БАРЛЫҚ ҮМІТ – «БОЛАШАҚ» ТҮЛЕКТЕРІНДЕ

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бекітілгені мәлім. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған соң күрделі реформалар жасап, елімізді әлемдік аренада лайықты танытатын мейлінше білікті кадрлар қажет болғаны да түсінікті. Осынау биік мақсат бағытында посткеңестік мемлекеттер тарихында алғаш рет жастарға шетелде білім алу мүмкіндігі қарастырылды. Елбасының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан осынау маңызды бағдарлама арқылы сан алуан салада әлемдік өрке­ниет кеңістігіне лайықты көтерілгеніміз анық. Бүгінде «Болашақ» халықара­лық стипендиясының қанатын одан әрі кеңге жая түсу мақса­тында көптеген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Болашақ» бағдарламасын одан әрі дамыта түсу үшін Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен бұл бағыттағы жұмыстар да жылдан-жылға жандана түсуде. Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комис­сияның кезекті отырысында да көптеген жұмыстар талқыға түсті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин төрағалық еткен жиында биылғы жылы 134 қазақстандықтың шетелде білім алуға мүмкіндігі бар екендігі нақты айтылды. Тағайындалған стипендия иегерлері магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шет елдердегі үздік жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Олардың ішінде әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтетін студенттер де бар. Демек, бұл орайда еліміз­дің жарқын келешегі – «болашақтықтар» қолында деген қисынды байлам жасай аламыз. Яғни, аталмыш бағдарлама түлектері ел ертеңінің бүгінгіден де жарқын болуы жолында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі қоғам, әсіресе, жастар тарапы «болашақтықтардың» бағындырған биіктері туралы жете біліп, олардың әрбірінен үлгі-өнеге ала білсе, бұл елдің әу бастағы мақсат-мүддеге жете бастағанының айқын дәлелі. Осынау тақырыпқа негізделген алқалы жиын Елордасы – Нұр-Сұлтан төрінде өтті. «Болашақ» түлектерінің қаты­суымен өткен «Болашақ кеші – мен елім үшін не істедім?» атты шара «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы көпшілікті хабардар етуді, шетелдік оқу орындары туралы ақпарат таратуды көздеді. Шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген «Болашақ» түлектері өздерінің бағындырған биіктері мен жеке тәжірибесі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Жастарға берері мол осынау басқосуда спикерлер «Ситуативті қазақ тілі» үш томдық кітабының авторы Қанат Тасыбеков, қазақ­стандық белгілі шахматшы Дәрмен Сәдуақасов, Қазақтың мұнай геоло­гиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Мұнара және ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешовтер сөз алып, шетелдік дамыған жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру, алған біліміңді шыңдай бүгінгі заман талабы екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Халықаралық бағдар­ламалар орталығы» АҚ «Болашақ» стипендиясы мен әлемнің жетекші университеттеріне көптеген тегін шетелдік гранттар алу туралы пайдалы кеңестер берілді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып, кәсіби тұрғыдан жоғары деңгейге жете білген түлектердің бірқатарын әңгімеге тартқан едік.

Асқар МҰНАРА, Қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры:

ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ТАҢДАНЫСЫН ТУҒЫЗҒАН

– Мен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылындағы қазақ орта мектебін бітіріп шыққанмын. Ауыл баласымыз. Өзге де қатарластарым сияқты мемлекеттік білім грантын иеленем бе, жоқ па деген үрей болғаны рас. Өзімнің еңбекқорлығымның және ата-анамның тәрбие­сінің арқасы болар, 2000 жылы Алматы техникалық университетінің Мұнай-газ геология мамандығы бойынша білім грантын жеңіп алдым. Бұл – менің ең алғашқы жетістігім болатын. Жоғары оқу орнына түскеннен кейін алдыма үлкен мақсаттар қоя бастадым. Шетелде білім алғым келді. 2004 жылы мен Франция мемлекетінің грантын жеңіп алып, сонда оқып бакалавр-магистр атандым. Магистратураны бітірген соң, өз білімімді одан әрі жетілдіру мақсатында докторантураға түсуді жоспарладым. Сөйтіп, 2009-2012 жылдар аралығында еліміздегі «Болашақ» бағдарламасының грантын ұтып алдым. Осыдан кейін, Францияның ең бір керемет қалаларының бірі – Нансидегі Лотарингия университетінде өз білімімді жетілдірдім. 350 мың халық тұратын қалада 150 мың студент болды. Бір қарағанда, Ресейдің Новосибирск қаласындағы академия қалашығына ұқсайтын. 50-ден астам ғылыми зерттеу институты шоғырланған білім ордасында студенттер үшін барлық мүмкінішіліктер қарастырылған. Онда тек француздармен ғана емес, әлемнің түрлі елдерінен келген студенттермен тығыз араластық. Олардың барлығын Қазақстанның «Болашақ» халықаралық стипендиясы таңқалдыратын. Басқа мемлекеттерден келгендерде мұндай мүмкіншілік болған жоқ. Олардың көпшілігі жеке компаниялардың грантын иеленгендер немесе ата-анасының қаржысына оқып білім алып жүргендер. Сол кезде барып, «Болашақ» бағдарламасының қазақстандық жастарға зор мүмкіндік бергенін ұқтым. «Болашақ» бағдарламасы тек қазақстандықтардың ғана емес, өзге шетелдіктердің де біздің елімізге келіп білім алуына мүмкіндік туғызды. Мәселен, бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында біраз француз азаматтары кәсіби біліктілігін арттырып, еңбек етіп жүр. Меніңше, «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан мен Францияның арасындағы алтын көпір болды. 2012 жылы Отанға оралғаннан кейінгі жұмысым көптеген жобаларды басқарудан басталды. Сонымен қатар, еліміздің беткетұтар білім шаңырағы –Назарбаев университетінде Тау-кен ісін құру және жер қойнауларын зерттеу институтының жетекшісі болдым. Бүгінде аталмыш оқу орны бакалавр магистр мамандарын тәрбиелеп шығаруда. «Болашақ» бағдарламасымен оқығысы келетін жастарға айтарым – ешқашан қорықпаңыздар. Ең бастысы – алдарыңызға биік мақсат қоя біліңіздер. Сол мақсатқа бар күш-жігерлеріңізбен талпынсаңыздар сіздер бағындырмайтын биік болмайды. Беркін ТҰРҚҰЛОВ, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының кардиохирург дәрігері:

ӨМІРІМІЗГЕ СЕРПІЛІС СЫЙЛАҒАН

– Бала кезде нені арман­дамассың?! Әуел баста дипломат атанғым келді. Шетелдің атақты оқу орындарында осы мамандық бойынша білім алсам деген ойларым болды. Ал жоғары сыныпқа көшкенде саналы түрде шешім қабылдау қажеттігі туындады. Мен таңдаған мамандық – халыққа зор пайдасын тигізуі керек деп шештім. Содан көп ойлана келе, дәрігер болуға бекіндім. Өзім ауылды жерде көпбалалы отбасында өмірге келдім. Егістік алқабында қолымыздан кетпен түспейтін. Мектеп бітіріп жатқан тұста ата-анамның: «Оқығың келмесе ауылда қал. Осында да екі қолға бір күрек табылады, егін шаруашылығымен айналысасың», – дегені әлі күнге дейін есімде. Бірақ оқимын, ізденемін десем қарсы келмей­тіндіктерін жеткізді. Содан көп ойланып қайтсем де жоғары білім аламын деп шешім қабылдадым. Мүмкіндігінше, жас кезде білім алуға барынша талпынуымыз керек. Бұл әрбір жас өскіннің ең бірінші, әрі маңызды қағидасы болуға тиісті. «Болашақ» менің өміріме серпіліс берген бағдарлама десем артық айтқандық емес. Бастапқыда, «Болашақ» бағдарламасына мен сияқты ауыл балалары түсе алмайтын шығар деп ойладым. Бірақ, мен «Болашақ» грантын жеңіп алғанда менен бақытты адам болған жоқ. Ауылдан таяқ тастам жер ұзамаған баланың, Мәскеуге «білім аламын» деп өмірінде алғаш рет ұшаққа мінгені де қызық еді. Сонымен мені асқақ арман жетелеп, Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы жүрек қан тамырлары ғылыми зерттеу орталығына алып келді. Онда екі жыл білім алдым. Сонда бізге басқа елдердің азаматтары: «Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетілсе, онда сендер шынымен де бақытты елдің ұрпағы екенсіңдер», – деп қызыға да, қызғана да қарайтын. Тек студенттер ғана емес, білім алып жүрген жоғары оқу орнының профессор, академиктері де бізге «арнайы байқаудан өтіп, жеңіп шыққан талапты балалар» деп ерекше ықылас білдіретін.Оқуымды аяқтағаннан кейін, Алматы қалалық перинатология және балалар кардиохирургиялық орталығынжа жұмыс істей бастадым. «Болашақ» арқылы бітіріп келіп еліміздегі денсаулық саласының ілгерілеуіне шама-шарқымызша үлес қосып келе жатқан жайымыз бар. Дәрігер өміріндегі ең алғашқы баспалдақтар – келешекте кәсіби маман ретінде қалыптасуыңа зор ықпалын тигізері анық. Өзімнің ең бірінші ота жасаған күнім ешқашан есімнен кетпейді. Кішкентай баланың, оның ата-анасы мен өзіңнің алдыңдағы жауапкершілікті сезіну – өте үлкен міндет жүктейді. Маманға бойдағы білімімен қатар, өз-өзіне деген сенімділік пен жүректілік талап етіледі. Жүректі тоқтатып қойып, күрделі оталарды 5-6- сағатқа дейін жасап жатамыз. Сонда барлығы сәтті аяқталып, бала сауығып, аяғынан тік тұрғанын көргенде, өз мамандығымды бекер таңдамаған екенмін деп қуаныш­қа бөленемін. Ата-анасы шынайы ризашылығын білдірген кезде бір сәтке өзіңді нағыз батырдай сезініп кетесің. 2012 жылдан бас­тап күні бүгінге дейін, 400-ден астам баланың жүрегіне ота жасап, өмір сыйлаппын. Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz