Қазыбек Иса. ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС – ҰЛТТЫҢ ҮНІ БОЛУЫ ТИІС!

Бөлісу:

 «БҰЛ ӘН – БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК!»

Ұлы ақынымыз Шәкәрімнің «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» -деген керемет өлеңі бар! Ол әнді талантты әнші қызымыз Тамара Асар  әдемі шырқап жүр.

Кешелі бері  Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі туралы түрлі пікірлер айтылып жатқанда, менің есіме Шәкәрім бабамыздың осы жыры түсті.

Иә, қанша адам болса, сонша пікір бар. Күдіктенушілерді де түсінуге болады. Өйткені, бұған дейін талай кеңестер мен комиссиялар құрылды. Көбісі ел көңілінен шыққан жоқ өкінішке орай…

Бірақ, бұл жолғы Ұлттық Кеңестің орны бөлек болуы тиістігіне көңіл аудару керек. 

Біріншіден, Ұлттық Кеңес төрағасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі. Мемлекет басшысы мемлекеттік саясат талқыланатын кеңеске өзі басшылық жасаған соң Ұлттық Кеңестің  рөлі мен мәртебесі биік болуы тиіс!  Әрі Ұлттық Кеңес құру  жолдан қосылған жоба емес – Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасында бар, Ұлықтау рәсімінде баса айтылған басты мәселелердің бірі болды. Енді міне, сәтін салып, іске асырылуда.

Екіншіден, Ұлттық Кеңес дер кезінде құрылып отыр!  Яғни, заман  тудырып отырған уақыт талабы. Өйткені қоғамда қызуы көтеріліп отырған мәселелер жетерлік!   Жер мен Тілді сақтау, Парламент өкілеттігін арттыру, әділ сайлау мен әділ заңды талап еткен секілді саяси мәселелер, жемқорлықты жою, баспана мен жұмыссыздық секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелердің алды  алаңға шыға бастады…  Ал көшеде, алаңда айтылар мәселелер алдымен Ақордадағы Ұлттық Кеңес алаңында шешімін тауып жатса, бұл xалыққа да, билікке де тиімді болатыны анық.  Алдымен, адам ауырғанда қызуын өлшейді. Аурудың қауіптілік деңгейін анықтап, диагноз қояды да, емдеу жолдарын іздеп, іске кіріседі. Ұлттық Кеңес те қоғамдағы қызуы қатты,  дертті мәселелерде дәл осылай сауықтырушылық та, сақтандырушылық та рөл атқаруы керек.  Әр күрделі мәселенің дәл шешімін анықтап, ұтымды ұсыныстарын мемлекет басшысына беріп отыратын кеңесші орган болады деп білеміз.

Үшіншіден, бұл Ұлттық Кеңес жоғарыда айтып өткеніміздей, бұрынғы  құрылған кеңес, комиссиялардай, уақытша құрылған, бір мерзімдік емес, Қазақстан Президенті жанындағы тұрақты кеңесші орган.

Төртіншіден, Ұлттық Кеңес құрамына көбісі өз саласының маманы, өз ісінің шебері дерлік, тұрақты түрде көтеріп келе жатқан мәселелерінде тұжырымы айқын, тұғыры берік қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен құқық қорғаушылар, әр түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері кірген.  Өңірлерде де елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтар да бар екен.

Мысалы, Ұлттық Кеңес құрамы жариялана салысымен әлеуметтік желілерде, фейсбукта «Ұлттық Кеңес құрамында ұлтшыл ақын Қазыбек Иса бар екен, енді Ұлттық мүдделеріміз, мемлекеттік тіл мәселесі көтерілетін болды» деген құптаған, қолдаған пікірлер жазылуда.  Өзіме тікелей xабарласқандардың барлығы да ең алдымен осы ұлттық мәселелерді, әсіресе, бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын Тәуелсіздіктің негізгі тіректері – Тіл мен Жер мәселесін қадап айтуда.  Мені қолдап жатқан барлық тілектестеріме, ұлтын сүйген ұлтшыл азаматтарға алғысымды айтамын. «Ақ жол» партиясынан  Ұлттық Кеңеске мені ұсынған партия төрағасы,  Мәжіліс депутаты Азат Перуашевке де раxмет.  Яғни, ел менің негізгі тақырыбым, басты мақсатым – Ұлттық мүддені қорғау екенін жақсы біліп және үміт  артып отыр. Ендеше, менің негізгі жұмысым  – Елдің жауапкершілігі зор, артар жүгі ауыр,  үлкен үмітін ақтау болатыны анық!  Бұндай зор мақсат, ауыр жүкті Ұлттық Кеңестің мүшелерінің бәрі біліп-сезініп отыр  деп білемін.

Иә, «БҰЛ ӘН – БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК!»  және Халықтың әні  болады деп білеміз.

Ұлттық Кеңес -Ұлттың үні болуы тиіс!

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» газеті,

Qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 18 пікір жазылған

  1. Махамбет 18 Шілде, 2019 15:13 Жауап

    Ұлттық кеңес құрамында Қазыбек Иса бар екен, енді Ұлттық мүдделеріміз, мемлекеттік тіл мәселесі көтерілетін болды. Бұған дейін «Ұлт қайраткері» атағын алып еді, Ұлттық кеңеске тіл күрескерінің барғаны өте жақсы болды. Ұлттық кеңестен күтеріміз көп енді.

  2. Абзал Тоқанов 18 Шілде, 2019 16:01 Жауап

    Ұлттық кеңес ең алдымен Ұллтық мүддені қозғауы, ұлтттың алдағы болашағына үн қатуы тиіс. Сондықтан, бұл орайда елдің сөзі мен үнін жеткізіп келе жатқан Қазыбек Иса ағамыздың бұл кеңестің мүшесі атануы құба-құп екен!!! Іске сәт!!!

  3. Қазақ 18 Шілде, 2019 17:07 Жауап

    Қазыбек мырза, әр қазақтың бірінші талабы саяси тұтқындағыларды босатыңдар, кеңеске кірдіңдер ме, енді нақты қадамнан бастаңдар, бос сөзден тойғанбыз, ал сол қолдарыңнан келмесе, басқа мәселелердің басын ашпасаңдар да болады, әрі қарай басты қатырмай, өз жөндеріңе кете беріңдер, халықты билікпен қосылып алдаудың қажеті жоқ. Сайлаудың қалай өткенін біледі шығарсыз, Қазақ Елінде тұрасыз ғой, сондықтан сайлауда болған қылмыстарды ашуға ат салысыңыз, осы жайлы мәселе бар қазақ халқының ойында жүрген мәселе, себебі бұл сұрақ жабылған жоқ, ашық. Қарусыз, өз ойын айтуға шыққан халықты қанап, қинап, түрмеге қамап, одан сорақысы басқа қалалардың түрмесіне жапқан жағдайды көтеріңіз, Қазыбек мырза, осы жайлы ауыз ашпадыңыз, енді барған жеріңізде осыны жасағандар жазалансын деген сауал қойыңыз. Қазыбек мырза, АСТАНАНЫҢ АСТАНАДАН БАСҚА АТЫ ЖОҚ, бұл халықтың талабы, осы жайлы ұмытпаңыз, халықтың атынан барсаңыз кеңеске. Бірақ бір білетінім, ештеңе өзгермейді, билік өзінікін істейді, өте өкініштісі, бүгінгі қазақ қоғамында билікке сөзі өтер зиялы қауым жоқ, сондықтан сол кеңеске кіргендерден не пайда, қателессем, кешіріңдер, бірақ бәрі билікке бастарын иіп, биліктікі дұрыс деп тарқайтын жиынды құрудың не керегі бар еді, кім және не үшін. Бүгін кеңеске кіргендерді көріп шошыдым, ондай кеңестің нәтижесі белгілі, енді ол кеңесті көргім де, естігім де келмейді.

  4. қоблан 18 Шілде, 2019 18:58 Жауап

    Онда Халық Ассамблеясын Нұр отанды таратайық Ол жерде ешкімнің ұсынысы іске аспайтыны болғаны ғой Ал депудаттар не үшін кіріп отыр Әлде оларға да шындықты аитқызбай маЖемқорлықты жағымпаздықты сатқындықты екіжүзділіктіжоймай ешнәрсе өзгермейді Ал сендер болс а тек мақтауды білесіңдер 30 жылдан бері елімізде әділеттілікті орнатқанға сендерге кім кедергі жасап жүр Біреуің Елбасының атына сын айта аласыңдар ма

  5. Азат 18 Шілде, 2019 22:01 Жауап

    Қазыбек мырза, 30 жыл бойы түк бітірмегендер тағы да не бітіріп жүр кеңесте, олардан не пайда, жер мәселесі туындағанда да ауыз ашпағандарды несіне қосқан тізімге, кеңестің құрамына сұрақтар өте көп, халықтың өкілдері жоқтың қасы, билік өзіне ыңғайлыларды жинап алған, билік ең басты нәрсені ұқпай қойды, ең алдымен элитаға емес, халыққа қызмет етуі керек, пайыз санына келгенде халықтың өкілдері басым болуы керек еді, Карин, Тлеуханов, Спанова, тағы басқалары не бітірп жүр кеңесте, билік қолдарында айтатындарын айтып, мәселелерді шешсе, бұрын қайда қалған. Бұндай тізім болмайды. қайта қарастырулары керек, халықтың өкілдерін қосып, нақты және шынайы халықтың кеңесі болуы керек еді, бірақ билік өтірік істей ме, әлде шынымен жағдайды түсінбейді деген ой келеді.

  6. Зейн 20 Шілде, 2019 19:04 Жауап

    Қазақ атын жамылып жала жауып отырған қорқақ. Митинг туралы ең бірінші қазақ үні сайты жазды. Атасындай адамдаиды, жас қыздарды сүйреп баратқан полицейлердің суретін бақырайтып жариялап, ішкі істер министрі Тұрғымбаевты сынап осы Қазыбек Иса жазған мақала. Әрине, сен стл секілді өткір мақалаларды көрмейсің, себебі жала жабу бойынша заказыңды орындасаң болды. Бірақ, сенің былжырақ жалаңа ел сенбейді, себебі, олар сайтты оқиды, сен сияқты сауатсыз емес.

  7. Сәтбай 21 Шілде, 2019 15:07 Жауап

    Рахмет Зейін! Турасын айтып, «Қазақ» атын жамылған кәззапты орнына қойдың!

  8. Бөгенбай 21 Шілде, 2019 15:09 Жауап

    Ұлттық Кеңестегі басқаларын қайдам, ең бастысы ұлт мүддесін өорғап жүрген Қазыбек Иса кіріпті, біз соған сенеміз

  9. Махамбет 21 Шілде, 2019 15:12 Жауап

    Желтоқсанның жендеті, Тілді сатқан, Елді сатқан ҚосанОВтың қостаушылары – Амиржанмен бірге Халықты алдаған Айдос Сарым, Расул Жұмалылар неғып жүр Ұлттық Кеңесте? Қосановымен бірге құрымады ма!

  10. Гүлсім Оспан 29 Шілде, 2019 17:53 Жауап

    Зейін, сіздің «Қазақ атын жамылып жала жауып отырған қорқақ. Митинг туралы ең бірінші қазақ үні сайты жазды. Атасындай адамдаиды, жас қыздарды сүйреп баратқан полицейлердің суретін бақырайтып жариялап, ішкі істер министрі Тұрғымбаевты сынап осы Қазыбек Иса жазған мақала. Әрине, сен стл секілді өткір мақалаларды көрмейсің, себебі жала жабу бойынша заказыңды орындасаң болды. Бірақ, сенің былжырақ жалаңа ел сенбейді, себебі, олар сайтты оқиды, сен сияқты сауатсыз емес.»-деген сөзіңе 100 пайыз қосыламын

  11. Алмас Мукан 30 Шілде, 2019 23:31 Жауап

    Ұлттық кеңес биликтен тәуелсіз болу керек шығар. Биликтегилер оздери басшылық ету де. Құрамында куантатыны ұлт жанашырлары әйтеуір бары. Қазыбек Иса, Мұхтар Тайжан т. б. Бұл азаматтар ұлт мүддесін қорғайтыны сөзсiз.

  12. Ауылдың қазағы. 9 Тамыз, 2019 10:04 Жауап

    Қазақстанның қазба байлықтарын өз халықымыздың игілігіне жаратылуын қамтамасыз ету мәселесін де көтеріліп шешілуі керек.

Пікір немесе жауап жазу

үш × 2 =