Шымкентте жекеменшік мектеп ашылды

  Елімізде тегін орта білім беретін мектептермен қатар, жекеменшік мектептер де білім саласының дамуына өзіндік зор үлестерін қосып келе жатқаны белгілі. Шәкірттерге сапалы білім беруді көздеген мұндай білім ордалары республикамыздың түкпір-түкпірінде күн санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласында жекеменшік жаңа мектеп пайдалануға берілді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай бой көтерген білім шаңырағына ұлы ақынның есімі берілді. Мектептің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, өзінің жылы лебізін білдіріп, жаңа мектептің жұмысына сәттіліктер тіледі. Ақын есімін иеленген мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай қарастырылған. Сонымен қатар, білім ордасында оқушылар қолөнер, тігін тігу сынды түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатыса алады. Білім беру жүйесін жаңа белеске көтеру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен же­ке­меншік салынған мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы қаржы бөлінеді. Атап айтқанда, 2018-2019 оқу жылында қаладағы 11 жекеменшік мектептің 4200 оқушысы мемлекеттік сатып алу аясында қаржы­ландырылған. Бұл тұрғыдағы жұмыстар одан әрі жалғасын тауып, жекеменшік мектептердің түлектері биік белес­терді бағындырып, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етпек. Г.Бақытжанқызы qazaquni.kz