Бегім десе, Бегім еді...

Қазақ даласының бір қиырында жатқан Мырзашөлден суық хабар келді. Сол елдің абыз ақсақалы, түстіктегі туыстардың ел ағасы, Мырзашөл аймағын ұзақ жылдар абыроймен басқарған аймаққа аты мәлім қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Мақтаралдың құрметті азаматы, Сырдария университетінің құрметті профессоры Бегім Серікұлы Серіков сексенге қараған шағында өмірден озыпты. Жақында ғана «Жазушы» баспасынан «Мырзашөл - өмір мектебім» атты кітабы жарық көріп еді. «Жер бетінде қазақ көп, бірақ Қазақстан біреу» деген сөзге имандай ұйыған көкірегі ояу қариялардың бірі еді. Кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бас болып Алаш баласы Арқаға қарай көшкенде алыста жатса да «Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан) қаласы Қазақстанның ғана астанасы емес, бүкіл қазақтың астанасы» деп жүрегі жарыла қуанып, телефон шалғанын ұмыту мүмкін бе? Жүрегі ел деп соғатын, жер деп соғатын азаматтар бар біздің қазақта. Қайда жүрсе де. Қашан да. Өз ішімізде батыр да, бағлан да, бай да, би де оны аз десеңіз би түсетін үй де болармыз, ал енді ер екеніңді білейін, жат арасын­да жүріп Алаш баласы осындай болады деген асқақ ат қалдыршы. «Қазақ дегені осындай болады екен ғой!» деп таңдай қақтыршы. Жат жердегі қазақ қашан да жеңілдігі көбіктей көрінгенмен, ауырлығы табыттай (Жұмекен ақын) аманат арқалап жүреді. Оның жауапкершілігі екі есе аумақты және мұны бір білсе басынан кешкен біледі. Бекең қаншама қазаққа қам­қор болды, қаншама жасқа ұстаз болды, кедейге дәулет, кері кеткенге ар ұят, азан хаумет жолын көрсетті. Кешірімді еді. Өзі соғыстан оралмаған солдаттың баласы болғандықтан ба екен, кеңпейіл, мейірбан, қайырымды жан еді. Сырттай көп сөзі жоқ, томаға-тұйық кісі боп көрінсе, де шешілетін жерінде шешен де еді, көсілетін тұста көсем де еді. Жазушылар мен ақындарды қадағалап оқып отыратын, кітапханасы бай болатын, риза болса да, ренжісе де телефон соғып ойын ашық айтушы еді. «Оқитын хатшы» атанғаны да содан. Ал біз, астағыфиралла, кітап бетін ашпайтын, ашса да өмірінде бір кітапты аяғына дейін оқымаған қаншама хатшыларды көрдік, бүгінде арамызда солар сықылды нешеме әкімдер мен министрлер жүр қойша өріп. Әрі кеткенде үш не төрт бес минут әңгімелескен соң жанынан тезірек кетіп қалғың келеді. Алайда, солар қазір ел басқарып отыр. Бегім аға билікте болған тұста біздің жұрт жат жерде жүрмін демеді, арқасында асқар тау азаматы тұрған соң емін еркін еді, кейде тіпті, шамадан тыс еркін еді (өйтпесе қазақ бола ма?), тұнықтан тұқымы қаракөктерше жүзіп ішті, ешкімге кіріптар, ештеңеге мұқтаж болмады, бұрынғының шалдары айтпақшы «май жемесе қонағым, ет жемесе барағым» дейтұғын дәурен кешті. Сол Бекең енді жоқ... Мырзашөлдік ағайындардың кәсібі мақта, ал мақташылық деген жыл он екі ай жұмыс деген сөз. Тіпті, қаңтар мен ақпанның қарлы жаңбыры мен қара суығында атыздың соры мен тұзын шаймаққа етігімен балшық кешіп, жер суарып жүреді. «Дәу­лет кімге бітеді, мехнаткешке бітеді» дейді Шығыста. Өкінішке орай, бізде олай болмай тұр. Елде не кінә бар дейсіз, олар сол баяғы мақтасын егеді, тіпті, екпе десең де егеді, өйткені, ол – ата кәсіп. Сол баяғыша атасы, әкесі, шешесі, баласы, немересі боп еңбектеніп, маңдай тер, табан етімен тапқан табысы жыл аяғында ештеңеге жетпей, жетпегеніңіз не тіпті, ардақты Үкіметіміз бен аяулы партиямызға қарыз боп қап жатады. Үкімет диқан еңбегін үйлестіре алмай келеді. Гәп билікте кездейсоқ адамдардың көптігінде. Тізгінді жұмыртқадан жүн қырыққандар қолға алғалы нағыз бейнеткештерде қадыр қалмағаны өтірік пе? Нағыз Еңбек Ері сол диқандар емес пе? Байыса, алдымен солар баю керек қой. Жер анау, жылдан жылға соры бетіне шығып азып бара жатқан. Ел мынау, табанынан тозып жұмыс іздеп жосылып жүрген. Мырзашөлде бүгінде ауру емес жер аз. Шара қолданбаса, жеріміздің «наркоман» боп кетуі, яки химиялық дәрі дәрмек бермесеңіз қылтанақ та шықпай қалуы әбден мүмкін. Бекең марқұмды толғандыратын мәселелер өте көп еді. Біз нарық келгелі адал еңбекпен өскен адамдар дегенді айтпайтын болдық. Біз өмір сүре білетін адамдар дегенді, икемді, ыңғайлы, сенімді кісілер дегенді көп айтар болдық. Аянбай адал еңбек ету дегенді коммунистерден қалған ескі ұғым деп шештік. Билік өзі жаңармай тұрып, халықтың жаңарғанын қалайды. Ал расында коммунистердің арасында қаншама адал адамдар болды, олар ескі күпінің жаңа бит, жас бүргелеріндей өріп жүрген мынау алаяқтардан, анау паразиттерден таза еді ғой десек бұған да дау айтатындар табылар ма екен? Тумысында, «Адал еңбек, тек қана адал еңбек!» деп өткен Бегім Серікұлы ешкімге алақан жайып бармады. Боларында болып өтті, боз жорғадай желіп өтті, болдым деген соң жастармен жағаласпай, дүнейауи істерге араласпай, қадыр қасиетін жоғалтпай ұстаздыққа көшті. Мал жимай, ар жиған ақсақал жақын түгел, жатқа да сыйлы еді. Көрші Өзбек­стан Республикасының жаңа Президенті Ш.М.Мирзяев мырзаның Бекеңді қатты қа­дірлеп, «Сіз халал мехнаттың ада­мысыз, принциптің адамысыз, Сіз нағыз Баба диқансыз. Бегім аға, келе жатқан 80-жыл­дық мерей тойыңызды мен өткізіп берейін!» деп ерекше інілік іл­типат білдіруі тегін емес. Басқа жұрттың патшасы тарихта қай қа­заққа мұндай ықылас танытты?! Біз бүгінде жат қолындағы жерлер дегенді айтпаймыз. Бірақ бұл осындай мәселе жоқ деген­ді білдірмесе керек. Алдыңғы буын қадари халінше, шама шар­қынша келер ұрпағының көп жүгін жеңілдетіп кетті. Бірақ бәрі бірдей емес. Басқа қазақ маң­дайға жазғанын көрер, ал мен тек өз командамды яки өзіме адал болғандарды қамдаймын дейтін шалдарды көргенде дұрыс қартая білу деген екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақ екен ғой дейсің амалсыз. «Алла, алсаң абыроймен ала гөр» деп өткен қарияларды әулие десең болмас па? Сыйынатын Пірім десек ше сондай тұлғаларды? «Ажал ғайып» депті бұрын­ғылар, жақсыны жер қойнына берерде неге-дүр адам кешегісін емес, ертеңін ойлайды. Қандай болады қазақтың Ертеңі? Жаның жанатта болғай, қазақтың ертеңі жарқын болсын деп өткен жақсы аға. Есенғали Раушанов, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттің сыйлығының лауреаты qazaquni.kz