ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ – Президент Әкімшілігінің Басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғымен Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

«Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президенті Әкім­шілігінің Басшысы болып тағайындалсын, ол Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылсын», – делінген Жар­лықтың мәтінінде.

Бұған дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарған Қырымбек Елеуұлы Алаштың анасы атанған Сыр елін басқару барысында ауқымды істер атқарып, туған елінің тұғырын биіктетіп, абыройын асқақтатқан азамат!

Сондай-ақ, әр жылдары білім, денсаулық және спорт саласындағы министрліктерді басқару арқылы Тәуелсіз Қазақ­стандағы барлық саланың жілігін шағып, майын ішкен мемлекет және қоғам қайрат­кері. Сонымен қатар, Қазақ­стан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқара отырып ішкі және сырт­қы саясаттың да қыр-сы­рына қаныққан мемлекеттік қызметкер.

ҚР Президенті Әкімшілігінің тізгінін ұстаған Қырымбек Елеуұлы­ның алдағы істеріне сәттілік тілей отырып, егемен еліміздің еңсесін тіктеу жолындағы жұмыстарына жеміс тілейміз!