БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

Өткенсіз бүгін де, болашақ та жоқ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған «Кемеңгерліктің 30 жылы» конференциясы дәл осындай ойға жетелеп еді. Иә, тарихтан сабақ алмай болмайды. Айталық, шағында тұтас әлемге үлгі болғанымен, кейін біртіндеп күйреп, тас-талқан болған әйгілі Рим империясы туралы ойланамыз ба? Дәл сол апат азғындық, қоғамның реакцияшыл ықпалды күштердің жетегіне еріп, іштен іруі сияқты кері үдерістер салдарынан болған еді. Мұның қоғамды біртіндеп аздырып-тоздырып, ақыры құрдымға жөнелтетін төтелей жол екені де түсінікті. Сондай-ақ, талайдан бері жер жаһандағы алпауыт мемле­кеттердің тірідей сынақ алаңына айналып, сордан көз ашпай келе жатқан анау Ауғанстанның да зама­нында өркениеті гүлденген рабат өңір болғанын қазіргі көпшілік біле де бермейді-ау. Білетіндердің де ұмыта бастағаны даусыз. Заманында осы елді мәдениеті таңғажайып деңгейде дамыған керемет мемлекет еді дегенге, расында, сенудің өзі қиын. Ол аймақ туралы сөз қозғалса, жұрттың көз алдына сақалдары қауқиып, қолдарына бір-бір Калашников автоматын ұстаған жабайы тобыр немесе жер-жерде жарылыстар жасап, жаһанды шулатқан кілең бір жарымес лаңкестер кескіні елестей қалады. Әне, осыларды да әуел бас­та мұндай сұрқия күйге түсір­ген қоғамдағы сол аярлық пен алауыздық, сыбайласқан жемқорлық-тын. Ал біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жас Қазақ мемлекетін құрар алдында үнемі сондай келеңсіздіктердің алдын алуға тырысты. Сондықтан да ол мемлекет пен қоғамды жаңартудың түпқазық қағидаларының бірі –«алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидасын ұстанды. Осынау бағыттың қанша­лықты дұрыс екенін уақыттың өзі дә­лелдеді. Нарықтық экономи­ка­ның іргетасын бекіту, орта таптың пайда болуы, жалпы халықтың әл-ауқатының жақсаруы бүгінгі таңдағы саяси және рухани жаңа­руларға жол ашқаны да анық. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақ­станның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» атты еңбегінде: «Біз қалып­тасқан шындықты байсалды бағалап, қандай да болсын әсіре құлшыныстан бас тартып, сабырлы да салмақты практицизммен қарулануға тиістіміз» деп жазғаны белгілі. Елбасының осы прагматикалық ұстанымы тәуелсіз мемлекетті жаңғыртып, жаңартудың негізіне айналды. «Кемеңгерліктің 30 жылы» конференциясында мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов: «Біздің көпшілігіміз, осы жиынға қатысып отырған замандастар екі дәуірде өмір сүріп келеміз. Бүгінгі кездесуіміз өткенді аңсау емес. Тарихымыздан сабақ алып, өсу жолдарымызды жадымызда сақтау. Теңсіздіктен арылып, елдікке қол жеткізуіміздің қадірін-қасиетін толық білу. Нұрсұлтан Әбішұлы сіздің елбасшылық еткен қызметіңіздің отыз жылдығына орай осы конференцияны өт­кізуге қолдау көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев екеуіңіздің қатынасып сөз сөйлеулеріңіз ынтымақтың, билік бірлігінің үрдісі. Нағыз мемлкеттік өркендеу сабақтастығының айқын көрінісі дер едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің бүгінгі баяндамаңыз за­ман­дас­тарыңыздың барлығын толқытты. Мұны сіздің атқарған парызыңыздың кодексі деп білемін. Қызмет барысында маған сенім артқаныңыз үшін сізге алғысымды білдіргім келеді», – деп бүкпесіз лебізін білдірді. Сөз жоқ, ел Тәуелсіздігі жа­рия­­лан­ғаннан бергі уақыт аралығындағы орасан өзгерістер табиғатына зер салсақ, бәрінің басында көптеген отандық және шетелдік сарапшылар ашық мойындайтынындай, Нұрсұлтан Назарбаевтың посткеңестік кеңістік кезеңіндегі мол тәжіри­бесі, айқын стратегиялық көзқа­расы мен жіті саяси түйсігі жатқаны даусыз. Оның ғажайып саясаткер екендігі, шығармашылық ойлау дарыны, өзінің озық идеяларын тудыруға және оны өміршең етуге бірегей қабілеті ересен көшбасшы екені талас тудырмайды. Иә, Тәуелсіз Қазақ мемле­кетінің жетістіктері мен табыс­тарының қайнар бастауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қай­раткерлік тұлғасы, қайталан­байтын қолтаңбасы тұр. Алайда, осынау қыруар еңбекті кейде жете бағалай алмай жататынымыз да жасырын емес. Көбіне кері тартамыз. Мысалы, біздің қауымда ежелден қалыптасқан «қазақбай­шылық» деген ұғым бар. Бұл түсінікке, жақсылықтан гөрі, көбінесе елдің ең нашар әдеттері сыйғызылатын болуы керек. Бос сөзге үйірлік, өсекшілдік, пәлеқорлық, белгілі бір бағытта жолы болған біреулерге қарсы топ құрып, әлгіні қалайда сүріндіруге ұмтылу, әлдекімдермен жең ұшынан жалғасу, бақайесепшілдік деп кете береді. Ал сөйтеміз де, басымыз қосыла қалса, «ой, қазақ деген теңдесі жоқ ғажайып батыр ел. Меймандос халық. Ақкөңіл жұрт!» деп гүрілдеп шыға келеміз. Әрине, осының бәрінің де түрлі себептері бар. Кейде осы дертті қоздырып тұратын «вирустарды» дәл тауып, тазарта бастайтын, сөйтіп ұлтты жағымсыз дағдыдан арылтатын күнге қашан жетер екенбіз деп те ойлайсың. Расында да, әлемдік өркениет кеңістігіне енді-енді ғана дендеп араласа бастаған Қазақ еліндей жас мемлекетке ең бір ұнамсыз мінездерден тезірек құтылуға тырыспаса бола ма. Өз-өзіңді алдарқату, тоқмейілсу – нағыз тоқырау негізі. Біртіндеп топастанып, талғам-түйсіктен айрылудың жолы. Әйтеуір, жақсылыққа бас­тайтын нәрсе емес. Даңғаза-дақпыртпен қашанға дейін барасың. Ауруын жасырғанның өлетіні белгілі – ұдайы әлсіз тұсыңды бүркемелеу, сұрқиялыққа бой алдыру, сөйте-сөйте адамгершілік қасиеттерден жұрдай болу түптің түбінде жер қаптырмай қоймайтыны анық. Жамандығың алдыңнан әйтеуір бір шығады. Сен жасаған найсаптықтың зардабын өзің шекпесең де, күні ертең-ақ балаң мен немерең шегеді. Ал, анда-санда көпіріп бір мақтануға, масаттануға келсең, әрине, бұл бір есептен, еңсені түсірмеу үшін керек те шығар. «Өтірікті де қайбір жетіскеннен айтасың» демекші, кей-кейде мән-жайды жақсы біле тұра шын­дықтан жалтару белгілі тұр­мыс­тық қиындықтарды жеңуге жәрдемдесетін, жаныңды жаралайтын әлдебір қолайсыз жайлардан қорғанатын, рухты түсірмей, жігер жасытпауға көмегі бар дүние ғой; сондықтан, мұндайға бір мезгіл кешіріммен қарауға болар ма екен деп те ойлап қаласың. Бірақ, бәрібір, болмысты ылғи бояма түрінде қабылдап дағдылануды қайткенмен де жақсы әдет дей алмайсың ғой. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев: «Біз бүгін қоғамды түбегейлі өзгертуге бағыт ұстанған әлемдік деңгейдегі қайраткердің заманында тарих жасап жатырмыз. Ең бастысы, қазақстандық даму жолының ешқайда бұрылмайтынына, тек алға баса беретініне деген халықтың, қоғамның сенімі зор. Тәуелсіздік және Елбасы дегенде – ұлттық даму мен ұлттық көшбасшылық туралы айтқанда, біз жоғарыдағы тоқтамдарды басшылыққа алуымыз керек. Біздің алдымызда үшінші жаңғырудың үш бағыттағы ауқымды міндеттері тұр. Эконо-микалық дамуға саяси қолдау қажет. Ал олардың жаңа дәуірдегі іргетасы қоғамдық сананың, жеке тұлға болмысының рухани жаңғыруы болмақ. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы жаңғырудың жаңа мақсат-мұраттары мен мән-маңызы осыны меңзейді. Оған ұлттық бірлік пен қоғамдық татулық арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Тәуелсіз Қазақстан ширек ғасыр ауқымында адам танымастай өзгерген, айтарлықтай жетістіктерге жеткен мемлекетке айналды. Ал мұраты мәңгі, мақсаты биік, жаңа үлгідегі мемлекетті құруға Елбасы факторы шексіз мүмкіндік берді. Осы тарихи уақытты, жетістіктеріміз бен табыстарымызды, құнды­лықтарымызды қадірлей, бағалай білу бізге парыз» – деді. Көкейге әбден қонатын сөз. Тәуелсіз Қазақ елінің қалып­тасуы мен дамуы тарихында Елбасының рөлі орасан екені сөзсіз. Оның саяси көрегендігі, стратегиялық даналығы, белгілі мақсатқа жетудегі батылдығы мен табандылығы кез келген мемлекет басшысына үлгі боларлықтай қасиеттер. Тек осындайда Ұлт көшбас­шысына қалың елі болып жәрдемдессе деген ой туындайды екен. Еріксізден ежелгі «Өзіңді табу» деген ұғым еске түседі. Көкейде: «Ал елімнің өркендеуі жолында өзім не тындырдым?» деген сауал туындайды. Міне, бұдан барып «өзіңді тану» деген тармақ шықпақшы. Терең пәлсапалық түсініктер. Бұл – ертеңгі күнге сарабдал санамен қарайтын елдің ең байсалды қадамдарының бірі болса керек. Алдымен өзіңді біліп алмасаң өзгені танып жетістіресің бе. Әлбетте, әлем құпиясын танып-түгесу мүмкін емес. Ал адам өмірінің мәні ілім-білім, тәжірибе арқылы өле-өлгеніңше сол тылсым ғалам жұмбағын шешумен өлшенетін сияқтанады. Былайша айтқанда, заңғар парасат-пайымыңмен қыран қанаты жететін шырқау биікке көтеріліп, дүние-жаратылыстың құпияларын мейлінше мол игеруге ұмтылумен өтесің. Неғұрлым көп білсең – соғұрлым бақыттысың. Көкірегі ояу, санасы сергек жан­ның бақ-талайсыз болуы мүм­кін емес. Саған талай жәйт түсінікті. Сондықтан, сені көп ешкім алдай да алмайды. Расында да, ғаламға ылғи сонау шырқау биіктен қарап тұрар болсаң – әне, адамзат баласы үшін нағыз мереке сол! Жан сарайың күңгірлеп, көңіліңде күй ойнап жүреді. Ал қаншалықты кеще болсаң – соғұрлым қанатсызсың. Соғұрлым сорлысың. Мақұлық дейді ондайларды. Мұны мойындамасаң да өз еркің... Бірақ білім әлемі шексіз ғой. Ата-бабаңның тарихы да қатпар-қатпар сырларын терең тұңғиығына бүккен, жатқан бір түпсіз ғалам. Ал біз соның бәрін көзбен көріп, қолмен ұстап, қайшылыққа толы дүниені бүге-шігесіне дейін толық игеріп алғандай: «ойбай, біз теңдесі жоқ елміз!» деп лепіре жөнелуге құмартып тұрамыз. Рас, «мың өліп, мың тірілген» көшпенді елдің мәдениет, тұрмыс-салты ерекше халық екеніне дау жоқ. Әйткенмен, сол артықшылықтарды сабырмен қабылдап, істің мәнін парасат биігінен безбендеудің орнына лап етіп, даңғаза дақпыртқа бой алдыра беру жараса бере ме. Ал өз-өзін таппаған, өз-өзін танымаған адам жалпақ жұртқа өзінің шын бейнесін көрсетіп, кең таныта алуы неғайбыл. «Көкек өз атын өзі шақырады» дейді; бақырып жүріп батыр болмайсың – «қазақ, қазақ» деп қастерлі атты оңды-солды жалаулатып көрінген жерге тықпалап, ылғи беттен қалқып, лепіре жөнелмей, ішпен біліп, жанмен сүйетін құндылықтардың қадірін кетірмесек... бұл тұрғыда әңгіме айтылса, тілдің ұшындағы сөзді емес, жүректің тұсындағы салмақты ойды қозғасақ дейсің ғой. «Өз-өзін қамшылау» деген де түсінік те философиялық мәнге ие. Әсілі, биік мұраттар биігіне құлаш ұрып, межені мейлінше жоғары қойған жұрт қана өз-өзін қамшылайтын болар. Жалпы, еліңнің шын мықты екенін алдымен ісіңмен дәлел­демей, тек құр мақтанмен жүрсең, басқа жұрттың сыйлауды қоятыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, олардың көзіңе шұқып көрсетпегенімен, кәдімгіше тәлкек қылып, біртіндеп басына бастауы да ғажап емес... Елбасымыздың жоғарыда мысалға келтірген: «...қалып­тас­қан шындықты байсалды бағалап, қандай да болсын, әсіре құл­шыныстан бас тартып, сабырлы да салмақты практицизммен қарулануға тиістіміз» деген сөзі кейінде ойыма жиі оралады. Мұндайда ел-жұртыма: «Кемел келешекті ойласақ, әрі-сәрі дүр­мекке ілеспей, барымызды баға­лайықшы, қолдағы алтынның қадірін білейікші!» дегім келеді. Есен ТІЛЕУБЕК Қарағанды облысы qazaquni.kz