Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық челленджді қолдайтынын айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдайтынын айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Қазақпарат.

«Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық. Бірге - Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, волонтерлар! #Birge #TazaQazaqstan», - деп жазды Президент.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген болатын.  Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.

«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», - деді Асқар Мамин.