Алтынтөбедегі жер дауы

1996 ж. 13 мамырда «Алтынтөбе» ауылы, кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген (кәзіргі Ордабасы) ауданы, Киров кеңшарының бір бөлімшесі болатын. Кеңес өкіметі құлап, кеңшарлар тарқаған кезде бөлімше халқы өзіне тиесілі жерден, техникадан, т.б. өз пайын (үлесін) алып, өндірістік кооператив болып бөлек отау құрып отырсын деген жоғарыдан нұсқау келген. Ол нұсқау орындалған да. Көп жыл осы кеңшарда зоотехник болып істеген Шымкентбай Түктібаев есімді азамат оның төрағасы болып сайланады. Кейінірек оның орнына – бұл кеңшарда жұмыс істемесе де, бұл ауылда тұрмаса да, кооперативте тиесілі үлесі болмаса да – жолын қалай тапқаны бір Аллаға, сосын өзіне ғана аян Әбдімәлік Сатқанбаев келіп отырады. Отырғаннан кейін кооперативтің суармалы және тәлімі жерді бір­тіндеп бөлшектеп «кооперативтен шықты» деген желеумен кооператив мүшелеріне (тиесілі мөлшерден аз етіп) беріп отырады, жайылымға тимейді. Ең ақырында кооператив құрамында Ә.Сатқанбаев пен М.Сартбаев екеуі ғана қалады. Кооперативтің Жарғысын өзгерткен Ә.Сатқанбаев кооперативке мүше емес екі баласына 700 гектарға жуық жер береді. Мысалы, Нұржан Тұрдыниязов деген ұлының атында 494 га, оның ішінде 174 га суармалы жер, Нұрбек Тұрды­ниязов деген ұлының атында 59,67 га тәлімі жер бар екен. Ә.Сатқанбаев төрағалық тізгінді қолына алған кезде «Алтынтөбе» ӨК-нің иелігінде 1996 жылы кадастрлық нөмірі №02912 жалпы жер көлемі – 1845 га, оның ішінде жайылым – 930 га, тәлімі жер – 491 га, суармалы жер – 328 га, арық-атыз – 96 га болған). Ал, түрлі аларманға жайылым жерді (дәлірегі оны пайдалану құқығын) сату үшін алдымен оны әкімшіліктің жер қорына өткізу керек болған, Сатқанбаев оны да істеген. Сонымен, бүгінгі таңда ауыл тұрғындары малын жаятын бір гектар да жайылым жер жоқ. Сенсеңіздер де осы, сенбесеңіздер де осы. Ал, Ә.Сатқанбаев «олар кооператив мүшелігінен шықты» деп жүрген адамдар заң тұрғысынан шықпаған болып саналатын көрінеді. Шығу үшін ол адам өзінің жайылым жердегі тиесілі үлесін де алу қажет екен, оны жер сатуға құмар Сатқанбаев ескермепті. Ә.Сатқанбаев бір кездері кепіл­дікке кооперативтің жерін қойып, «Валют-Транзит-Банктен» 5,5 млн. теңге несие алады. Несиесін қай­тармайды. «Валют-Транзит-Банк» кепілдікке Ә.Сатқанбаевқа берген несиесі үшін алып қойған жерді сатуға шығарады. Оны көрген Е.Қалдыбаев есімді азамат электронды аукционға қатысып, ақшасын төлеп ұтып алады. Ал, енді жерге иелік етейін деп келсе, өндірістік кооперативтің атында ондай жер жоқ болып шығады. Ол жер бөлшектеніп, талай жеке тұлға мен ұйымға сатылып кеткен болып шығады. Шақшадай басы шарадай болған Е.Қалдыбаев жерге иелік етемін деп жүргенде бес жыл зу етіп өте шығады. Ақыры болмаған соң, ол сотқа жүгінеді. Бірақ, Е.Қалдыбаевқа дейін ол жерді иеленіп қойған заңды және жеке тұлғалар өздерінің ісінің дұрыстығын сотта дәлелдеп бергендіктен Шымкент қалалық Абай аудандық соты, төрағалық етуші А.Омарова, 11.02.2019 жылы өз отырысында Е.Қалдыбаевтың арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Сот сонымен қатар Түркістан облысы, Ордабасы аудандық сот атқарушысы Н.Қ.Кенже 26.08.2014 жылы өткізген электронды аукционның №1831 хат­тамасын жарамсыз деп таныды. Сонымен, Е.Қалдыбаев жерсіз қалды дедік. Апелляциялық алқа бар емес пе? Қалдыбаев оған да жүгінеді. Бірақ, Шымкент қалалық апелляциялық сот алқасы Шымкент қалалық Абай аудандық сотының, төрағалық етуші А.Омарова, үкімін өз күшінде қалдырды. Әзірге осы... «Жер дауы» – қазақ­тың төл дауы. Қалай бір адам бір ауыл жанды мал жаятын жайылым жерсіз қалдырғаны жайлы даудың жалғасы мен қалай аяқталғаны жайлы, құрметті оқырман, сіздерді міндетті түрде хабардар ететін боламыз. Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz