Сәбит ДОСАНОВ: Ел бақытты болмай, ер бақытты болмайды…

4009
0
Бөлісу:

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың иегері қаршадайынан-ақ қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгер қазақ әдебиетінің дамуына өзінің зор үлесін қосып келеді. Жазушы Сәбит Досановтың сыр-сұхбатында бір сәт оның балалық шағына саяхаттай отырып, шығармашылық лабораториясына үңіле түсеміз.

ӨЗІМНЕН ЖЕТІ ЖАС ҮЛКЕН ЖӘМИЛАҒА ҒАШЫҚ БОЛДЫМ…

– Болашақ атақты қаламгер Сәбит Досанов қандай бала болды екен?
– Мен 1940 жылы тудым. Ал 1941 жылы соғыс өрті тұтанды. Балалық шағым осындай қиын бір кезеңмен тұспа-тұс келді. Жеңіс туы желбірегеннен кейін де халыққа ес жию оңайға түскен жоқ. Тұрмыс ауыр. Сондықтан, бесіктен беліміз шықпай жатып еңбек еттік. 4-ші кластан бастап шөп шабу жұмыстарына араластық. Шындығын айтқанда, көп ойнауға да уақыт та тапшы еді. Бір сөзбен айтқанда, заманның өзі бізді еңбекор балаға айналдырды.
– Ардақты ата-аналарыңыз қандай кісілер еді?
– Анам – Мағрипа ешқандай сауаты жоқ, хат танымаған адам. Әкем –Айтмұхан қаржы-қаражат бөлімінде қызмет атқарған шенеунік. Үнемі ат үстінен түспеген азамат-тұғын.
– Неше ағайындысыз?
– Менің шешем он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Өкінішке орай, оның төртеуі мезгілінен бұрын өмірден өтті. Аллаға шүкір, қазір алты ағайынды (үш ұл, үш қыз) дін аманбыз. Тұрлы­бек, Ғабит атты інілерім мен Эльмира, Әмина атты қарындастарым Елордасы – Нұр-Сұлтанда. Ал ең кіші қарындасым – Сәбила Алматы облысына қарасты Комсомол ауылында тұрады. Қазіргі таңда бауырларымның барлығы өмірден өз орындарын тапқан, бір отба­сының ұйтқысына айналған жандар.
– Алғашқы қаламақыңыз қандай болды?
– Оқушы кезімде жазған «Пішен даласында» атты шағын әңгімем «Пионер» журналында жарық көрді. Одан кейін ол шығармам «Ана тілі» оқулығына еніп, тағы біраз басылымдарға шықты. Нақты есімде жоқ, бірақ көлемді қаламақы берілген-ді.
Бір жолы тілшілер келіп сұхбат ал­ғанда, анам: «Алғашқы әңгі­ме­сіне бір уыс ақша келіп, мына самаурынды сол кезде алғанбыз», – дегені бар.
– Ең алғашқы махаббатыңыз несімен есте қалды?
– Оқушы кезімде өзімнен 7-8 жас үлкен Жәмила деген қыз мені ғашық етті. Өзі керемет бір сұлу қыз еді. Ол кезде қайбір махаббат дей­сің?! Қолынан ұстасақ соған да мәзбіз.
Бір жолы екеуміз киноға бардық. Оның жігіті ауылдағы атышулы атаман тұғын. Кинотеатрда отырған жерімде маған сес көрсеткісі келді. Мен де аяған жоқпын. Түрлі тәсілді ағаларымнан үйреніп, дайындалып барғанмын. Қолымда қорғасын құйылған серіппе бар, сонымен иектің астынан бір пердім. Сол жерде оның мұрны қанап кетті. Ызадан жарылып кете жаздаған ол, қолындағы серіппелі пышағымен мені жарып тастамақ болды. Сол мезетте оның алдына Жәмила тұрып, мені қорғап қалды. «Махаббат не дегізбейді, аштық не жегізбейді» демекші, осылай ерлік жасағаным бар.
– Жазушылыққа келу жо­лыңызға үңілсек… Кімге елік­тедіңіз? Жастық шақта мұрт қой­ған келбетіңізді ел-жұрт Сәбит Мұқановқа ұқсататындай…
– Мен Қостанай облысына қарасты, Амангелді дейтін ауданда өмірге келдім. Яғни, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов­тардың еліненмін. Осындай қазақ әдебиетінің алыптарын тудырған топы­рақтан нәр алып өстім. Мұның өзі менің өміріме зор ықпал еткені сөзсіз.


Сондай-ақ, әдебиетке деген айрықша құштарлығым мені жазушылыққа жетелеп келгендей. Сейтжан Омаровтың «Балзия» дейтін повесін оқыдым. Осыдан кейін, Бейсенбек деген нағашымның нұсқауымен классиктерді шетінен оқи бастадым. Менің проза жазуыма ықпалын тигізген ұстазым – Сәбит Мұқанов. Бұрын Сәбең (Сәбит Мұқанов) басымда толған пьеса, роман, повесть, қайсысын жазарымды білмеймін, уақыт жетпейді дейтін. Дәл қазіргі таңда менде де дәл осындай жағдай. Көпшіліктің Мұқановқа ұқсатқаны рас. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Бүгінде сол Сәбеңдердің деңгейіне жетуге ұмтылып келе жатқан жайымыз бар. Бұл үшін, әлбетте, Аллаға сансыз шүкірлік етемін.
– «Екінші өмір» деп аталатын атақты шығармаңызды жазу идеясы қалай келді?
– Жастайымнан-ақ, Қасым Аманжолов шығармашылығы менің жүрегімнің төрінен орын алды. Бейсенбек Әбенов деген нағашым кітап оқуға баулыды. Бір жолы маған Қасым Аманжоловтың 1951 жылы Тәкен Әлімқұловтың алғы сөзімен шыққан үш томдық кітабын алып келді. Бұл кітаптар жеке кітапханамда әлі күнге дейін сақталып тұр. Қасымның шығар­машылығы мені қатты баурағаны соншалықты, оның жырларын әлі күнге дейін жатқа білемін.
Кейін жоқтаушысы жоқ Қасым да ұмытыла бастады. Содан мен «Қазақ әдебие­тіне» «Қасым қалай жазды?» деген мақала жаздым. Арада біраз уақыт өткенде қарақал­пақ­стан­дық оқырман­нан Қасым туралы роман жазуды сұраған хат келді. Осы хаттың түрткі болуымен, Қасым туралы пьеса жазылды.
Одан кейін де мен Қасым­ның өмір жолына тереңірек үңілдім. Оның әдебиет әлемін­дегі дос жарандары мен әріптестерімен көп сырластым. Нәтижесінде, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленген «Екінші өмір» атты роман өмірге келді. Бұл туынды бірқатар шет тілдеріне аударылғандықтан, алыс-жақын шетелдерге де жете таныс.
– Сізді сынағандар көп пе?
– Өмірдің ақ пен қарасының қатар жүретіндігі іспетті, шы­ғар­ма­шылық адамдарының сын пен мақтауды қатар естуін заңдылық деп білемін. Жеке басыма келсек, мені сынағандар да, мақтауымды асырғандар да жетерлік.
– Сәбит аға, сіздің сын жанрына қалам тербегеніңізді де білеміз. Жалпы, бұл жанр сізге не берді?
– Атақты журналист Төлеу­бай Ыдырысовтың кеңесімен сын жанрына бет бұрдым. Әділдікті ту етемін деп қазақ әде­биеті алыптарының да кейбір шығармалары да сын сада­ғыма ілінгені бар. Содан кейін, жауларымның көбейгені де рас. Сыннан көп «таяқ жесем» де қол үзген жоқпын. «Соны іздер», «Қазына», «Жүректің отын сөндірме» деген монография­ларым жарыққа шықты.

«СЕН АҚЫЛДЫ ЕМЕС, ДАНЫШПАН ЕКЕНСІҢ…»

– Айтпақшы, сіздің Қонаевпен достығыңыз қалай басталды? Екінің бірі қабылдауына кіре алмайтын тау тұлғамен сіз қалай достасып жүрсіз?
– «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезімде Қонаевтың қабылдауына алғаш рет кірдім. Сонда өмірімде бірінші рет патшаның алдында сөйлей алмай қалдым.


– Мысы басқан шығар…
– Олай деуге келіңкіремейтін шығар. Ол кісінің менің айтам деп дайындап барған сөзімді айтып қойды. Бары осы.
– Сонда қалай?
– Кабинетіне кіріп, қал-жағдай сұрасқан соң, Дінмұхаммед Ахметұлы: «Бүгін мен үшін тарихи күн. Өйткені, мен өзіңіздей қазақтың болашақ ұлы жазушысымен кездесіп отырмын. Сол үшін де мен өзімді бақыттымын деп есептеймін», – демесі бар ма?!
Ал мен: «Бүгін мен үшін тарихи күн. Өйткені, мен өзіңіздей ел басқарып отырған дара тұлғамен кездесіп отырмын. Сол үшін де бақыттымын», – деп айтамын деп дайындалып барғанмын. Содан қапелімде аузыма басқа сөз түспей аңтарылып қалғаным бар.
Екеуара әдебиет туралы біраз әңгімелестік. Ол кісі арасында бірқатар ақын жазушылар туралы сұрады. Әңгімеміздің жарасқаны соншалықты, үш сағаттың қалай өте шыққанын да аңғармай қалыппыз. Содан кейін мен ыңғайсызданып, қайтуға ниет білдірдім.
Димаш Ахметұлы: «Қандай шаруа бар?» – деп сұрады.
«Ешқандай шаруа жоқ», – дедім. Шындығында да бірдеңе сұрай келмеген едім.
Сөйтсем, ол заманда «патша­ның алдына келген адам бір шаруасын бітіріп кетуі керек» деген жазылмаған заң бар екен. Мен оны кейін білдім. Содан шамалы ойланып тұрдым да: «Ақыры айт деп қалдыңыз, бір өтінішімді айтайын», – дедім.
Ол кісі: «Айтшы, айтшы», – қарап тұр.
Мен: – «Сізді сағынғанда келіп тұрсам бола ма?», – дедім.
Ол кісі біраз тұрып қалды да, мені келіп қапсыра құшақтай алды. «Мен сені ақылды жігіт екен деп жүрсем, сен данышпан екенсің ғой», – деді. Осылай басталған кездесуіміз кейін достыққа ұласты.
– Кезінде бір мақалаңызбен-ақ, қыруар шаруа бітіргеніңізді білеміз… Осы төңірегінде де әңгіме иегін ағыта отырсаңыз…
– Ол заманда баспасөздің құдыреті күшті еді ғой, шіркін. Ұмытпасам, 4-класс оқып жүрген кезімде «Социалистік Қазақстан» газетіне «Басшылар – айда, халық қайда?» деген мақала жаздым. Ауы­лымызда моншаның жоқ­тығы аталмыш мақаланың өзегіне айнал­ған-ды. Мақаланың толық нұсқасы газет бетінде жарияланбаса да, ол туралы дерек шыққан-ды. Аядай ғана ауылдың мәселесі бүкіл елге тарағаннан кейін, аудан басшы­лығы тік тұрып, халыққа жылыту қазан­дығын алып, монша салып берген еді. Арқалықты қыстан қалай аман алып шыққанымды да жергі­лікті халық әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр. Жалпы, мұндай мысалдар жетерлік.
– Сәбит аға, құпия болмаса биліктің тізгінін ұстаған азаматтармен қарым-қатынасыңыз туралы да айта отырсаңыз…
– Билікте жүрген азамат­тардың көпшілігімен сәлемім түзу. Олардың бәрін тізбектеп отырудың қажеті шамалы. Сондықтан, бұл тұрғыда Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасым туралы аз кем айтып өткенім жөн шығар. Бірін­шіден, Нұрсұлтан Әбішұлы менің сүйікті оқырмандарымның бірі. Екіншіден, біз жолдас­пыз. Үшіншіден, Құдай қосқан мың­жылдық құдалармыз.
Бүгінгі Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевпен де қарым-қатынасым түзу. Мерекелерде ол кісі арнайы құттықтау жіберіп тұрады. Бір жолы ел газеті – «Егемен Қазақстанға» Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасымыз туралы мақалам шыққанан кейін хабарласып, шығармашылығыма зор табыс тіледі. Жалпы, әдебиет өкілдерімен биліктің тығыз қарым-қатынас орнатқаны жөн-ақ. Бүгінде Жазушылар одағының бастамасымен бұл бағыттағы жұмыстар күн санап жанданып келеді десек қателеспейміз.
– Жазу тәртібіңіз қалай? Күй талғайсыз ба?
– Таңғы астан кейін баспасөзге шолу жасаймын. Еліміздегі жарық көретін республикалық басы­лымдардың барлығының дерлік тұрақты оқырманымын. Түстен кейін сағат үш пен алтының арасы – тынығатын уақытым. Кешқұрым көркем әдебиет оқимын немесе шығармашылықпен айналысамын. Көбіне түнде жазамын. Өйткені, түн – тыныштық әлемі. Жаныма жайлылық сыйлайтын мезет те осы.
­– Жазудан өзге қандай ермегіңіз бар?
– Менің хоббиім – кітап оқу. Бұрындары қаламсап жинағанмын. Кейін бәрін таратып жібердім.
– Өмірлік принципіңіз қандай?
– Менің өмірлік принципім – қандай жағдайда да өтірік айтпау. Адамнан айлаңды асыруың мүмкін, бірақ Алладан ештеңе жасыра алмайсың. Жылтыраған өтірікті суқаным сүймейді. Өзімнің көлгірсіп, өтірікті көпірткен кезім жоқ. Ілуде бір зиянсыз өтірік айқтан болуым мүмкін.
– Жаныңызды ұғар дос­тарыңыз туралы сыр шерт­сеңіз… Достыққа адалсыз ба?
– Әрине, досқа адалмын. Қазақтың белгілі жазушысы Олжас Сүлейменов екеуміздің досты­ғымызға елу жылдан асты. Бір-бірімізге адалдық танытуы­мыздың арқасында арамыздан қыл өткен емес деп айта аламын. Менің де Ол­жастың да жаулары аз емес еді. Дегенмен, осындай қиын кезеңдерде, бір-бірімізді тек ғана қолдай білдік. Екеуміз бір-біріміз үшін қаншама рет «таяқ» жедік те. Бірақ қай кезде де бір-бірімізді сатқан емеспіз.
– Жазушылардың арасында шетелдік достары көбі де өзіңіз-ау… Өзге ұлттың өкілдерімен қалай тіл табысасыз? Осының да сырын ақтарсаңыз екен?
– Оның әлдеқандай бір сыры жоқ. Мүмкін жақынды да жатты да жатсынбайтын қазақы қалпымның арқасы шығар. Тағы бір атап өтерлік дүние – 1973 жылы елімізде Азия-Африка елдерінің 5-ші конференциясы өтті. Осынау дүбірлі шараға дүниежүзінің әлемге аты мәшһүр жазушыларының барлығы бас қосты. Ел үшін де әдебиетіміз үшін де тарихи маңызы зор бұл шарада жазушылардың штабын басқару маған жүктелді. Өзіме артылған сенімге селкеу түсірмей, қызметімді өте жоғары деңгейде атқарып шықтым.
Осы халықаралық жиыннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен достар таптым. Сол кезде бастау алған таныстығымыз достыққа ұласып, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

«ДОСАНОВ АФРИКАДА ДА – ДОСАНОВ»

– Қаламгер қауымның арасында «Досанов Африкада да – Досанов» деген сөздің бар екенін білеміз. Осы сөздің шығу мәнісіне тоқталып кетсеңіз…
– Бір күні атақты жазу­шы­­ларымыздың бірінің Афри­каға жолы түсіпті. Содан барған шаруасын бітіріп, елге қарай қайтайын десе ұшағы екі күннен кейін ұшады екен. Қапияда қалтасында қаржысы таусылғанын өзі де аңғармай қалыпты. Өзі аса біліңкіремейтін сонау Африкада далада қалғандай күй кешкен оның ойына менің достарым орала кетеді ғой. Содан Африканың белгілі жазушысы Тедир Диапқа менің атымнан хабарласып мән-жайды айтады. Ол кісі сол мезетте-ақ, арнайы көлік жіберіп оны алдырып, арнайы қонақ етіп күтіп, құрмет көрсетеді. Билетін де әперіп, ұшаққа отырғызып жібереді. Содан сол ағамыз елге оралған соң «Досанов Африкада да – Досанов» деп африкалық жазушылардың өзіне көрсеткен сый құрметін жыр ғып айтқаны бар.
– Мінезіңіз қандай? Отбасына жайлысыз ба?
– Негізінен мен момын әрі өте жуас адаммын. Бірақ намысыма тисе, бір кешірем, екінші рет ке­шірем, үшіншісінде кешіре алмаймын.
Отбасына жайлымын. Көп нәрсеге араласа бермеймін.


– Жан жарыңыз – Құра­лай ханымды қалай жолықтыр­дыңыз?
– Алла берген тіл байлы­ғының арқасында кез-келген адамның тілін табу маған аса бір қиындық туғыза қоймайды. Бірақ ауылдан келген мен үшін астаналық арудың көңілінен шығу оңайға түспегенін несіне жасырайын? Небір қызықты да қимас сәттер өтті ғой.
1985 жылы «Вокруг Европа» бағдарламасымен шетелге саяхаттадық. Өзімнен он жас кіші Құралайды сол кезде кезіктірдім. Ол тұста мен КСРО әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры қызметіндемін. Билік тізгіні қолымда. Сөйткен маған мұрнын шүйіріп қарағысы келмеді ол. Киноға, биге шақырамын, бірақ маған жуыйтын түрі жоқ. Тіпті, бұрылып та қарағысы келмейді. Соған зығырданым қайнап: «Мен Сәбит Досановпын, сен бір жапы­рақ боп алып маған неге қарамайсың?», – дедім. Ал, ол: «Ну, и что», – деп шорт кесіп, сөйлеспей қойғаны бар.
Ол заманда қазіргідей телефон деген жоқ. Қайта-қайта ақ қағазға хат жазып жіберіп отырдым. Хатты оқыды деген хабар жетсе, көңілім бір марқайып қалатын.
– Ол кісінің ата-анасының сізге деген көзқарасы қандай еді?
– Құралайдың әкесі – белгілі дипломат Ахмет Аққошқаров, ал анасы – қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш геолог, академик Патшайым Тәжібаева. Біз екеуміз бас қосқанда әкесі өмірден өтіп кеткен-ді. Ал анамыз – Патшайымның маған деген көзқарасы қашан да оң еді. Мені өз ұлындай қабыл­дады. Екеумізге дүркіретіп той жасап, бақыт тіледі. Той үстінде анамыз­дың: «Бүгін менің арманым орындалды, ұлым жоқ еді, ұлды болдым», – дегені әлі күнге дейін есімде.
– Өмірлік серігіңізге сый­лық жасап қуантып тұратын шығарсыз?
– Құралай екеуміздің шаңырақ көтергенімізге бүгінде 33 жылға жуықтады. Сыйлықтардың атын атап, түсін түстеп жату қисынсыз. Отасқанымызға отыз жыл толған тұста мен оған қандай сый жасарымды білмей біраз ойландым. Ақыры көп толғанып, «Ақыл мен сұлулықтан жаратылған, жан екенсің жаным-ау дара туған» атты кітап шығардым. Жан жарыма сыйлаған ең бір бағалы сыйлы­ғымның бірі осы деп ойлаймын.


– Ұлыңыз – Данияр туралы да бірер сөз қозғасаңыз?
– Данияр – бұл ерекше туған бала еді. Он жасқа дейін денсаулығы жиі мазалады. Үнемі дәрігердің бақылауында жүрді. Демікпе ауруына шалдыққандықтан, тұрақты түрде Қырғызстанға барып ем алып тұрдық. Өсе келе денсаулығы бір қалыпқа келе бастады.
21 жасында Анжелина атты орыс қызына біздің рұқсатымызбен үйленді. Дәл үйлену тойы күні өмірден өткені өзегімізді өртеген өкінішке айналды. Ал ойда-жоқта сүйген жанынан айрылған Анжелика Досанова Даниярдың өмірден өткеніне 6 жылдан асса да, әлі күнге дейін тұрмыс құрған жоқ. Бүгінде ұлымыздың орындалмай қалған бизнес жоспарларын жүзеге асыруда.
Даниярымды ойласам, көкіре­гім қарыс айрылады. Көзім жасқа, көңілім қайғыға толады. Бір көруге зар болып сағынғанда ұлымды дене мұздап, жүрек сыздап кетеді.
Алайда, Алла ісіне не шара? Алла салды мен көндім. Амалым бар ма, көнбеске, тозақтай азап­қа төзбеске? Аз ба, көп пе, қал­ған өмірде Даниярымды жоқтап өтемін…
Шексіз сүйдім жанымнан артық көрген Даниярымды. Қазір де сүйем мен оны! Көкжиекке сіңген күн құсап бір күні мен де батамын, жарық дүние дейтін жалғанға қолды бір сілтеп, Даниярымның жанына барып жатамын…
– Көкейде жүрген қандай тілегіңіз бар?
– Бірінші айтар тілегім: ел бақытты болмай, ер бақыт­ты болмайды. Тәу етер – Тәуелсіз­дігіміздің тұғыры қашан да биік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаратқан иеміз жарылқап, халқымызды айтып келмейтін түрлі апаттардан сақтаса екен.
Екінші тілегім: Алла аман­дық берсе, жарты жылды артқа тас­тасам, сексенге табан тіреймін. Тоқсанды да көрсем, бойдағы білімімді халқыма берсем екен деп тілеймін.
– Ағынан жарыла айтқан әңгімеңіз үшін рахмет!

Блиц-сауал:

– Ең жақсы көретін сөзі қандай?
– Аман бол.
– Ең ұнатпайтын сөзі.
– «Жоқ» деген сөз.
– Сіздіңше бақыт деген не?
– Бақытсыздық болмаса, сол бақыт.
– Ең әлсіз тұсыңыз?
– Сенгіштігім.
– Өмірде пендешілікке бой алдырған сәттеріңіз бар ма?
– Әрбір пенденің басында ондай сәттер кездеседі.
– Өзінің қандай мінезін ұнатады?
– Салмақтылығым ұнайды.
– Өз бойындағы ең ұнатпайтын мінезі?
– Эмоцияға берілетіндігім.
– Біреуге қиянат жасаған кезіңіз болды ма?
– Жоқ. Ешкімге қиянат жасаған емеспін.

 

Сұхбаттасқан:
Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

1 + 5 =