Тұңғыш агросалалық фольклорлық жинақ жарық көрді

Елімізде «Диқан қазынасы» атты тұңғыш агросалалық фольклорлық жинақ жарық көрді. Қазақ халқының диқандық-егіншілік, бағбандық дүниетанымына негізделген жинақтың тұсаукесер рәсімі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің брифинг залында өтті. Әлеуметтік кәсіпкер, мәдениет­тану­шы-лингвист Абылайхан Қалназаров­тың құрастыруымен баспаға әзірленген жинақты А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шығарды. Жиынға құрастырушы-автормен қатар, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Кенже Абдуллаев пен осы орталықтың қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Зейін Әліпбек қатысып, оқырманға берері мол тың туынды турасында әңгіме өрбітті. Кітаптың ерекшелігі – халық арасында ғасырлар бойы айтылып ұрпақтан ұрпаққа жеткен ауылшаруашылық сипатты салалық аңыз-әңгімелер мен әфсана-қиссалардың, мақал-мәтелдер мен жұмбақтардың енгізілгендігі. «Осынау еңбектің шығуына қолдау көрсетудегі мақсатымыз – халқымыздың шаруашылық жүргізу мен табиғатты аялауға қатысты танымдық көзқарастарын қалың көпшілікке жеткізу. Сондай-ақ, дәнді дақылдар, жеміс-жидектер мен ағаштардың адамның күнделікті өмірінде зор мәнге ие екендігін әдеби мұрамыз арқылы айқындай отырып, халыққа ұғынықты етіп жеткізуді көздедік», – деді Кенже Абдуллаев. Туынды авторы Абылайхан Қалназаров болса, халқымыздың жер баптап, ағаш егіп, егін салуға қатысты мыңжылдық мұраларын жарыққа шығарып, жаппай насихаттаудың маңызызор екендігін тілге тиек етті. Зейін Әліпбек ауылшаруашылық өндірушілерінің ғасырлар бойғы өндірістік тәжірибесі көрініс тапқан еңбек еліміздегі тұңғыш агросалалық фольклорлық жинақ ретінде құнды екендігін атап өтті. «Диқан қазынасына» егіншілік-бағбандық мәдениетіне қатысты тақырыптық фольклорлық материалдар, аңыз-әпсаналар, ертегі-қиссалар, мақал-мәтелдер арнайы тарауларға бөлініп топтастырылған. Жаңа кітап ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен сала мамандарына, мектеп оқушыларына, мұғалімдерге, студенттер мен магистранттарға, сондай-ақ, жалпы оқырман қауымға арналып отыр. qazaquni.kz