Абзал Құспан: ӘБІШЕВТІ ҚАМАУДА ҰСТАУҒА ЕШҚАНДАЙ ЗАҢДЫҚ НЕГІЗ ЖОҚ
2019 ж. 10 шілде
19576
9
Сот тергеу органдарының ықпалымен қамау мерзімін ай сайын автоматты түрде созумен келеді...
Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына
ҚР ҚК- 24 б, 3 б, 366 б, 4 б-мен күдікті деп танылған
И.А.Әбішевтың мүддесінде
қорғаушысы Абзал Құспан шағым түсірді.
ШАҒЫМ
Күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын санкциялау туралы Қаулыға
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы А.И.Исаева 04 шілде 2019 жылғы Қаулысымен, менің қорғауымдағы А.И.Абишевке күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын 5 айға, яғни 06 тамыз 2019 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Аталған сот Қаулысы заң талаптарына, оның ішінде ҚР қылмыстық процестік кодексіне, сонымен қатар, Қазақстан тарапы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына да қайшы келіп отыр.
Атап айтқанда:
ҚР ҚПК-ның 136-бабымен бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер көрсетілген. Оған сәйкес, «Күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау кезінде, егер қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасы болса, мұндай шараны қолдану мүмкіндігін қарау қажет» - екендігі анық көрсетілсе де, А.И.Абишевке қатысты бұл заң нормалары қолданылмай отыр.
Сонымен қатар, ҚР ҚПК-ның 138-бабымен бұлтартпау шарасын таңдау және қосымша шектеулер белгілеу кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар қатарына;
1) жасалған қылмыстың ауырлығы;
2) күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы;
3) денсаулық жағдайы;
4) отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы;
5) күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы;
6) күдіктінің, айыпталушының беделі;
7) айналысатын ісі;
8) күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы;
9) мүлiктiк жағдайы;
10) тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерiлуге тиiс – делінсе,
Осы баптың 2 бөлігінде, «Осы Кодекстің 136-бабында санамаланған негіздер болмаған кезде, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды» - деп, тайға таңба басқандай нақты көрсетілген.
Енді осы заңмен бекітілген негіздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек;
1) жасалған қылмыстың ауырлығы – Жоғарыда ҚР ҚПК-ның 138 бабы, 2 бөлігіне сілтеме жасағанымдай, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды!
2) күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы; - А.И.Абишев 63 жасқа толып, толық зейнет жасына шыққан зейнеткер, өз ортасы емес, Республикаға танымал тұлға! Ол туралы, жалпы елге қылған еңбектері, атқарған қызметтері туралы бұдан бұрынғы шағымдарымызда жеткілікті негіздер келтірілген, сонымен қатар, Абишевке ара түсіп, істің объективті тергелуін сұрап Елбасы, Республика Президенті атына Қазақстанның белгілі азаматтары тарапынан бір емес, бірнеше хаттар жолданған, оған 20 000-ның үстінде адам қолдарын қойған, бір емес бірнеше мемлекеттік наградалар алған, оның ішінде «Құрмет», "Парасат", үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, яғни бұл жағдайлардың барлығы Абишевтың жеке басы мінсіз екендігін анық көрсетіп отыр!
3) денсаулық жағдайы – бұған дейін бір емес, бірнеше рет Абишевтың денсаулық жағдайының қиындығы туралы шағымдарымызда көрсеттік, «Д» есебінде қамауға алынғанға дейін тұрғаны, тергеу изоляторы жағдайында бірнеше рет есінен танып құлап қалғаны, тиісті медициналық көмектер ала алмағаны да бірнеше рет айтылды және сотқа дәлелдер ұсынылды;
4) отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы – И.Абишев отбасылы жеті баланың әкесі, оның ішінде 2013 және 2015 жылдары туылған балалары кәмелетке толмаған;
5) күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы –И.Абишев ҚР азаматы, бүкіл өмірін Қазақстанда тұрып, Қазақстанға қызметке арнаған адам, ол үшін оның атқарған қызметтерін, іс материалдарында көрсетілген жеке басы биографиясымен танысса да жеткілікті. Яғни, аталған жағдайлар Абишевтың әлеуметтік тығыз байланысы бар екендігін дәлелдейді;
6) күдіктінің, айыпталушының беделі – жоғарыда, 2 бөлімде көрсетіп кеткенімдей, Абишевтың атқарған қызметтері, алған мемекеттік марапаттары, ол үшін еліміздің маңдайалды азаматтары қолдарын қойып, 20 000-ға үстіндегі адамның қолдау білдіріп, араша сұрап жазған хаттары, И.Абишевтың ел алдындағы беделін көрсетсе керек!
7) айналысатын ісі – Абишев бүкіл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, оны өте абыроймен атқарып келген адам!
8) күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы – қамауға алынғанға дейін Абишев тұрақты түрде ҚР Су ресурстары Комитетінің бастығы қызметін атқарып келді, осы қызметте жүріп бір емес бірнеше мемлекеттік марапттарға ие болды;
9) мүлiктiк жағдайы – Қазақстан Республикасының аймағында өзінің және отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктері тіркелген;
10) тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар – тұрақты тұрғылықты жері бар және ол тергеумен анықталған, басқа жағдайлар ретінде оның бұрын-соңды қылмыстық істерге қатысы болмағаны, қазіргі тағылып отырған айыптарының дәлелденбегені және күмәнділігін келтіруге болады.
Көріп отырғанымыздай, заңмен бекітілген бұлтартпау шарасын қолдану кезінде ескерілуі тиіс 10 негіздің 9-да Абишевтың пайдасына шешіліп тұр, ал күдіктеліп отырған қылмыстың ауырлығы ескерілмеуі керек туралы 138 баптың 2 бөлігіне сүйенер болсақ, Абишевты қамауда ұстаудың ешқандай заңдық негізі жоқ екендігін көруімізге болады!
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары - делінген.
Конституцияның 29 бабы, 1 бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
Қазақстан мемлекетімен ратификацияланған «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» 6 бабында да, өмiр сүру құқығы - әрбір адамның ажырамас құқығы болып табылатындығы бекітілген.
Соған қарамастан, И.Абишевтың тергеу изоляторы жағдайында қайта-қайта ауырып, құлап, есінен танып, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болып жатса да, осы кезге дейін оған тиісті медициналық көмек көрсетілмей, денсаулығын күтуге,өмірін сақтауға жағдай жасалынбай келеді.
Аталған халықаралық Пактінің 9 бабында былай делінген (сөзбе-сөз): «Әрбір адамның бостандыққа және жеке басының өмiрiне қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкiм де ерiксіз қамауда немесе тұтқында ұсталуға тиiс емес. Әркiм өз бостандығынан тек қана заң негiзiнде және сол заңда белгiленген процедураға сәйкес айырылуы мүмкiн».
Біздің жағдайда, жоғарыда көрсеткеніміздей қылмыстық процестік кодекстің өзімен бекітілген негіздердің барлығы сақталмай отырса да, Абишев заңсыз қамауда отыр.
Көрсетілген баптың 4 бөлігінде былай делінген (сөзбе-сөз) «Қамау немесе тұтқында ұстау арқылы бас бостандығынан айрылған әрбір адамның, оның ұсталуының заңды-заңсыз екендiгi туралы сот кiдiртпей қаулы шығарып және ұсталуы заңсыз болған күнде оны босату туралы бұйрық беру үшiн iсi сотта қаралуына құқығы бар». Алайда Абишевке қатысты тергеу соты, өкінішке қарай, біздің ешбір дәлелдерімізге құлақ аспай және оған қарсы ешқандай уәж келтірмей, тергеу органдарының ықпалында кетіп, ай сайын автоматты түрде Абишевтың қамау мерзімін созумен келеді.
Осы аталғандардың негізінде, ҚР ҚПК-ның 107, 136, 138,146 баптарын басшылыққа ала отырып,
СҰРАЙМЫН
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы А.И.Исаеваның, И.Абишевка қатысты 04 шілде 2019 жылғы күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын 5 айға, яғни 06 тамыз 2019 жылға дейін ұзарту туралы Қаулысын өзгертуді, оған қатысты үй қамағына ауыстыру туралы жаңа Қаулы қабылдауды. Абзал Құспан,
Қорғаушы