Елордада жастар 100 мың теңге жалақыға жұмыс істегісі келмейді

Қалалық әкімдікте болған жиында Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин қазіргі жастар 100 мың теңге жалақысы бар мамандықтарға барғылары келмейтінін айтты, - деп хабарлайды baq.kz.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда алты мың бос вакансия бар. Жұмыспен қамту орталығаның базасында төрт мың жұмыс іздеуші тіркелген.

«Осы алты мың вакансияның екі жарым мыңының жалақысы жүз мың теңге. Ақша тауып, жұмыс істегісі келетін адамға елордада жұмыс бар. Ал, мамандықтарға келсек, қазір сұраныста жалдамалы жұмысшылар», - деді орталық басшысы.

 Баймолдиннің айтуынша, тіркелген төрт мың адамның көпшілігі базада жылдап тұрады екен.

"Олар жұмыс істегісі келмейді. Біз үш бағыт ұсынамыз. Тіркеліп тұрған азаматтарды жұмыс берушіге жібереміз. Олар тіпті сұхбатқа бармайды да. Немесе жұмыс берушіге барып, «мені жұмысқа жарамсыз деп жазып беріңіз» деп өтініш айтатын көрінеді. Ресми жұмыс істегісі келетін адамдарға біздің базада 6 мың вакансия бар. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша біз жастарды ала алмай жатырмыз. Қарап тұрсақ бізде ЖОО, колледждер өте көп, бірақ бізге келіп қолға 71 мың теңге алатынын білгенде, жұмыстан бас тартып жатқандар да бар", - дейді ол.

Сонымен қатар ол қазір көпшілік бірден көп ақша тапқысы келетінін айтады.

"Олар тәжірибе жинақтауды ойламайды. Өзінің қабілеттілігін көрсетіп, кейін келе штатқа жұмысқа кіруді ойластырмайды. Олар даяшы болып уақытша жұмыс істеп, бірден 10-15 мың теңге алғанды оңай көреді. Бұл әрине бір ай жүріп 71 мың теңге алу емес қой. Жастардың неге бұлай ойлайтыны мен үшін түсініксіз", - дейді ол.

Тағы бір өзекті мәселе, ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.Олар жалақыны конвертпен алады да, зейнетақы жарналарын салмайды.

"Елордада тұрып жұмыс істемейді дегенге ешкім сенбейді. Жұмыс істейді, бірақ заңсыз. Жұмыс беруші оларға жалақыны конвертпен береді, зейнетақы жарналары да жоқ. Мен адамдар жұмыс істемейді дегенге өз басым сенбеймін. істейді, тек бейресми. Оларды жұмыссыз деп санауға болмайды. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар", - деді ол.