Жамбылдық шаруалар қырғыздардың келісілген су мөлшерін жібермей жатқандығын айтты

[caption id="attachment_102247" align="aligncenter" width="584"] Көрнекі сурет[/caption]

Жамбыл облысында 800 гектар жерге дәнді-дақыл еккен диқандардың еңбегі зая кеткелі тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығынан 50-ден астам шаруа қожалықтың алқабы қурап жатыр. Тұрғындар келісімшарттағы су мөлшерін пайдалану былай тұрсын, анда-санда сылдырап аққанына да зар болдық дейді.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Қайнар ауылындағы алқаптарда бұл уақытта жұмыс қызуы тиіс болған. Көктемде егілген дәндер жетіліп, алғашқы өнімді жинауы керек екен. Әдетте салмағы 10 келіден кем тартпайтын қарбыздар, суғарылмағандықтан қазір 1 келіге де жетпейді. Жетісіне бір рет тіршілік нәрін қажет ететін дақылдар, соңғы рет маусым айының басында ғана суарылған. Бала-шағасының аузынан жырып, бар тапқанын алқапқа салған шаруалар шарасыз күй кешуде.

Ариф Мұратов, Қайнар ауылының тұрғыны:

- 20 жылдан бері азаппен өмір сүріп келеміз. Жаз басталса, бәріміз арықты күзетеміз. Суға ақшасын уақытында төлесек те, алқаптарымыз уақытында суарылмайды. Осының салдарынан жыл сайын шығынға батамыз. Тіпті, жауын жауса қуанатын болдық. Бірақ, мұнда жаңбырдың өзі де сирек жауады.

Үш айлық еңбектің еш кететініне алаңдаған тұрғындар, сылдырап аққан судың да дұрыс бөлінбейтіндігіне наразы. Алқаптары арықтың төменгі орналасқандықтан, бас жақтағылардан су артылмайды дейді. Осыған байланысты соңғы уақытта шаруалардың арасында жанжал жиілеген. Ал, ауылдық өңірдің гидротехник маманы көршілес қырғыз елінің келісілген су мөлшерін жібермей жатқандығын алға тартты. Сондықтан, тұрғындарға бөлінетін тіршілік нәрінің көлемі де азайған екен. Қордаланған мәселенің негізгі шешімі ішкі суларды жинайтын қоймалар салу керек дейді.

Қажымұқан Әбенов, Сарыбұлақ ауылдық округінің гидротехнигі:

- Өзімізде ішкі сулар бар. Ырғайты, Қалғұты өзені бар. Егер су қоймалары салынса, біз қырғыз мемлекетінен 75-80 пайыз су тәуелділігінің көзін жоятын едік. 20 жылдың істен көрі сөз көп. Жоба бар. Бірақ, орындалуы қиын боп тұр.

Бұрын мұнда қарбыз, жүгеріден басқа дақылдар егілген екен. Алайда, суаруды көп қажет ететін көкністерді өсіруден амалсыз бас тартуға тура келіпті. Күдерін үзгендер күректерін тастап, өзге кәсіппен айналысуға шешім қабылдаса, үміті сөнбегендер алқап басын күні-түні торуылдауда.

Ала жаздай қара терге түсетін диқандар биыл да еңбектерінің рахатын көре алмайтын сыңайлы. Себебі алқаптағы қарбыздардың жартысынан көбісі жарамсыз күйде. Енді бел жазбай жұмыс жасағандар қалған өнімді аман алып қалу қалу үшін келісімшартта көрсетілген су мөлшерін жіберсе болғаны дейді.