Ақтөбеде әкімдіктің 100-ге жуық қызметкерін өлтірмек болғандар сотталды

Ақтөбеде әкімдіктің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің және соттың жүзге жуық қызметкерін өлтірмекші болды деп айыпталған екі тұрғын сотталды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, олар ДАИШ идеологиясын қолдаушылар болған. Тіпті екі азамат жоспарларын іске асыру үшін қару-жарақ сататын дүкеннен Макаров пен аңшы мылтықтарына оқ -дәрі сатуды сұраған.

Іс материалдарында олардың жүзге жуық қызметкерді қаланың сыртына шығарып, атып өлтірмек болғаны жазылған. Сонымен қатар Отардағы танысы арқылы 3 млн теңгеге граната мен тағы басқа жарылғыш заттарды алып беруін сұрап, ҰҚК департаментін жарып жіберуді жоспарлапты.

Алайда екеуі де терроризмді насихаттау, араздық тудыру, террористік топтарға қатысы бар деген айыптауларды мойындамады.

Ал сотталғандардың туыстары тергеу кезінде «ұлдарымызға қысым көрсетілді, істі қолдан жасаған» деп мәлімдеді.

Сот Жаңасыл Жұбатовты 15 жыл, Әлібек Кәлиевті 13 жылға бас бостандығынан айырды.