Ұлт түріне емес, тіліне қарап танылады...

– Ұлтың кім? – Қазақпын! – Оны немен дәлелдей аласың? – Өзімнің ана тіліммен!.. Өте дұрыс айтылған жауап! Қасы, көзі, шашы қараның бәрі қазақ емес. Ұлтыңның бірінші белгісі, нақты нышаны – өзіңнің ана тілің. Тілінді жоғалтқаның – ұлтыңды ұмытқаның, анаңның ақ сүтін ақтамағаның, Алаштың туын құлатқаның, мәңгүрттікпен мемлекетіңді сатқаның... Бәлкім, бұл жерде біз тым қаттылау кеткен болармыз. Бірақ шындық осы, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан тілімізді көк туымыздай жоғары көтеріп, оның мәртебесі мен мерейін үстем ету тікелей өзіміздің міндетіміз. Тағы бір шындық – еліміздің солтүстік, батыс, орталық ай­мақтарында, әсіресе барлық қа­лаларымызда қазақ тілінің қолданыс аясы әлі де кемшін жатқаны. Әрине, оның тілге тиек етер себептері де жоқ емес. Ол үшін аталмыш аймақ адамдарын бассалып кінәлау да орынсыз болар. Жүздеген жыл билігін жүргізген патшалық Ресей қазақ тілінің сағын сындыра алмағаны белгілі. Кеңестік кезеңде КОКП-ның бірінші хатшысы болған Н. Хрущевтың айнадай тақыр таз басында «тың және тыңайған жерлерді игеру керек» деген желеу пайда болып, жүз мыңдаған орыс тілді жат жұрттықтарды қазақ жеріне әкеліп төгіп, өзінің жымысқы саясатын іске асырды. Қазақтың құйқалы жерін ғана емес, құнарлы тілін де құртуды қолға алды. Кеңестік сұм саясат дегеніне жетіп, еліміздің солтүстік, батыс, орталық өңір­леріне қоныстанған орыс тілді «тың игеруші» көпшілік келімсектер қазақ тілін ығыс­тырды. Қазақ мектептері жүз­деп жабылып, орнына орыс мектептері жаппай ашыла бастады. Көпке күл шаша алмайсың, сөйтіп сайқал саясат бұл аталған өңірлерді орыстандырып тынды.Соның кесірін күні бүгінге дей көріп, тауқыметін тартып келеміз. Тәуелсіздік алысымен елі­мізде тіл мәселесі бірден кө­терілгені тегін емес-ті. Ұлттық бейнемізді қалпына келтіру үшін ол бірінші кезекте қажет болды. Шүкіршілік, бүгінгі күні бұл салада көптеген істер атқарылып, ана тілімізді сақтап қалдық. Ол заң жүзінде бекітіліп, Тіл туралы заңымыз да қабылданды. Қазір еліміздегі мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім береді. Әйтсе де тіл баршамызға ортақ мәселе болғандықтан оны күн тәртібінен түсіруге әсте болмайды. Біздің бүгінгі әңгімеміз алдында айт­қанымыздай «орыс­танған» деген санатқа кіретін Қарағанды облысындағы қазақ тілін қолдау мен қолда­нысын кеңейту жайында болмақшы. Кеңбайтақ Қазақстанның ортасын ойып орналасқан қа­зыналы Қарағанды облысы елі­міздегі алып жатқан жер көлемі бойынша бірінші орында тұрған алып аймақ.Қарағанды өңірі - Қазақстанның кен байлықтары мен ауылша­руашылығы ши­кізатын, көмір өндіру, энергетика, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, құрылыс ин­дустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері дамыған, ел экономикасының қуатты орталығы. Құрамында 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық округі бар ең ірі әкімшілік бірлік болып саналады.Қарағанды облысы бойынша ресми деректерге қарасақ, аймақта 55 ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істейді екен. Бұл нені көрсетеді? Облыс көпұлтты өңір екенін айғақтай­ды. Оның ішінде орыс тілділердің үлестік салмағы басым. Әрине, мұндай ортада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту оңай шаруа емес. Соған қарамастан көптеген іс-шаралар атқарылып, нақты жұмыстар істелуде. Осы орайда облыс тізгінін ұстаған әкімдіктің жауапкершілігінің жүгі арта түсері түсінікті. Үстіміздегі жылдың ақпан айының ортасында Қарағанды облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары, жақында Білім және ғылым министрі қызметіне ауыс­қан Асхат Аймағамбетовтің тө­рағалығымен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңей­тілген кеңес өтті. Жиынға қоғам белсенділері, тіл жана­шырлары, филолог-ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлім­де­рінің басшылары, орталықтар директорлары, сондай-ақ облыс өңірлері әкімдерінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлары селекторлық режимде қатысты.Кеңестің күн тәртібінде тілдерді дамыту саласындағы бірнеше түйткілді мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқы­ланды. Атап айтар болсақ, облыс аумағындағымемлекеттік тілді оқыту мәселелері,облыстың ономастикалық кеңістігіндегі жағдай, көрнекі ақпараттардың сауатты ресімделуі, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, ақпа­раттық қолдау көрсету секілді бағыттардағы атқарылған жұмыстар талданып, алдағы жоспарлар айқындалды. «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Темірғали Көкетай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлік жобалық кеңсе бас менеджері Бахытқали Мұсабеков, «Бола­шақ» академиясының профессоры Құрманғазы Сембиев, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың доценттері Жаңбырбай Қағазбаев, Салауат Кентбеков, ҚарМТУ-дың «Тілдердің үштұғырлығы» орталығының директоры Нұрлыбек Әубәкіров, журналистика саласының ар­дагері Сағат Батырханова, «Айқын» республикалық газе­тінің облыстағы меншікті тілшісі Ләззат Қожахметова, «Арқа ақшамы» облыстық га­зетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы секілді тіл жанашырлары көкейдегі сауалдарын қойып, келелі ұсыныстарын білдірді. Ұсыныстар негізінен мемлекеттік органдардағы жиындарды мемлекеттік тілде өткізу, облыс орталығындағы ономастикалық кеңістікті реттеу бойынша жұмыстарды жеделдету, көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілдің қолданысын реттеу қажеттігін алға тартты. Облыс әкімінің орынба­сары Асхат Аймағамбетов бірінші кезекте қазақ тілін білу мемлекеттік қызметшілерден басталу қажеттігіне баса назар аударып, мемлекеттік тілді оқыту және тіл меңгерген тұлға­ның тілдік құзыретін одан әрі же­тілдіру, көрнекі ақпараттар мәтінінің сауатты жазылуы үшін кәсіпкерлермен ықпалдастықты арттыру, оно­мастикалық саясатты тұр­ғындарға жете түсіндіру ар­қылы жүзеге асыру бойынша межелерді сала қызметкерлеріне жұмыс барысындағы негізгі басымдық ретінде міндеттеді. Облыс әкімінің орынбасары тілдерді дамыту жөніндегі басқармалар мен аудан, қала әкімдері орынбасарларына осы бағытта бірқатар тапсырмалар беріп, оның нақты орындалуын талап етті. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша комиссия отырысы маусым айында да өткізілді. Бұл жолы алдында берілген тапсырмалардың орындалу барысы бірінші кезекте сөз болды. Селекетрлік тұрғыда өткен отырыс жұмысына комиссия мүшелерінен басқа әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік ететін қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары тартылды. Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы басқар­ма­сының басшысы Қ.Балсариев және Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы С.Диханбаева өз салаларында «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл туралы» ҚР Заңының орындалуы туралы есеп берді. Абай және Шет ауданы әкімдерінің орынбасарлары К.Қабдуалиева мен А.Әбілдин, сондай-ақ профессор, медицина ғылымдарының докторы, Қарағанды меди­цина университеті ректо­рының кеңесшісі В.Молотов-Лучанский, Қарағанды эконо­ми­калық университетінің әлеу­меттік мәселелер жөніндегі проректоры Қ.Әбілов үштұғырлы тіл саясатын насихаттау және латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру туралы кеңейтілген баяндамалар жасады. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы-комиссия төрағасы­ның орынбасары Г.Қантар­бекова еңбек инспекциясы бас­қармасында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі небары 40 пайызды құрайтынын, бұл аймақ бойынша ең төменгі көрсеткіш екенін сынға алды. Бұл облыс көрсеткіштеріне де кері әсерін тигізетіні баса айтылды.Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жүр­гізілген тіл заңнамасы талап­тарының сақталуын тексеру барысында, басқарманың шығыс құжаттары ғана емес, бюджеттік өтінімдер мен оларға негіздемелер, қаржыландыру жоспарлары, активтер мен материалдық құндылықтардың есебі, мемориалдық ордерлер, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтары, конкурстық комиссияның хаттамалары, басқарудың негізгі саласы бойынша тексеру нәтижелері және оларды тіркеу журналы, сондай-ақ мекеме құжаттарының көп бөлігі орыс тілінде ғана рәсімделетіні анықталды.Өз кезегінде, еңбек инспекциясының басшысы қорытынды анықтамада көр­сетілген бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қол­данып жатқандығын жеткізді. Комиссияның мүшелері «Қазақ тілі» халықаралық қоғам­дық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының төрағасы Т.Көкетай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінің тарих кафедрасының доценті С.Кентбек басқармада қа­лыптасқан жағдайға алаңдау­шылық танытты. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару тілі, іс қағаздарын жүргізу тілі екенін естеріне сала отырып, қазақша құжат айналымын жүргізуге қатысты пәрменді шаралар қабылдап, алдағы уақытта осындай өрескел бұзу­шылықтарға жол бермеуге кеңес берді. «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» бұйрығының болуына қарамастан, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масында да іс жүргізуде орыс тіліне басымдылық берілетіні ашық айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша қала және аудан әкім­дерінің орынбасарларына, өңірлік бөлімдердің басшыларына «құжат айналымын ішкі ба­қылау жөніндегі» топтардың жұмысын жандандыру, өзге ұлт өкілдері басым өңірлерде тілдерді оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру, халықты жаңа әліпбиге оқыту жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. Ал халықты жаңа әліп­биге дағдыландыру бойын­ша жұмыстар облыс көлемін­де кейбір аймақтарға қарағанда, белсенді жүргізілуде деп айтуға негіз бар. Ол үшін жоспарлы тренингтерді жиі өткізуде. Егер, 2018 жылы осындай тренингтермен облыс орталығына жақын орналасқан 5 қала қамтылса, биыл 13 өңірден 3 мың­нан астам адамды қамту жоспарланып, іске асырыла бастады. Нақтырақ айтсақ, жұмыс тобы кесте бойынша Қарқаралы, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандарында болып түсіндру жұмыстарын жүргізді. «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының кеңесшісі,іс-шараның модераторы Оразкүл Асанғазы қатысушыларға жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшу үрдісі, артықшылықтары, орфо­графиялық ережелердің жобасы туралы айтып, тыңдау­шылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт ми­нистрлігі тарапынан жаңа әліпбиді қол жетімді меңгеру үшін жағдай жасалып, элек­трондық бағдарламалар құ­рылуда. «ICoder» ЖШС өкілі Рымбек Ізғали «Жаңа алфавитті зерделеудегі IT-жобалар» тақы­рыбында мазмұнды баяндама жасады. Қатысушыларға қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы туралы барлық ақпарат орналастырылатын «Qazlatyn.kz» ұлттық порталымен, «Qazlatyn» көпфункционалды конвертерімен, «Tilqural.kz» тілді машинамен оқытуға арналған веб-сервисімен, барлық салалық сөздіктер мен энциклопедиялар жинақталған «Sozdikqor.kz» платформасымен, балаларға да, ересектерге де жаңа әліпбиді жеңіл үйренуге мүмкіндік беретін «Jasyryn sóz», «Sózdi tap», «ILES», «Zerekbala», «Sóz álemi» ойындар түріндегі бес мобильді қосымшалар таныстырылды.Іс-шараның негізгі бөлігі тренинг түрінде өткізілді. Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлованың түсіндіруінен кейін, қатысушылар прак­ти­калық сабақтарды орындап, орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді, ерекшелік сөздерін жазуды орындады. Тағы да бір әдіс қолайлылығын көрсетті. Облыста жаңа әліпбиді енгізуде WhatsApp желісінде апта сайын «Аудиодиктант жазамыз» акциясы өткізіледі, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің әр сенбілік нөмірінде «Jańǵyrý jazýdan bastalady» айдары жұмыс істейді, ол шалғай елдімекен тұрғындарына жаңа әліпбиді өз бетінше үйренуге мүмкіндік береді. YouTube-та қолжетімді оқыту сипатындағы 2D бейнеролик әзірленіп, сонымен қатар облыс тұрғындары «Бүгінгі ой», «Латын-караоке», «Латын субтитр», «Мақалды жалғастыр» ак­цияларына белсенді қатысуда. Ресурстық орталық меншік нысанына қарамастан мекемелерге өтінімдер негізінде жоспарлы және жоспардан тыс тренингтер өткізіп келеді. Осы тектес шаралармен жыл басынан 2 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл ретте, ересек тұлға­лардың жаңа қазақ әліпбиінде жазу және оқу дағдыларын қалыптастыру, латыннегізді әліп­биде жазылған ақпа­раттарды визуалды түрде қабылдау, ішкі психологиялық кедергілерін жою мақсатында «Latynsha jazyp daǵdylanamyz» тренингіне облыс бойынша 66 мекемеден 1786 адам, оның ішінде Ресурстық тіл орталығы тарапынан 15 мекемеден 606 адам тартылды.Тренингтерге жергілікті атқарушы органдарға қарасты мемлекеттік мекемелердің, орталық атқа­рушы органдарға қарасты аумақтық департаменттердің, сот атқару жүйесінің, білім беру ұйымдарының, ЖОО мен кол­ледждердің, кітапханалар жүйесінің қызметкерлері де қатыс­тырылды. Жер, су, елді мекендер атау­ларының орысшаланып кеткені бұл аймақта да жиі кездеседі. Егеменді ел атанғалы солардың көпшілігіне тарихи атаулары қайтарылды. Ол үшін жергілікті тұрғындардың талабы бойынша қыруар жұмыстар атқарылғанын атап өткеніміз жөн. Дегенмен алда атқарылар істер де аз емес. Осы мақсатта маусым айының ортасында Қарағанды қаласында «Ономастика жұ­мыс­тарын ұйымдастырудың заңнамалық негіздері» тақы­рыбында об­лыстық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, аудандар мен қалалардағы, ауылдық округтердегі тіл саласына жауапты мамандар қатысты.Семинар-кеңес ономастика саласындағы жұмыстар жүргізу барысында ұстанатын басты принциптерді талдау, атау беру және оларды қайта атау кезінде жүзеге асырылатын шараларды түсіндіру, туындауы мүмкін мәселелерді шешу жолдарын бірлесе талқылау мақса­тында ұйымдастырылды. Бұдан бөлек қатысушыларға Орталық Қазақстандағы топо­нимдердің қалыптасу тарихы, өңірдегі кісі есімдерінен туын­даған жер-су аттары туралы толыққанды ақпарат берілді. Іс-шара барысында Қара­ғанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жө­ніндегі архив басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Т.Аршабеков, Қарағанды облысы әділет департаментінің нормативтік-құқықтық акті­лерді тіркеу бөлімінің басшысы Ә.Изатов, Бұқар жырау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мұратхан Айжан баяндама жасады.Семинар-кеңес барысында лекторларға көптеген сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерумен қатар халықаралық қолданыстағы тілдерді де үйрену бүгінгі заман талабына айналып отыр. Осыған орай мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны да белгілі. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар жүргізуге тура келеді. Осындай іс-шаралардың бірі Ресурстық тіл орталығы мен Қарағанды медицина университетінің ұйымдастыруымен наурыз айында Наурыз мейрамының қарсаңында университет базасында «Үштілді көшбасшы» интеллектуалдық байқауы өткізілді. Бұндай байқау Қара­ғанды мемлекеттік техникалық университеті және Қарағанды экономикалық университетінде де өткізілген болатын. Байқау­дың мақсаты – Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызме­тін сақтау, тілдің үштұғырлығы саясатын жүзеге асыру, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту. Бұл байқауға Қарағанды медицина университетінің бірінші курсынан 8 студент қатысты. Сынақ 4 кезеңнен тұрып, әр кезеңде тарих, салт-дәстүр, кино әлемі сияқты тақырып­тарда сұрақтар мен тапсырмалар үш тілде берілді. Байқаудың нәтижесі бойынша Ахметов Ерасыл Үштілді көшбасшы атанды. Екінші, үшінші орындарды Шәкір Дәулет пен Рахибаева Аружан иеленді. Осындай байқау алда Қарағандының басқа да жоғары оқу орындарында өткізу жопарланған. Бүгінгі күні жарнамалар ілінбеген қала түгіл, көшені де іздеп табу қиын. Өз тауарларын жылдам, тиімді өткізгісі келетін кәсіпорындар қызметтің осы түрін жиі пайдаланады. Оның жолына ешкімқарсы тұрып жатқан жоқ. Бұл қала үшін де тиімді дер едік. Мәселе соның қалай берілуінде. Жалпы безендерілуі өз алдына, көбінесе қазақша мәтіндерінде қателер көптеп кездеседі. Осындай кемшіліктермен күресу мақсатында Қарағанды облы­сының тілдерді дамыту жө­ніндегі басқармасының ұйым­дастыруымен, Қарағанды қала­сының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығы аясында рейд жүргізілді. Бақылау шарасының мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдеріне тіл туралы заңнама талаптарын түсіндіру. Ерікті қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан рейд барысында Қарағанды қаласының Зональная көшесінің бойындағы 17 нысан қамтылып, оның 5-еуінен қателік анықталды. Кәсіпкерлік нысандарының әкімшіліктеріне заңнама талаптарын, сондай-ақ көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі грамматикалық және стильдік қателерді түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, түзету мерзімі көр­сетілген ұсынымхаттар тапсырылды. Шара барысында мем­лекеттік тілде ақпараттың болмауы, қазақша мәтіндеріндегі стильдік қателер, ұлттық комиссияда мақұлданған латыннегізді әліпби мен оның емле ережелеріне қайшы келетін деректер кездесті.Ағымдағы айлық жұмысы облыс­тың барлық өңірлерінде жалға­сын тапты. Көшеде ілінген көрнекі ақпараттар мен жарнама­лар да жіберілген көптеген қателер түзетілді. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz