Тоқаев: Қазақстанда жаңа 20 университет құрылады

Бөлісу:

Бұл ұсынысын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысында жария етті. Қазақстанға қаржысын салған жатжұрттық инвесторлардың құрылтайын алғаш рет Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізді, – деп хабарлады inbusiness.kz.

ШИК жиыны бұл жолы «Адами капиталды дамыту» тақырыбына арналды. Өз сөзінде ел Президенті инвесторлар үшін мемлекеттер арасында бәсекелестік пен күрес күшейгенін білдірді.

«Жаһандық экономиканың өсіміне қатысты болжамдар нашарлауда. ЭЫДҰ есебіне жүгінсек, өткен жылы әлемде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы сомасы 27%-ға, 1,1 триллион долларға дейін азайған. Осы күрделі жағдайда Қазақстан шетелдік инвестициялардың тұрақты ағынын ұстап қала алды: өткен жылы республикада инвестициялардың жалпы көлемі 24,3 миллиард долларды құрап, алдыңғы 2017 жылға қарағанда, 16%-ға өсті. Бұған біз ұжымдық күш-жігер мен жемісті жұмыс нәтижесінде қол жеткізе алдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда оның айтуынша, Қазақстанның алдынан бірқатар күрделі мәселелер бой көрсетуде.

«Жаһандық еңбек нарығының трансформациясы – қазіргі кездегі басты трендтердің біріне айналуда, ол білім беру, оқыту және әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы жүйесі үшін үлкен сын-қатер болып табылады. Сондықтан да бүгінгі отырысымызда адами капиталдың дамуы түйткілдерін қарастырып отырмыз. Өйткені бұл бүгінде әлемдегі ең маңызды мәселе болып саналады. Осы себепті білім беру, оқыту мәселелерінде, сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революцияға сәйкес білім мен біліктілік-машықтарды игеруде қандай әдіс-тәсілдер қолдануымыз керектігі жөнінде сарапшылар мен практиктердің пікірін тыңдау – біз үшін өте қызықты», – деді Қазақстан Президенті.

Кеңесте баяндама жасаған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл салада шетелдік тәжірибе молынан игеріліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 5 мемлекеттік колледж ірі инвесторлардың сенімді басқаруына берілген.

«Қазақстанда кәсіптік білім берумен қамту көрсеткіші өсуде және ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған елдердің көрсеткіштеріне жуықтап қалды. Жұмыс берушілерді кадр даярлауға тарту үшін серіктестік тетігі – дуальды оқыту ілгерілетілуде. Бізде 438 колледж және 3 мыңнан астам жұмыс беруші осы дуальды білімге жұмылуда. Бұл саланы ары қарай өркендетпекпіз. Атап айтқанда, колледждер ірі инвесторлардың сенімді басқаруына тапсырылады. Қазірдің өзінде 100-ден аса инвестор осы іске қызығушылық білдіріп отыр», – деді БҒМ басшысы.

Министрлік бұл бағытта тек бизнес қаражатымен шектелмей, біраз бюджет қаржысын шашуда. Мәселен, «Жас маман» жобасына бюджеттен 58 миллиард теңге бөлініпті. Осы қаражатқа колледждерге заманауи жабдықтар сатып алынған.

«Бұл жерде біз инвесторлармен, бизнеспен тығыз жұмыс жасайтын боламыз. Яғни, «біз шынымен де колледждерге дәл кәсіпорындарда тұрған дұрыс жабдықтарды орнаттық па?» деп солардан сұрап білеміз. Бұл бітіре сала кәсіпорындарда жұмыс істеп кететін сапалы кадрлар даярлау үшін қажет. Бұған қоса, біз өзіміз даярлайтын мамандықтарға түгендеу-инвентаризация жүргіздік. Нарықта сұранысқа ие жаңа бағдарламаларды ашуға тырысудамыз. Бизнестің өтініші бойынша 24 жаңа білім беру бағдарламасын енгіздік. Жақында қабылданған жаңа білім заңы жұмыс берушілермен бірлесіп, колледждердің бағдарламаларын 80%-ға дейін өзгертіп жіберуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнестің өзі түзген кәсіби стандарттар оқыту бағдарламаларының негізіне айналуда», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол жақын арада колледждердегі барлық оқыту бағдарламалары жаңартылатынын мәлімдеді. Шетелдік инвесторлардың қолдауымен колледждерде біліктілік орталықтары ашылуда екен. 2023 жылға дейін мұндай орталықтар жаппай ашылуға тиіс. Қалай болғанда, бүкіл әлемге айғақ болған «Теңіздегі» төбелес отандық білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы реформалардың тиімсіздігі мен табыссыздығын көрсетті. Себебі, колледждер шетелдік кадрлармен тең бәсекелесе алатын майталман жұмысшы мамандарын даярлауға қауқарсыз екені әшкереленуде. ШИК-тегі сөзінде Мемлекет басшысы білім беру саласындағы реформалар алда екенін айтты.

«Бастапқы, орта не жоғарғы болсын, отандық білім берудің барлық кемшіліктерін біз жақсы білеміз.Сондықтан қол жеткен нәтижелерге марқаймаймыз. Білім беру реформасы әлі алда», – деді Қ.Тоқаев.

Ол сапаның біраз жақсарғанына қарамастан, жұмыс берушілердің 70%-ы колледждер түлектерінің біліктілігі деңгейіне қанағаттанбайтынын бетке басты.

«Демек сапа сол бұрынғыдай нашар деген сөз. Уақыт жаңа талаптар қоюда. Сол себепті алдағы 3 жылда 180 жаңа колледж бен 20 озық ЖОО құрылады. Біз бұған республикалық бюджеттен тек бірінші кезеңде ғана 58 млрд теңге бөлудеміз. Ең бастысы – білім беру бағдарламалары айтарлықтай жаңартылып жаңғыртуы керек, оған шетелдік серіктестерімізді тартамыз», – деді Қазақстан Президенті.

Ол Үкіметке шетелдік инвесторлармен бірлесіп, білім саласындағы ынтымақтастық бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысы шикізаттық емес экспортқа арналатын болды.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Оспан 5 Шілде, 2019 21:10 Жауап

    Бүгінде дипломмен базарларда жүкші болып, шетелдік құрылыс компанияларына жалданып тачка сүйреп жүрген, жұмыс таба алмай сенделіп те жүрген мыңдаған жастарды адамша қатарға қосып алмай тұрып, 20 университет құрамыз деу бұған дейінгі көп өтіріктің бірі. 2-президен көкесінің ізімен кетті.

Пікір немесе жауап жазу

4 × 2 =