Арыстағы жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты

Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласында екі адамның қаза тапқаны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Мемлекет басшысы Арыс қаласындағы оқиға орнына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берді. Тиісті шаралар ұйымдастырылып, Арыс тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өкінішке орай, қаза болғандар бар: бір азамат және бір әскери қызметші. Туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі", - деді премьер-министр үкімет отрысында.

Еске салайық, 24 маусымда таңғы уақытта Арыс қаласының маңындағы әскери қойма территориясында снарядтар жарылған. Тұрғындар жаппай қаладан шығып кетіп жатты. Кейін қала толықтай эвакуацияланды.

Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде "Қауырт желісі" жұмыс істейді - тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72.

Кейін Арыс қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барып, атқарылған жұмыстармен танысып, зардап шеккендермен кездескен еді.