МИГРАНТТАР ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ТЕРІС ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Шет мемлекеттерден келген арзан жұмыс күшінің Қазақстанның еңбек нарығына тигізіп отырған теріс ықпалын жан-жақты зерттеу қажет. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылымында депутат Кәрібай Мұсырман айтты. «Қазақстанға жыл сайын жақын және алыс шет елдерден ағылып келетін еңбекші мигранттар саны азаяр емес. 2018 жылы ішкі істер органдарында жұмысқа орналасу үшін 461,5 мың адам тіркелген. Бұған қоса жеке сапармен келген 1 миллион 277 мыңдай адамның және турист ретінде тіркелген 96,5 мыңдай адамның елеулі бір бөлігі елімізде заңсыз жұмыс істеген еңбекші мигранттар екендігі анық. Ал еліміздегі жұмыссыздық деңгейі, Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі үш жылда еш өзгермей, 4,9 пайызды құрап, өткен жылы жұмыссыздар саны 443 мыңнан асқан. Демек, шет мемлекеттерден келген арзан жұмыс күшінің Қазақстанның еңбек нарығына тигізіп отырған теріс ықпалын жан-жақты зерттеп, зерделеп, тиісті шешімдер қабылдау қажет», – деді депутат. Осы орайда, Үкімет артық жұмыс күші бар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына ерікті түрде қоныс аударуды қолға алып отырғандығы мәлім. «Сонымен қатар, шет елдерде тұратын бірнеше миллион этникалық қазақтар атамекендері – Қазақстанға көшіп келуді армандайтындығы белгілі. Алыстағы ағайындардың өздерінің тарихи Отанына оралу жолындағы бірталай бөгесіндер алынғанымен, ұлы көштің қарқынын тежеп тұрған кедергілер толық жойылған жоқ. Міне, осындай ішкі және сыртқы көші-қон процестерін заңдық тұрғыдан реттеуді қажет ететін көкейкесті мәселелері аз емес», – деді Кәрібай Мұсырман. qazaquni.kz