Мемлекет басшысы отандық дзюдошыны жеңісімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Будапештегі Гран-при турнирінен жеңіспен оралған дзюдошы Елдос Сметовті жеңісімен құттықтады. Бұл туралы президенттің Twitter-дегі парақшасында жарияланған, - деп жазды baq.kz.

«Белгілі спортшымыз Елдос Сметовті әлемдік дзюдо додасындағы айқын жеңісімен құттықтаймын! Жарайсың бауырым! Биік шыңдарға жете бер! Өзің сияқты спортшылардың жетістіктері - жас буынға жақсы үлгі», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік парақшасында.

Айта кетейік, дзюдодан Будапештте өтіп жатқан Гран-при турнирінде 60 келіде белдескен Елдос Сметов ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған болатын.

ҰОК баспасөз қызметі хабарлағандай, дзюдодан Гран-при турнирінің екінші жарыс күнінде өкінішке қарай, қазақстандық спортшылар жүлдеге іліккен жоқ.

73 келіде белдескен Жансай Смағұлов бірінші кездесуде Венгрия балуанын жеңген болатын. Алайда, екінші айналымда турнирдің күміс жүлдегері атанған ресейлік Георгий Елбакиевке жол берді.

81 келіде Қазақстан атынан екі балуан күресті. Руслан Мұсаев Конго Демократиялық Республикасынан келген қарсыласын ұтып, екінші кезеңде израильдік спортшыдан, үшінші айналымда эстониялық дзюдошыдан айласын асырды. Бірақ өз тобындағы шешуші белдесуде бразилиялық Жоао Македодан ұтылып қалды.

Дидар Хамза Конго, Ұлыбритания және Куба балуандарын жеңіп, жартылай финалға жолдама беретін жекпе-жекте венгриялық қарсыласына есе жіберді. Екі дзюдошымыз жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алды. Бірақ Мұсаев австриялық спортшыға, Хамза болгариялық балуанға есе жіберіп, жарысты жүлдесіз аяқтады.