Тұңғыш Президент Қоры мен ӘЭСИ Қазақстанда адами капиталды дамыту мәселесін талқылады

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) «Адами капитал – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Жиында сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев: «Төртінші өнеркәсіптік революция мен экономикалық білімді дамыту жағдайында адамдар мен олардың әлеуеті - «жаңа мұнай көзі» іспетті. Бүгін қордың мұрындық болуымен еліміздегі адами капиталды дамыту мәселелерін Қазақстандағы жетекші сарапшылардың қатысуымен жан-жақты талқылауға бағытталған жаңа ашық форматтағы алғашқы кездесу ұйымдастырылып отыр. Адами капиталды дамыту Тұңғыш Президент Қоры қызметінің басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан бүгінгі шара Қазақстанның даму мәселелерін отандық сарапшылар қауымдастығымен талқылаудың жаңа бұқаралық форматы іске қосылғандығын айғақтайды», - деді.

Қор басшылығы мемлекеттік және жекеменшік ғылыми-зерттеу құрылымдарымен ынтымақтастық орнатуды жоспарлауда. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі - ірі мемлекеттік жоғары оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен жекеменшік «Тұран» университетімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою. Шара басталмас бұрын аталмыш құжаттарға тараптар қол қойды.

ӘЭСИ алаңында өткен дөңгелек үстелге еліміздің елеулі экономистері жиналды. Олар: Олжас Құдайбергенов, Рахым Ошақбаев, Ануар Боранбаев, Дәулет Арғандықов, Дильбар Гимранова және т.б. Кездесуде бас қосқан сарапшылар ғана емес, сондай-ақ барлық қатысушылар экономика және адами капиталды дамыту салаларының сарапшылары екендігін айта кеткен ләзім. Мәселені жан-жақты талқыға салу тақырыпты терең талдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Сарапшылардың пайымынша, қазіргі таңда экономиканың ауқымы ел дамуының айқын көрсеткіші емес. Бұл ретте, бірегей өнімдерді жасау үшін адамдардың білім деңгейі мен технологияларды қалыптастыру әрі пайдалануы әлдеқайда маңызды. Мысалға, Бүкіләлемдік банктің бағалауынша, адами капиталдың сапасы мемлекеттің экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықтың 30%-ын анықтайды.

БҰҰ ДБ-ның адами капитал индексінде 2015 жылы Қазақстан 188 елдің ішінен 56 орынды иеленсе, Бүкіләлемдік экономикалық форум мәліметінше 2017 жылы 130 елдің қатарынан 29 орынға ие болды. Мемлекет білім мен денсаулық сақтау салаларына тұрақты түрде қаражат бөліп, түрлі реформалар жүргізіп келеді.

Алайда ғалымдар мен сарапшылар адами капиталдың дамуын бағалаған бұрынғы тәсілдерді соңғы кезде мақалаларында жиі сынға алуда. Техникалық сандық көрсеткіштер мәселенің шынайы жүзін толық бере алмайды. Халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның жоғары көрсеткіштеріне қарамастан, білім беру саласындағы отандық сарапшылардың талдауы бірқатар мәселелер мен сын-тегеуріндерді алға тартуда. Мысалға, қазақстандық ЖОО түлектерінің тек 30-35 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Түлектердің 70 пайызы тәжірибе мен біліктілікті арттыру үшін емес, «диплом алу» үшін жоғары білім алады.

Мамандар сондай-ақ, білімді азаматтардың елден кетіп жатқанына да назар аударды. Олжас Құдайбергенов:«Жоғары білімді эмигранттардың саны жыл санап артып келеді. Егер 2013 жылы олардың үлесі 30 пайыз болса, 2017 жылы 40 пайызға жетті. Осы уақыт аралығында елден кеткен техникалық кадрлар қатары 1,5 есеге өсті. Мысалға, көрші Ресей қазақстандықтарды жоғары еңбекақымен қызықтыруда. Оның үстіне, елден кеткендердің басым бөлігінің орта не жоғары кәсібі білімі бар, ал келушілердің көбіне жоғары білімі жоқ», - деп деректер келтірді.

Бұдан бөлек, сарапшылар алдағы онжылдықта адамзат бетпе-бет келетін технологиялық өрлеу мен жасанды интеллект туғызатын сын-тегеуріндерді де қаперге алу керектігін айтып өтті.

Олардың пікірінше, автоматтандыру мен роботтандыру көптеген адами дағдылар мен құзіреттіліктің мәнін жояды. Қалған мамандықтар бойынша кәсіби талаптар мейлінше күшейе түседі. Осыған орай жаңа форматтағы адами капиталды дамыту ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың басты бағытына айналуы тиіс. Жақын болашақтағы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі экономикаға бұл үлгіні қаншалықты тез кіріктіріп, іске асыруымен байланысты.

Қатысушылар талқы қорытындылай келе, елдегі адами капиталдың даму деңгейін нақты әрі біркелкі бағалау қиын деген тоқтамға келді. Бір жағынан, халықаралық көрсеткіштер мен рейтингтердің деректері бар, екінші жағынан олар сынға ұшырауда және онда адами капиталды қалыптастыру мен оны тиімді пайдалану үшін не істеу керектігі туралы басқарушы ақпараттар жеткіліксіз.

 «ӘЭСИ-дің «Адами капитал» атты зерттеу бағдарламасы елдегі адами капиталды дамыту мәселелері бойынша кәсіби құзіреттілік пен статистиканы жүйелі шоғырландыруға, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесіне тұщымды тәжірибелік кеңестерді қалыптастыруға негіз болатынына сенеміз», - деп ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев талқыны түйіндеді.

Дөңгелек үстелде ұсынылған кеңестер бойынша ӘЭСИ сарапшылары Тұңғыш Президент Қоры мен мемлекеттік органдарға арнап талдамалық материалдар әзірлейді.