Халық Ислам Әбішевтің өміріне алаңдаулы - Көбекбай ЕСПАН

Қазақты қоныстандыруға Жерұйық іздеп жүріп, жарықтық, Асанқайғы бабамыз: "Төбесіне үй тігетін, баурайына мал өрбітетін, етегіне егін салатын Екі Келес, бір Талас жер жəннəті екен-ау, əттең, сауырыма өңгеріп əкете алмаймы,- дей келе:

- Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен ( бізде ебелек деп аталады) басқа шөбі жоқ, ыстығына құс қанаты күйіп, шошқа шыңғыратын жер сорлысы осы екен деген жері- қазіргі біз мекендеп отырған Жаушықұм даласы екен. Қазіргі Шардара қаласының ежелгі атауы- (VІІІ-Х ғғ) Жаушықұмтөбе.
Кешегі кеңестік солақай саясаттың ықпалымен, төменге қарасаң дариясы көрінбейтін, қырға шықсаң теңізі көрінбейтін, құлазыған қу мекиен далаға егін саламыз десе ел сенбейтін біздің осы өңірге 1970 жылы қала, ауданды көкөніспен қамтамасыз етуге бағытталған "Юбилейный" кеңшары құрылған еді.
"Ураның" күші қай жерге дейін апарар дейсің, тəйірі, ел қоныстанып қалған сол ағын суы жоқ, жағатын отыны жоқ кеңшар үкіметтік саясатпен бірге тоқырап, халық əбден титықтап, ел көшіп жатқан кезде, кеңшарды "Бір көтерсе Ислам Əбішев көтерер" деген болуы керек, xалық отызға толмаған жас директор Ислам Əбішевті сайлау арқылы басшылыққа әкелді.
Сырдария өзенін бұрып кеп қораңа кіргізгендей, Исекең келе сала 24 сағат бойы бір тоқтатпай су айдап, кетпен ұстап көрмеген қазақтың бəрін диқан қып жібергені - айна қатесіз ақихат.
Халықтың көзі жетпесе де, Исекеңнің айтқанына еріп, 5-6 көтермемен дариядан 15-20 метр биіктікке су тартып шығарып, нəпақа тапқан еңбекші халық өз өнімдерін арысы Ресей, Балтық бойы елдеріне, берісі Қазақстанның батыс, солтүстік қиырларына тоқтаусыз жеткізіп, өңір көкөнісінің өзбектерге тəуелділігін жойып, елді саудаға үйретіп, əл- ауқатын бір түзеп беріп кеткені бар еді.
Əкесі жасамаған қамқорлықты іскер басшыдан көрген сол бір топ ауыл Исекеңнің сол кездерде көрсеткен игіліктерін əлі жыр қып айтып отырады. Яғни, 2359 халқы бар "Жаушықұм" ауылы, 80 000-дай халқы бар Шардара ауданы қазіргі кезде "Исекеңнің тірлігі" не болды екен?.." деп оның денсаулығына да, өміріне де көңілдері алаңдаулы. Олардың барлығы тілеулес болғанымен өз дауысын қосу үшін əлеуметтік желіні қолдануды, қолдау көрсету тетіктерін білмейді. Айтатындары: "Аққа - Құдай жақ, Исекең жабылған жаладан ақталып шығады, еліне келіп тоқырап қалған ауыл шаруашылығын көтереді" деген сенімде. Олардың да осы аманатын қолдау тобына жеткізуді парызымыз деп мақсат тұтып, аманаттарын жеткізе отырып, Алла көптің тілеуін берсін, азаматымыз ортамызға оралсын дегім келеді.
Көбекбай ЕСПАН,
Зейнеткер ұстаз, "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалының иегері,

Түркістан облысы, Шардара ауданы