз еркімен аттанып, Сталинград шайқасына қатысып, қан төгіп, жан алысқан айқаста жарақат алады. Сол үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Госпитальда емделген соң, тылдағы жұмысқа араласады. Соғыс басталғанда Түркістан ауданын басқарса, 1944-1945 жылдары Сайрам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмысын жалғастырады. Қыруар қиындықтарға тап болды. Бірақ бәрін жеңді. Мылтықсыз майданның қаһарманына айналды.

Мырзашөлді игерудегі және жалпы Қазақстанның ауылшаруашылығы саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін 1945 жылы Орталық партия комитеті Мырзахан Пошановтың Оңтүстік Қазақтан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы етіп бекітті. Жалпы, ол кездегі саясат бойынша бірінші хатшыны Мәскеу өзі шешетін, яғни ол орыс нәсілінен болуы керек. Ал, барлық басқару жұмысының салмағы екінші хатшының қолында болатын. Сөйтіп, облысты сегіз жыл басқаруға тура келді. Мырзахан Пошановтың ұсынысы мен өтінішіне сәйкес Шу мен Қарағанды арасындағы темір жол дәлізінің құрылысы салынды. Мырзахан Пошанов тағы бір жаңа идея ұсынады. Сыр бойының суы азайып кетпеуі үшін солтүстегі өзендерді оңтүстікке бұруды сұрайды. Оның айнымас досы Түркістан топырағының асыл ұлы Нұртас Оңдасынов бұл идеяны құп көріп, оның іске асырылуын өзінің орынбасары Н.Қонаевқа тапсырады. Алайда, Орталық ол жобаға тосқауыл қойып, жауып тастады. 1951 жылы М.Пошанов ауыл шаруашылығы министрінің мақта шаруашылығы бойынша бірінші орынбасары қызметін атқарады. Ол 1959 жылға дейін Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы қызметінде болды. Соғыста алған жарақаттары сыр бере бастаған соң, 1960 жылдың аяғында денсаулығына байланысты Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Оған оңтүстік өңіріндегі іргелі оқу орны Қапланбек мал дәрігерлік техникумның директоры қызметін ұсынды. Сөйтіп техникум- колелджді 18 жыл басқарды. Жиырма жылға таяу еңбек еткенде ол кісінің атына бірде-бір мін табылған жоқ. Осы жылдар ішінде техникум жанынан кеңшар басшыларын, ауылшаруашылығына қатысты мекеме басшылары мен маман қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін қайта даярлайтын қысқа мерзімді курс ашып, өзі жетекшілік жасайды. Ол курстан атынан ат үркетін атақты азаматтар, атап айтқанда, «Большевик» кеңшарының директоры, Социалистік Еңбек Ері Шаблан Ділдабеков, қазір ауыл осы кісінің атында, Киров атындағы жеміс-жидек кеңшарының директоры Алексей Иванович Молчанов, КССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кеңшар директоры Жолдасбек Ералиев, Т.Батманов тағы басқа да басшылар сабақ алып, біліктілігін арттырды. Оңтүстік өңіріне белгілі Д.Орынбаев, И.Сахов, Н.Сейдуалиев сияқты елге сыйлы мамандар осы ұядан – Мырзаханның алдынан қанат бекітті. Өз ісінің қыры мен сырын терең меңгерген шөл даланы ақ алтынды алқапқа айналдырудың шын шеберлері осы ағаларынан тәлім мен тәрбие алған Сырбек Кәттебеков, Нартай Сапаров, Батырбай Сейданов сынды кеңшар басшылары Шардара топырағын түлетіп, түрлентті. «Бабалары еккен шынарды балалары саялайды »демекші мақтасы мен бақшасы қатар толқыған қызылқұм алқабының байлығы мен бақытын

қазіргі ұрпақ жалғастыруда. Ұлы даланың мәңгілік жаңғыруы,ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы емес пе?!

Мырзашөл мен Қызылқұм даласының қазынасына адал көзқарасымен де, қыруар қызметімен де барынша қолғабыс беріп, ащы термен тәтті өлкеге айналуына жанкүйер болған ардақты азамат Мырзахан ағамыз жайлы әлі талай сыр шертіліп, алуан алғыстар айтылар деп ойлаймыз.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары өткен тарихымызды қайта саралап, еліміз бен жеріміздің өсіп – өркендеуіне үлесін қосқан ерлерді еске алып, лайықты бағасын беруге арналды. Қазақ еліне қалытқысыз қызмет еткен, туған ұлтының болашағына өмірінің соңына дейін алаңдаған, талай-талай көсемдердің көзін көріп, қолынан дәм татып,алдынан тәрбие алған, алған азығын кейінгі ұрпаққа тарата-жарата білген, халық қамы үшін адал еңбек еткен талай азаматтарды аялы алақанымен тәрбиелеп шығарған асыл ағамыз жайлы осылай сыр шертеміз.

Сөзіміздің соңында,табиғаты мөлдір судай таза, жүрегі мен жігерін, жылуын сүйікті еліне арнаған, сан қилы қайраткер азаматтың есімін құрметтеу, атқарған еңбегін бағалау, өмірін мен өнегесін болашаққа үлгі ету мақсатында қаламыздың көрнекті бір көшесіне Мырзахан Пошановтың есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Орынды тілегіміздің тағдыры тиісті азаматтардың сауаттылығы мен жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймыз.

Нұрғали Ибрайым,

Қазақстан Республикасы Білім ісінің үздігі, Еңбек ардагері

Шардара қаласы