АПАТҚА ҰШЫРАҒАН АРЫС ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛУДЕ (ФОТО)

Апаттан кейінгі Арыстың жағдайын білуге "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса тағы келді. Шымкенттен "Ақ жол" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы міндетін атқарушы Бақытжан Бейсембаев пен Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұxамеджан Қырықбаев қосылып, Арыс қаласын аралап шықты, - деп хабарлайды qazaquni.kz тілшісі.

Өткенде 26-шы маусымда келгенімізде қаңырап тұрған қалада қайнаған тірлік басталыпты. Үйлердің басым бөлігінің шатырлары мен терезелері қайта қалпына келтірілуде.

Бұрын xабарланғандай, Арыс қаласы 17 секцияға бөлініп, 17 облыс пен Түркістан облысының 17 ауданына бөлініп берілген. "Ақ жол" партиясы Арыс қалалық өкілі Әбдімәлік Ағыбайдың айтуынша, кейбір жұмысы сылбыр облыстардың құрылысшылары қайтарылып жіберілген. Ең өнімді еңбек етіп, жақсы жұмыс істеп жатқандардың алдында Жамбыл облысы мен Шардара ауданы келеді екен.

Снаряд түсіп, қаусап қалған үйлер түгел сүріліп тастап қайта салынуда. Біз көрген Ақымбеков көшесі 101 үйдегі Нұрсұлу Тұрсынбаева біраз мұңын айтты. Күйеуі қатты ауру екен, біз барғанда ем қабылдап жатты. Қабырғасы қақырап, щатыры қираған үйі тегіс сүрілуге комиссияға жіберіліпті, енді соның xабарын күтіп жатыр.

Қираған, қайта салуды қажет ететін коммерциялық нысандардяң өзі 450-дей екен. Бұларды "Атамекен" ұлттық палатасы қалпына келтіруде екен. "Атамекеннің" өкілі Мұрат мырзаның айтуынша коммерциялық нысандардың көбіінің құжаттарының жоқтығы, кейбіреулері үймен бірге өртеніп кеткен, кейбіреулері бұрыннан алынбаған, қолбайлау болуда. Соған қарамастан бәрі де қалпына келтірілуде.

Біз барған теміржол вокзалының қарсы бетіндегі "Ағабек" тойxанасы мен "Ағабек" дүкені снаряд түсіп, тас-талқаны шығып, өртеніп кеткен. Қаусап қалған ғимараттың қалдығына қараудың өзі қорқынышты. Тойxана иесі, төрт балалы, күйеуі қайтыс болған жалғызбасты ана Гүлмира Дүйсенова да Азат Перуашевке біраз арызын жеткізді.

Тура ғимарат түбінде жерді ойып жіберген снарядтың орны опырайып жатыр....

Жолда Отырар ауданының #11 штабына соқтық. Штабтың іші қаптаған адам. Бәрі құжат толтыруда. Аудан әкімінің орынбасары, штаб бастығы Рыскелді Әліш жұмыс барысы жөнінде толық ақпарат берді. Бұлар Батыс Қазақстан облысымен бірге жұмыс жүргізуде екен. Бұл секцияда 830 үй жөнделіп, оның ішінде 4 үй тегіс сүріліп, қайта салынбақ. Сонымен бірге штаб Арыс қаласының әр тұрғынына 100 мың теңге көмек беруге де өтініш жинауда екен.

Еске сала кетейік, 29 маусым күні "Ақ жол" партиясы Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша көптеген күрделі мәселелерді көрсетіп, Арыстықтарға компенсация ретінде қаржы бөлуді және банкіден алған несиелерін форс-мажор деп табуды талап еткен болатын. Бұл ұсыныстардың көбісін Үкімет іс жоспарына қосқан еді.

Арыс қаласынан және маңайындағы "Дермене" секілді елді мекендерден табылған снарядтар әскерилердің өздері жарып, залалсыздандыруда көрінеді.

Қысқаша айтқанда, аспаннан бомба жауған алапат жарылыстардан соң күн күркіресе, қорқып қалған арыстықтар қайта қайрат жинауда. Арыс қаласына қайта қан жүгіріп, қайнаған құрылыс жұмыстары жүруде.

qazaquni.kz