Өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі

Асқар таудай әкеміз Рахымбай Мырзаұлының бұл фәниден өткеніне де 44 жыл зымырап өте шығыпты. Рахымбай әкеміз 1910 жылы Алматы облысы, Жаркент өңірінде, «Октябрь» кеңшары, Қоңырөлең ауылының Ынталы(Аламан) бөлімшесінде дүниеге келген. Әкеміздің сол заманда Қажымұқан секілді алып денелі, ірі адам ретінде есімі елге мәлім екен. Мырза атамыздан тараған алты ұл, екі қыздың бірі болған Рахымбай әкеміз атына заты сай, ағайын-туғанға, айналасына рахымды да мейірімді жан еді. Ағайын-туыс ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары ақыл-кеңес сұрайтын, еліне сыйлы, халқына қалаулы жан еді. Әкесі Мырза Бектұрғанұлы Аламандағы дәу­летті кісілердің бірі болған, жомарт­тығымен де елге танылған жан екен. Атамыздың жайлауы мен қыстауы туралы ел аузында аңызға айналған әңгімелер күні бүгінге дейін жеткен. Халық арасында «Мырзаның мың жылқысы өзеннің бастауынан су ішкенде, аяқтағы елге су жетпей қалады екен» деген сөз бекер тарамаса керек. Мырзаның алты баласы – Рахымжан, Рахымбай, Рахымберді, Рахымберген (Ботай), Бейсбай, Зейнелғабидендер сәйгүліктеріне мініп,  жайлауға қатар түскенде  ел қызығып қараушы еді дейді. Алып денелі, орасан зор күштің иесі Рахымбай әкеміздің ерлігі мен таңқаларлық істері жайында жергілікті халық әлі күнге дейін жыр ғып айтатын деректі естеліктер өте көп. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» демекші, әкеміздің көзін көрген Молдамырза, Сатыбай атты ағаларымыздың айтып отыратын естелік әңгімелері асқар таудай әкеміздің асыл бейнесін одан әрі асқақтата түседі. Бірде әкеміз тауда малға шөп дайындап жүрген кезде, трактордың тросы үзіліп қалса керек. Ауыстыратын басқасы болмағандықтан, әкеміз темір тросты қолымен бұрап, арқан сияқты байлап тастаған екен. Осы секілді ол кісінің күштілігін көрсететін қызықты естеліктерді көптеп келтіруге болады. Рахымбай әкеміз «Октябрь» кеңшарының Ынталы бө­лім­шесінде ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, еліміздің мал шаруашылығы саласының дамуына орасан зор үлес қосқан азамат. Өзі өмірінің соңына дейін жылқы бағу ісімен айналысса, ал өмірлік серігі анамыз – Күлжамал Қалиқызы бие сауып, үй шаруасын дөңгелетіп ұстаған аяулы жан. Сондай-ақ, саялы бәйтерегіміз, ардақты әкеміз Рахымбай Мырзаұлы атақты Жұмағұл атты имамнан дәріс алып, діни сауатын ашып, араб тілін жетік меңгеріпті. Бес уақыт намазын қаза қылмаған көкірегі ояу, көзі ашық қазыналы қарияның өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге десек артық айтқандығымыз емес. Он перзентті өмірге әкел­ген алтын құрсақты анамыз Күлжамал Қалиқызы өмір бойы күйеуінің сүйеуі болып, бір-біріне қашан да қолдау көрсетуден танбаған ардақты жандар еді. Отбасында дүниеге келген бес ұл мен бес қыздың бесеуі бақилық болса, бесеуі бүгінгі күні дін аман арамызда жүр. Ажар мен  Дәулетхан қыздары қасиетті Меккеге қажылық сапар шегіп, мұсылмандық парыздарын  өтеп, бүгінде о дүниелік болып кетті, жандары жәннатта болсын. Гүлнар, Гүлсім  қыздары жоғары білім алып, әрқайсысы өз саласында жемісті еңбек етіп, бір-бір үйдің ұйтқысына айналған жандар. Ұлдың үлкені Әсеттолда Мырза Алматы облысы Панфилов ауданында лауазымды қызметтер атқарып, кейінгі жылдары Алматыдағы Президенттің  іс басқармасы орталық клиникасы бас дәрігерінің орынбасары қызметінде болып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ел ағасы. Ортаншы ұлы Сейдолла Мырза ауылшаруашылығы саласында еселі еңбек етіп, жемісін көріп жүр.  Ал ұлдың кішісі Берік Мырза жеке кәсіпкер ретінде, еліміздегі кәсіпкерліктің ілгерілеуі жолында ілкімді істер атқарып келе жатқан іскер азамат. Әкеміз Рахымбай Мырзаұлы бүкіл саналы ғұмырында тек ғана өзінің ұл-қыздарының ғана қамын күйттеп қойған жоқ, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білген, ауыл-аймаққа қадірлі, елдің жайына елеңдеген абыройлы ақсақал ретінде ел есінде қалды. Әулетке, туыстарға беделді, қайырымды, қалың қабағының астымен бүкіл мәселені меңзеп отыратын, алдынан бір адам қия кесіп өтпейтін, «Молдеке», «Молда аға», «Молда кісі» атанып кеткен еді ауылға. Мырза әулетінің  барлық мәселесі де әкеміз арқылы шешіліп отыратын. Көзі тірісінде көптің құрметіне бөленген аяулы жандардың иманы саламат болып, пейіште нұры шалқысын деп тілейміз. Ардақты әкеміз Рахымбай Мырзаұлының өмірден өткеніне 44 жыл, анамыз Күлжамал Қали­қызының бақилық болғанына 8 жыл толуына орай Панфилов ау­даны Ынталы ауылында тамыз айының 10-жұлдызында сағат 12.00-де аруақтарға құран бағыштап, арнайы ас беріледі. Асқа ата-ана­мыздың көзін көрген жандарды, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жег­жат­тарды түгелдей шақырамыз. Рахымбай Мырзаұлы  әулеті qazaquni.kz