Аралас жекпе-жек турнирінде жеңіске жеткен спортшы гонорарын Арыс тұрғындарына аудармақ

Ел астанасы Нұр-Сұлтанның қақ төрінде орналасқан «Барыс-Арена» көпфункционалды спорт кешенінде нағыз ерлердің ерекше жарысы өтті. Әлемнің тепсе темір үзетін саңлақ спортшылары аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 102 турнирі аясында өзара мықтыны анықтасты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай болған таудай жігіттер шаршы алаңда 13 жекпе-жек өткізіп, жиналған қауымның делебесін қоздырды.

Бірінші жұпта M-1 Challenge жарысының үздігі Шавкат Рахмонов Бразилияның жолбарыстай қайратты спортшысы Тьяго Варежао Ласердумен қолғап түйістіріп, жартылай орта салмақта кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Ұзаққа созбай, бірінші раундта-ақ кездесуді аяқтаған 24 жасар қазақстандық кәсіби мансабындағы 12-ші жекпе-жегінде 12-ші рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Ал, екінші жеңіл салмақтағы жеңімпаз белбеуін тағыну үшін отандасымыз Сергей Морозов пен Ресейден келген спортшы Александр Осетров жұдырықтасты. Бабында болған батыр жерлесіміз аралас жекпе-жекте айқын жеңіске жетіп, жеңіл салмақтағы M-1 Challenge чемпионы атанды. Төрт раундқа созылған жекпе-жек 30 жасар Морозов үшін мансабындағы 16-шы жеңісін сыйлады.

Естеріңізде болса, былтыр түрік азаматы Алматы қаласында көлікпен келе жатып, жол бермеген жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан болатын. Сол кезде түріктің бұзақысын жекпе-жекке шақырған Сәбит Жүсіпов есімді қазақтың қыран тектес қайсар ұлы да биылғы M-1 Challenge турниріне қатысып, қарсыласын үшінші раундта нокаутқа жіберді. Оның қарсыласы испаниялық Аридана Ромеро болды.

"Жарақатым барлығын жүз пайыз істеуге мүмкіндік бермеді. Сонда да көп тактикалық жұмыс істедім деп ойлаймын. Жекпе-жек қаншалықты дәрежеге жоспарланды, соны орындап шықтым, - дейді Сәбит Жүсіпов

Шаршы алаңғы шығып, намысты қолдан бермеген Исмайыл Героев, Гойти Дазаев, Исатай Теміров сынды спортшыларымыз туралы айтпай кетуге болмас.

77,1 салмақта сынға түсіп, жеңіске жеткен Исатай Теміров гонорарынан түскен жарты ақшасын Арыстықтарға көмек ретінде беретінін айтты.

Турнирге құрметті қонақтар да келіп, спортшыларымызға жанкүйер болды. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты, Қазақстанның жауынгерлік өнер Ассоциациясы Президенті Кәрім Мәсімовмов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сапиев, ММА біріккен Ассоциациясы Президенті Ғалымжан Есенов, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев және тағы басқа қонақтар келді. Турнир Қазақстанның жауынгерлік өнер Ассоциациясы қолдауымен өтті.