Жасұлан Иса: ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДЕ БАТЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ

«Тіл – ұлттың жаны екені рас. Еліміз тәуелсіздігін алып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі бекігелі бері атқарып жатқан жұмыстар аз емес. Қазір латын графикасына көшу бойынша жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Осы орайда, ұлт болашағының темірқазығы – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің асқақ болуы жолында сөзбен емес, ісімен ана тілге қызмет етіп жүрген, тіл жанашыры, заңгер Жасұлан Исаны қазақ тілінің болашақ тағдыры турасындағы әңгімеге тартқан едік.

– Қазір латын әліпбиіне көшу үрдісі басталып кетті. Латын әліпбине көшеміз деп жүріп қазақ тілді, орыс тілді ортаның ара жігін тіпті алшақтатып алмаймыз ба? Осы орайда Әңгімені осы мәселеден бастасақ...

– Латын әліпбиіне көшкен дұрыс. Бірақ біртұтас ұлт болып, мемлекет болып көшу керек. Орыс тілділер кириллицада қала берсін, қазақтар латын әліпбиін қолданады деуге болмайды. Басқа ұлт өкілдері қазақ тіліне қарсы емес. Айтса, түсіндірсе, қазақ тілінің заң аясындағы мәртебесін қолдамайтын бір де бір басқа ұлт өкілін кездестірмедім. Бірлесіп, шынайы жұмыс істесек, қазақ тілі заңды мәртебесін алады. Қазір санға емес сапаға жұмыс істейтін уақыт келді. Тіл мәселесінде орыс тілді, қазақ тілді деп халықты екіге жаруға болмайды. Латынға көшеді екенбіз, тұтас мемлекет халықты бөле жармай, біркелкі латын әліпбиін қолдануға жұмыс істеуі керек.

– Латын графикасы негізінде таңдалып қабылданған әліпбиге көзқарасыңыз қандай?

– Қалай десекте, қысқасы, көш жүре түзеледі деген ұстанымдамын. Бастаған осы жолымызды тоқтатпауымыз керек. Бұл әліпби ең алдымен біз үшін ұлт руханиятының болашақта басқа әлем тілдері мен әдебиетінен, жаңа технология жетістіктерінен көз жазып қалмау үшін маңызды деп ойлаймын. Жаңа латын графикасы ең бастысы, бізге түсінікті, әрі ыңғайлы болуы керек. Тез ұғып, қабылдап алып кетуіміз үшін күрделенбегені жөн. Ешкімге електеудің, басқалар секілді қыламыз деудің еш қажеттілігі жоқ. Нақты өз ойым, бір әріп бір дыбыс қағидасы.

– Сіздіңше, қабылданған латын әліпбиі қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне қызмет ете ала ма? 

– Латын әліпбиіне көшкен дұрыс. Бірақ біртұтас ұлт болып, мемлекет болып көшу керек деп қайталап айтамын. Орыс тілділер крилицада қала берсін, қазақтар латын әліпбиін қолданады деуге болмайды. Латынға көшу мәселесінде батылдық керек. Бекерде заңды қалқан етіп, заң жүзінде деп сайрайтын депутаттар да басқалар да, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде заңға неге сүйенбейді? Заң қазақ тілінің жағында! Неге сол тілдің заңды құқын талап ете алмаймыз? Бұл сұрақтың жалғыз-ақ жауабы бар. Қазақ тілі туралы сөз бола қалса, қалыптасып қалған босбелбеулік, енжарлық әдетімізден арылуымыз керек.

– Қазақ тілі қазір аударма тіліне айналып кетті. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етсең, сірескен жаттанды мәтіндерге тап боласыз. Сөйтіп, амалсыз орыс тілде ақпарат алған оңайырақ па деген ой келеді...

– Бізде тілдік заңнамалар бұзылған жағдайда Тіл туралы заңға сәйкес әкімшілік заң бұзушылыққа тартатын 75-бап бар. Сонда жан-жақты жазылған, бірақ бұл бап жұмыс істемейді. Мысалы, нақты тілге байланысты қандай да бір мекемеге кірдіңіз, мемлекттік тілде ақпарат ала алмадыңыз, яғни сол жерде сіздің құқыңыз бұзылды. Ал сіз өз құқыңызды қорғап арыз жазсаңыз, ол арыз Тілдерді дамыту басқармасына барып түседі. Неге? Сіздің құқыңызды қорғау Тілдерді дамыту басқармасының жұмысы емес қой. Арызды қарап, қозғаушы, әрі сіздің құқыңызды қорғаушы мекеме прокуратура болуы керек еді. Бірақ олар құқықтың қорғалуымен шаруасы жоқ. Мемлекеттік тіл деген бірауыз жазба үшін арызды Тілдерді дамыту басқармасына сілтейді. Олар ештеңе шешпейді. Олардың шаруасы тіл туралы ақыл, кеңес беру, мониторинг жасау, акция өткізумен ғана шектеледі. Ал мұндай акциялар мен мемлекеттік тіл жөніндегі заңнамаларды түсіндіру жұмыстарын прокуратура өкілдері, құқықтық мекемелер жүргізгенде, нәтижесі зор болар еді.

– Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек деп отырсыз. Мемлекеттік тілдің нәтижелі көрсеткішке жетуі үшін өзіңіз тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Тіл басқармаларында тілді қолдау бойынша кеңесші жұмысшы топ құрылып, мені төраға етіп сайлап, біраз жұмыс атқардық. Бірақ мен бұл жұмыстан бас тарттым. Себебі, біз бір жерді түзеп жатсақ, екінші жер бүлініп жатады, бірін тазаласаң, екінші проблема шығып жатады. Біз бүйтіп жатырмыз, сөйтіп жатырмыз деп көз бояушылықпен есеп беріп отыра бергеннен ештеңе өнбейді. Қазіргі таңда нақты жұмысы қазақ тілінде жолға қойылған мекеме жоқ. Ондай жұмыс болмағаннан кейін, құр акциядан не пайда. Әркім нәтижеге жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, ақша бөліп, санға жұмыс істеуге болмайды. Бүгінге дейінгі атқарылған жұмыста нәтиже жоқ, сондықтан жұмыс істеу тәсілін өзгерту керек.

Мен нақты ұсыныс ретінде қазіргі дүкен-магазин, дәріхана-аптека деп дубляж аударма жасап қойған мәтіндерге нүкте қояр едім. Онысызда түсінікті дүниені несіне екі тілде жазамыз. Мұның қажеттілігі жоқ. 21-бапта маңдайшалар, хабарландырулар, бланкілер, жарнамалар мемлекеттік және орыс тілде, тек қажет болған жағдайда ғана және басқа тілдерде жазылады деп бекітілген. Заңға сәйкес қажеттілік деп орысша жаза беруге болады, бірақ біз бұдан ұтыламыз. Заңдағы қажеттілік болған жағдайда деген мәтінге басымдылық берілуі керек қой. Ал бізде керісінше. Шындығында бұдан зардап шегетін халық, құқы бұзылатын халық, арызданатын да халық нақты айтсақ, қазақ. Неге қазаққа қазақша қызмет көрсетілмейді десең, өздері талап етпейді дейді. Бәрін халықтың иығына артып қояды. Жоғары жақтан нақты мемлекеттік тілге деген жанашырлық жоқ.

– ҚР Конституциясының 7-бабына сәйкес еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, қазақ тілінде қызмет алу керектігі заңмен бекітілген. Елімізде тіл үйрену немесе тіл үйрету курстары жұмыс істеп жатыр. Бірақ қазір қазақ тілі ұлттың жаны, болмысы бола алмай отыр. Соңғы жылдары өзге тілдердің «мода болу» үрдісі асқынып келеді. Сіздіңше бұл заңдылық па, әлде...? Үкімет тарапынан мемлекеттік тілге деген нақты бір қадамдар керек пе?

– Меніңше тілдің билігі жоғарыдан басталуы керек. Мемлекеттік қызмет алдымен қазақ тілінде көрсетілуі керек. Тек қажет болған жағдайда ғана орысшаға сүйенуге болады. Яғни, Тіл туралы заңда дәл осылай жазылған. Еститін құлақ болса, айтудай-ақ айтып жатырмыз. Заңда бар, жоқ емес. Біз алдымен қолда бар заңмен жұмыс істеуіміз керек. ҚР Конституциясының 7-бабының бірінші тармағында мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылып тұр. Сонымен қатар, Ата Заңымызды ары қарай оқысаңыз, 93-бапта қорытынды және өтпелі ережелер бойынша ҚР Конституциясының 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет жергілікті өкіл және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық материалдық, техникалық жағдайды жасауға міндетті деп жазылған. Ал, енді оған қоса тіл туралы Заңымыз бар. Тіл туралы заңда түгелі айқын жазылған. Мысалы: 4-бап «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастың барлық саласында қолданылатын басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп бекітілген.

Заң бар. Көбіне әркім өзінен бастауы керек дейміз. Өзіңді жөндеп алмай, біреуге әңгіме айтудың өзі қызық нәрсе. Мен өзімнен бастаймын, кез-келген жерде ескертіп, қазақ тілінің заң аясында қолданылуын, қорғалуын қадағалап жүремін. Өзім «Жайна» тұрғын-үй кешенінде тұрамын. 2013 жылы бұл тұрғын-үйдің іргетасы қаланғанда-ақ келісім-шартынан бастап, қызмет орысша ұсынылды. Неге дегенімімде заңгер орыс адам деді, бірақ сол кезден бастап барлығы қазақша болуы керектігін қадағаладым. Нақты 2015 жылы тұрғын-үй пайдалануға берілген бетте КСК-дан бастап қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еттім. Сол кезде КСК басшысы маған «вы единственный казак что ли, у нас по Казакстану везде КСК (документация) ведется на русском языке» дейді. Амалсыз мен 500-дей қол жинап, қазақша хат жазып барлық кіреберістердің алдына адамдар жіберіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Сонда басқа ұлт өкілдері хаттың не туралы екенін сұрайды, айтып түсіндірсең, әрине деп қолдап, қолдарын қойып береді. Сол кезде байқағаным қазақ тіліне басқа ұлт өкілдерінен қарсылық болып тұрған жоқ. Дәл бүгінге дейін мен қазақ тіліне қарсы бірде-бір өзге ұлт өкілін көрмедім. Қазір «Жайна» тұрғын-үй кешенінде КСК тарапынан барлық ішкі-сыртқы көрнекіліктер, жарнамалар қазақ тілінде жазылған. Яғни, өзіңнен баста деген осы. Бірақ әркім олай істей бермейді.

– Әркім өзінен бастасын дегенмен, халықтың бәрі күрескер емес. Әрі сіз айтып отырған бапты толық білмейтін адамдар да бар. Демек, қазақ тілін мемлекеттік тілге айландыру сенің міндетің деп қарапайым халыққа итере салуға болмайды ғой... 

– Пікіріңіз дұрыс. Бізде бәрін халыққа артып қойған. Халық талап етуі керек дейді. Халық қалай талап етеді? Жоғары жақтан қозғалыс болуы керек. Меніңің бір байқағаным прокуратураға немесе басқа бір мекемеге жазылған мелекеттік тілге қатысты кез-келген хат автоматты түрде, тілдерді дамыту басқармаларына жөнелтіледі. Алайда, тілдерді дамыту басқармаларының қолынан ештеңе келмейді. «Бармақ басты, көз қысты» әрекететтен арылу керек. Кезінде Сағынтаевқа, Қожамжаровқа, Шпекбаевқа, Сағадиевке, қазіргі Шамшидиноваға да хат жаздым. Кез-келген мемлекеттік мекеме немесе басшы халықпен тығыз қарым-қатынаста болуы үшін мамлекеттік тілге жетік болуы керек. Есік алдын тазалаушыдан бастап, басшысына дейін мемлекеттік тілді білуі парыз. Мұны алдымен басшылық қолға алуы тиіс. Бізде ең бірінші көмекке келетін құқық қорғаушылардың өзі орысша сөйлеу арқылы адам құқын бұзып жүр.

– Тіл мәселесін демографиялық өсім шешеді деген пікірлер де айтылып жүр. Мұндай тәсілмен шешілген тілдің қауқары қандай болады деп ойлайсыз? (сан мен сапа мәселесі)

– Қазақша сөйлеп, қазақы ортада тәрбиеленсе де қызметке келгенде орысша сайрап кететіндер де бар. Биліктің бүйрегі орысшаға бұрылып тұрғандықтан, мемлекеттік тілдің мысы басыла береді. Қазақ тілін өгейсітіп жүрген өзіміз. Заңды құрметтеуге тиіс мемлекеттік қызметкерлердің өздері, қазақ тілінің қолданылуы жөніндегі заңды белден басып жүр. Тіпті, шеттен келген ағайындардың балаларын орыс мектебіне бергенін де көрдім. Сондықтан, тіл мәселесі өз өзінен шешіледі деуге болмайды. Ұлттың болашағы – білімді ұрпақ. Балаларға арналған көрнекіліктер, балаларға арналған салтанатты кештер, балалар мерекесі сияқты іс-шараларда қазақ тіліне басымдық берілуі керек. Білім министрлігінің өзінде азаматтарды қабылдау кестесі орысша және әлі күнге дейін министр Сағадиев деп жазылып тұр. Мұны айтып отырған себебім, жоғарыда айтқанымдай, тілдің билігі үкіметте. Талап та, жауапкершілік те үкіметте болуы тиіс. Төменнен шырылдағаннан ештеңе өзгермейді. Басшылық бірінші қазақ тілінің заң аясында қолданылуын қадағалауы керек. Баланы үйде қазақша тәрбиелегенмен, ертең өседі, қоғаммен араласады. Ал орта орысша, сол кезде бала ойланады. Бәрі күрескер бола бермейді. Заң жұмыс істеуі үшін билік қозғалуы керек. Қай сала болмасын алдымен қазақ тілді мамандарды көтеру керек, қолдау керек. Талай мықты мамандар бар, бірақ мемлекеттік тілді білмейді, мемлекеттік тілдің заң аясындағы орнын білмейді. Егер біреу орысша білмесе, аудармашы неге ертіп жүрмейді деген түсінік бар. Негізі заңға сүйенер болсақ, аудармашы орысша түсінбейтін адамға емес, қазақша білмейтін адамға керек. Мекеме қызметкерлері халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті, олар алдымен қазақ тілін білуге міндетті. Әр нәрседе ішкі қағида деген болады. Яғни, мемлекеттік тілді білу керек деген ішкі қағида қалыптасуы керек.

– Қазақ тілінің болашағы үшін шырылдап, мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен күресіп келесіз. Осы еңбегіңіз бағаланып, ескерілген кезі бар ма?

– Осы салада жүріп Тіл басқармасынан, Тіл саясаты комитетінен марапаттар алдым. Әйтеуір бір-біріміздің арқамыздан қағып келе жатырмыз. Бірақ бір-біріміздің арқамыздан қағып, марапаттағаннан гөрі нәтижелі жұмыстың болғаны жақсы. Тіл үшін күрестегі үлкен марапатым былтыр «Жылдық тіл қайраткері» деген жыл сайын «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының «Жыл адамдарын» саралау, сараптамалық жүлдесінің жеңімпазы болдым. Мен үшін осы марапаттың орны бөлек, әрі әділ бағалау деп ойлаймын.

– Рақмет! 

Сұхбаттасқан: Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ,

Дереккөз: "Қазақстан дәуірі" газеті